
Олимпиаданың іріктеу кезеңіне қала мектептерінен 1199 оқушы қатысқан. Олардың 89-ы облыстық кезеңде бақ сынап, 62 оқушы жүлделі орыннан көрінді. Орал қаласы командалық есепте облыс бойынша 1 орын иеленді.
Салтанатты шараға қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, республикалық кезеңге жолдама алған жас өрендерге сәттілік тіледі.
–Бүгінгі сіздермен кездесудегі мақсатым - қаламыздағы білім сайыстарының майталмандарымен танысу болса, екіншіден Республикалық олимпиадаға жолдама алып, үлкен додаға қатысқалы отырған, білім көшбасшыларымен жақынырақ әңгімеселіп, ой бөлісу.Өздеріңізге мәлім, елдегі білім ордалары эпидемиологиялық жағдайға орай қашықтан оқыту форматына көшті. Ұлт болашағы – ұрпақтарымыздың денсаулығын сақтау мақсатында қатаң санитарлық шектеулерге қарамастан қашықтан білім алып, үйде оқыдыңыздар. Жетістікке жету жолында жаңалықты жатсынбай қабылдап, оқуды үлкен жетістікке жеттіңіздер. Білім бәсекесінде оқ бойы озып шықтыңыздар.Осы отырған бәріңіз нағыз үздіктің үздігі, мыңның бірі деп білемін. Себебі сіздер біліммен қоса қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүрсіңдер. Облысымыздың намысын қорғамақшы жас білімпаздар, мектеп мақтаныштары, олимпиада жүлдегерлеріне республикалық кезеңде де алдыңғы қатарлардан көрінеді деп сенім білдіреміз. Білім шыңының биігінен көрініңіздер,- деді шаһар басшысы Абат Абайұлы.
Салтанатты шара барысында қала әкімі олимпиада үздіктері мен оларға білім берген ұстаздарын алғыс хаттармен марапаттады.
Оқушыларға ерекше рух беріп, күш-жігер сыйлайтын кереметтей кештің куәсі болған Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Айназ Есекеш ұйымдастырушыларға жылы лебізін білдірді.
– Уақыттың бағалы кезеңінде талабы таудай шәкірттерді жігерлендіретін, шабыт сыйлайтын кездесу ұйымдастырғаныңызға алғыс білдіремін. Мақсатым айқын, бағдарым анық, мектеп түлегі ретінде арманым – Әл-Фараби Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің студенті атану.Әрбір адамға білім беріп, мамандық таңдаумен қатар өмір жолына бағыт беретін – ұстаз. Осы орайда пән олимпиадасына дайындаған ұстазыма және мектеп әкімшілігіне рақметімді айтамын, – деді.
Айта кетейік, қала мектептерінен республикалық кезеңге жолдама алған 26 оқушы сәуір айында өтетін білім додасында облыс намысын қорғайды.