
Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын тойлау бойынша мәдени көпшілік іс-шаралар жоспары жасақталған болатын. Алайда эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймаққа енуіне байланысты жоспарланған барлық іс-шаралар онлайн режимде өткізілуде.
Бүгін Жастар мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «НАУРЫЗ - ЖАҢА КҮН» атты театрландырылған мерекелік онлайн концерт өтті.
Мерекелік шара Күн, Көктем, Қыдыр ата сияқты кейіпкерлердің қойылымымен ашылып, мерекелік концертке ұласты.
Шараға Орал қаласының әкімі Абат Абайұлы Шыныбеков қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен құттықтады.
Мерекелік онлайн концертте «Алаш» этно-фольклорлық ансамблі қазақтың әсем күйлерін нақышына келтіре орындаса, «Салтанат» би ансамблі көздің жауын алар ұлттық киімдерімен ырғала биледі.
Кеште «Әуен» ән үйірмесі, «Қарақат» мектеп-студиясы және «Терме» үйірмесі, вокалды-аспаптар ансамблінің әншілері өнер көрсетті.