
Соның ішінде мемлекеттік тілдегі жарнамалардан олқылықтарды көп көретініміз рас. Бүгін осы мақсатта Орал қалалық мәдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қала әкімдігінде көрнекі ақпараттарда, жарнама мәтіндерінде Тіл туралы Заңның сақталуы, халыққа қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілдің қолданысын жақсарту бағытында тіл жанашырларымен кездесу өтті. Алдымен Орал қаласы бойынша мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейту бағытында жүргізілген жұмыстар жөнінде қалалық мәдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев баяндама жасады. Кездесу барысында Батыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі қоғамы» төрағасы Алтынбек Абдулманов көрнекі ақпараттарда, жарнама мәтіндерінде тіл туралы заңның сақталуы, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» облыстық филиалының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Өтеғалиұлы көрнекі ақпараттарға қойылатын қазіргі заманауи талап жайында, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртай Текебаев сынды тіл жанашырлары өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынға қатысушылар жарнамадағы қателіктер көбіне қазақ əліпбиінің төл дыбыстарынан кететінін жəне өзге тілден тікелей аударма жасау салдарынан болатынын алға тартты. Сондықтан мұндай көпшіліктің көз алдына шығарылатын жарнамаларды назарға ұсынарда арнайы мамандардан нұсқау алу ешқашан да артық етпейтінін жеткізді.