
Орал қаласына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Зашаған кентіндегі арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында орналасқан «Ашық әкімдіктің» филиалын аралады. Қала әкімі Абат Шыныбеков агенттік басшысына «Ашық әкімдік» жобасының жұмысын таныстырды.
Аталған филиал биыл қаңтар айында ашылған болатын. Мұнда қала әкімі аппаратының кеңсесі, жер қатынастар бөлімі, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне қатысты мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар қосымша кеңес беру бұрыштары да ашылған. Тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының, Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің кеңесшілері мен жер және тұрғын үй кезегі бойынша кеңесшілер қабылдайды. Жалпы Орал қаласы бойынша «Ашық әкімдік» 2020 жылы 18 мыңның үстінде мемлекеттік қызмет көрсеткен.
Алик Шпекбаев «Ашық әкімдікті» аралау барысында қызмет алушы тұрғындармен тілдесіп, олардың аталған жобаға қатысты ой-пікірлерін білді.