
Қадыр Мырза Әли орталығында «Орал» футзал командасының таныстырылымы және «Ақжайық» футбол клубы әнұранының тұсаукесері өтті. Іс-шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, спорт жанашыры, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Асқар Наметов және спорт ардагерлері қатысып, жас спортшыларға ақ тілектерін білдірді.
«Ақжайық» футбол клубы @fcakzhayik 1968 жылдың 21 сәуірінде тұңғыш рет ойын алаңына шыққан еді. Әр уақытта «Уралец», «Нарын», «Батыс» сынды атаулары болған.
2015 жылы Бірінші лига чемпиондары, 1998, 2002, 2009 жылдары күміс жүлдегер, 2019 жылы қола жұлдегер атанып, жанкүйерлерін қуантып жүр.
Іс-шара кезінде биылғы жылдың қорытындысы бойынша үздіктер марапатталды. Онлайн дауыспен «Жылдың үздік ойыншысы» аталымын Руслан Хаиров жеңіп алды. «Маусымның жаңа есімі» номинациясы Рысбек Қоңыровқа бұйырды. Ал футбол орталығының бапкері Арыстан Құлтаев «Үздік бапкер» атанды. Спорт ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, алғыс хат ұсынылды. Сондай-ақ футбол клубы әнұранының тұсауы кесілді. Әнұранның сөзін Қуаныш Қисметов пен Абдул Рахым, әнін Ербол Ақбасов жазған.
Ал жаңадан құрылған «Орал» футзал командасының мүшелері облыс бойынша 100 жас футболшылар арасынан іріктелген. Үздік 15 жас команда қатарына қабылданды. Іс-шара барысында оларға формалары табыс етілді. Команда жаттықтырушысы – Досхан Әубекеров.