
Қала әкімі Абат Шыныбеков құттықтау сөз сөйлеп, өткен жылдар ішінде шаһарымыздың жеткен жетістіктерін айтып, атқарылған басты жұмыстарды атап өтті.
- Сіздерді еліміздің ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз тарихи дамудың жаңа белесіне көтерілді. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманының жүзеге асқанына биыл 29 жыл болды. Қазақстан серпінді дамыған ел ретінде әлемдік аренадан өз орнын еншіледі. Бұл қазақстандықтардың қажырлы күш-жігері және тынымсыз еңбегінің арқасы деп білеміз. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің қаламыз үздіксіз даму үстінде. Әлеуметтік-экономикалық ахуалы артып, қалада құрылыс қарқын алып, көптеген нысандар бой көтерді. Аз уақытта жаңа шағын аудандар салынып, көне шаһарымыз көркейіп, абаттандырылды. Елдік пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен ырыс-береке, игі бастамаларыңызға толағай табыстар тілеймін. Егемен еліміз бейбітшілік пен ұлтаралық келісім аясында өркендеп, гүлдене берсін! - деді.
Салтанатты жиында Тәуелсіздік күніне орай "Орал қаласының құрметті азаматы" атағын табыстау рәсімі өтті. Қаланың құрметті азаматы атағы Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Айтқали Нәріковке, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы Білім беру саласының құрметті қызметкері» Мақсот Бергенге, «ҚазАрмапром»ЖШС бас директоры Станислав Качалоға берілді.
Тәуелсіздік мерекесіне орай түрлі салаларда аянбай еңбек етіп, өз лауазымдық міндеттерін мүлтіксіз орындап жүрген азаматтар жұмыс барысында қол жеткізген табыстары мен жоғарғы көрсеткіштері үшін Батыс Қазақстан облысының және Орал қаласы әкімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталады.
Сондай-ақ өз салаларында жемісті қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарға мерекеге орай қала әкімінің атынан Алғыс хаттар табыс етілді.