
2020 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жоспарына сай балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру, дарынды балаларға қолдау көрсету, театр өнеріне қызығушылығы жоғары жас буынға жол ашу мақсатында мәдени-ағарту бірлестігінің жанынан «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры құрылды.
Бүгін Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында аталмыш театрдың прьемерасы А.Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісімен ашылды.
Жаңа маусымның ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қатысып, театр жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ шара барысында КСРО Халық әртісі А.Әшімовтің, ҚР Театр Қайраткерлер Одағының төрағасы Т.Жаманқұловтың, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театры және Ақтөбе қаласының "Алақай" қуыршақ театры ұжымдарының жолдаған құттықтаулары мен лебіздері көрсетілді.
«Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрының көркемдік жетекшісі -А.Тулепбергенова. Ал премьералық қойылымының қоюшы режиссері ҚР Президентінің «Құрмет грамотасының» иегері, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртісі - Самал Абуов.Қысқа мерзімнің ішінде ұсынылған прьемерада өнер көрсеткен балалар рөлдерін жоғары дәрежеде сомдап, өз шеберліктерін танытты. Театр жыл соңына дейін 3 қойылымды көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр.