
Орал қаласында қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Жоба аясында балаларға арналған ойын алаңы, ересектер мен жастарға арналған воркаут-аймақ пен спорт алаңы, зейнеткерлерге отыратын орындары бар тыныш жер көзделген. Сондай-ақ аумақты көгалдандыру да жоспарланған. Бұл жұмыстардың басты міндеті — тұрғындарға жайлы орындар құру әрі бұқаралық спортты дамыту. Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары қаланың әр аймағында, кенттер мен шағын аудандарда жүзеге асады.
Биыл қалада 20 көпбейінді спорт алаңын салу жоспарланды. Олардың бірқатары басталып кетті. Қала әкімі Абат Шыныбеков осындай екі құрылыс нысанында болып, жұмыс барысымен танысты. Бұлар — Есенжанов көшесі, 1/1 үйдің және Абай даңғылы, 119 үйдің аулаларындағы кешенді спорт және балалар ойын алаңдарының құрылысы. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырған мердігер мекеме — «Жайық сити» ЖШС. Аталған мекеменің директоры Мереке Молдағалиев шаһар басшысына қос нысанның құрылыс барысын мәлім етті.
Абат Шыныбеков спорт және балалар ойын алаңдарының ең алдымен қауіпсіз болуы шарт екенін жеткізді. Сондай-ақ құрылысқа сапалы материалдар қолдану қажеттігін атап өтті. Мердігер мекеме мен қалалық әкімдіктің тиісті бөлімдеріне аумақты көгалдандыру, айналаға бардюр орнату, жақын маңдағы көлік тұрағын басқа жерге ауыстыру сияқты тапсырмалар жүктеді.
Қала әкімі нысандарды аралау барысында ПИК өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен тілдесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Оларды аулаларын күтіп-ұстау жұмыстарына белсенді араласуға шақырды.