
Шаһарда жастарды ұлттық спортқа баулитын «Орал спорт клубының» ат спорты түрлері бойынша бөлімі пайдалануға берілді.
Ұлттық спорт бөлімінің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, «Qazaq kuresi» ассоциациасының басқарушы директоры Ербол Мырзабосынов, «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, қазақ журналистикасының қайраткері, қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиев қатысты.
– Бүгін маңызды күн, тарихи сәт десек болады. Қазақта «Ер қанаты – ат» дейді. Қазақтың дәстүрінде де, тарихында да жылқы малының орны ерекше. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ең алдымен атқа міну мәдениетіне басымдық береді. Бүгін міне жарты жыл бұрын ойға алған жоспар орындалып отыр. Бұл біріншіден оқушыларымызды, жасөспірімдерімізді қасиетті жануар – атқа жақындатудың алғашқы қадамының бірі болса, екіншіден өңірімізде ат спортын жоғары деңгейде дамыту болып табылады. . 300 мыңдай тұрғыны бар облыс орталығында «Ат спорты түрлері бойынша бөлімнің» ашылуы – біз үшін үлкен мүмкіндік. Осы спорт түрлерінен жұлдыздарымыз жарқырап шығады деген сенімдеміз, – деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.
Жеке кәсіпкер Ақылбек Ишанов осыдан бірнеше жыл бұрын «Бортау» ауданынан жер алып, инфрақұрылым жасақтап, «Ишанов» жеке кәсіпкерлігін ашқан. Бүгінде бұл орынға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Орал спорт клубының» бөлімі ретінде қолданылмақ. Мұнда жастар «Аударыспақ», «Көкпар», «Теңге алу» «Жамбы ату» сынды ұлттық ойындарды үйренеді.
Ат спорты түрлері бойынша бөлімнің лентасын жеке кәсіпкер Ақылбек Миразатұлы мен Бәйтерек ауданы қазақ күресі федерациясының президенті Нұрлыбек Хайруллин қиып, қонақтар кешенді аралап көрді.
Қазіргі таңда жас шабандоздармен әр спорт түрі бойынша жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Жасөспірімдер арасында ат спортына қызығушылық өте жоғары көрінеді. Сондықтан қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі осы бағыттағы жұмысты әрі қарай дамыта бермек.
– Бөлімде ұлттық спорттың 4 түрінен: аударыспақ, көкпар, жамбы ату, теңге ілуден жаттығу жұмыстары жүргізілетін болады. Спорттық база барлық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді. Әр үйірменің жаттықтырушылары да бар. Үйірмеге 7-9 жастан жоғары ұл-қыздар қабылданады. Қазіргі таңда облыстық додаға «Орал қаласының құрама командасын» шығаруға дайындық жүріп жатыр,– дейді Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев.