Орал қаласының әкімі А.Шыныбековтың Жаңа жылмен құттықтауы

Орал қаласының әкімі А.Шыныбековтың Жаңа жылмен құттықтауы

Құрметті оралдықтар және қала қонақтары!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жылды әр адам үкілеген үмітпен, ақ тілекпен күтеді. Бұл өткенімізді саралап, келешекті бағамдайтын маңызды сәт.

Өткен 2020 жыл әлемді шарпыған коронавирус пандемиясына қарамастан, Орал қаласы үшін табысты жыл болды.
Биыл қаламызда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп, көптеген әлеуметтік нысандар ашылды. Бірқатар көшелердің жолдары күрделі жөндеуден өтті. Қаланы көгалдандыру, аулаларды абаттандыру жұмыстарында оң өзгерістер бар. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асты. Білім беру, мәдениет, спорт салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Мәдени мұраға тиісті қамқорлық жасалуда.

2020 жылы барлық салада да даму байқалып, оң нәтижелерге қол жеткіздік. Қаланың бұл табыстарында әрқайсыңыздың үлестеріңіз бар. Күрделі кезеңде тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында бар күш-жігерімізді біріктірдік. Тосыннан келген кеселдің халық маңыздылығын түсініп, жұдырықтай жұмылды. Баршаңызға жасампаз еңбектеріңіз бен елге деген жанашыр ниеттеріңіз үшін ризашылық білдіремін.

Қадірлі ағайын!

Жаңа жылда барлық асыл армандарыңыз орындалсын! Әр отбасыға амандық, бақ-береке, мол табыс тілеймін! Шаһардың құты мен ырзығы арта берсін!

Жаңа жылдарыңызбен, жерлестер!