
Жаңа пәтер кілттері Зашаған кентінің Бірлік көшесіндегі көпқабатты үйлерден берілді. 9 қабатты күйдің 86 пәтері тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтарға берілсе, қалғанын «Отбасы банкі» салымшылары алды.
Осындай қуанышты күні қоныс иелерін құттықтаған қала әкімі Абат Шыныбеков мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне тоқталып, жаңа баспана иелеріне құтты болсын айтты.
- Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Бүгін міне жер-жаһан жаңарып,еліміз қыстан аман-есен шыққан шақта, халқымыздың ұлық мейрамы қарсаңында тағы бір қуанышты сәт орын алғалы тұр. Орал қаласының Зашаған кентіндегі 9 қабатты зәулім тұрғын үйдің ашылуы - өңіріміздегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігінің тағы бір дәлелі.Бүгінде еліміздегі тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының арқасында осындай заманауи көпқабатты үйлер салып, тұтас аудандарды құруға болады. Зашаған кентінде мемлекеттік бағдарламалар аясында көпқабатты үйлер салынуда, осыған орай тұрғындар саны жылдан-жылға артуда. «Қадамдық қолжетімділік» аясында тұрғындарды әлеуметтік қызметтермен қамтуға көңіл бөлудеміз. Алдағы уақытта кент аумағында жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер маңында әлеуметтік нысандар, балабақша, мектеп, спорт нысандары мен алаңдары салынатын болады.Біз бүгін 117 пәтерлік жаңа үйдің кілттерін пәтерлерін асыға күткен иелеріне табыстағалы тұрмыз.Барша қуаныш иелерін шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңызда әрқашан жақсылық, бақ-береке орнасын деп тілеймін,-деді шаһар басшысы Абат Абайұлы.
Тұрғын үйде бір бөлмелі – 36, екі бөлмелі – 54, үш бөлмелі – 27 пәтер бар. Көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарын «Құрылыс Тайм Контракт» ЖШС жүргізген.