Деркөл ауылында үш балалар алаңы салынды

Деркөл ауылында үш балалар алаңы салынды

Биыл Деркөл кентінің тұрғындары қала әкімі Абат Шыныбековпен кездесу кезінде кент аумағына балалар ойын алаңдарын салу мәселесін көтерген болатын. Аталған мәселе шешімін тауып, Деркөл кентінде үш балалар ойын алаңы бой көтерді.
Ветелки, Новостройка ауылдары мен Үміт шағын ауданына ойын алаңдарын мердігер «Бизнес-строй» ЖШС салған.
Бүгін аталған нысандарда қала әкімі Абат Шыныбеков болып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
«Деркөл кентінде 6 ай бұрын ғана жергілікті әкімдік құрылды. Бүгінде міне, әкімдік жергілікті тұрғындардың сұрауын қанағаттандырып, кент аумағында үш балалар ойын алаңы салынды. Жалпы қаладағы кез-келген шағын ауданда, кенттерде тұрғындардың тынығуы үшін мүмкіндіктер жасалуы керек. Біз осы бағытта жұмыстанудамыз. Яғни, қаланың әр аумағында балалар мен спорт алаңдарын, Street Workout-тар, тынымбақтар мен гүлзарларды, спорт кешендері мен мәдени орталықтарды салып жатырмыз. Бұдан бөлек, қаладағы көпқабатты үйлердің аулалары жөнделіп, абаттандырылуда. Біз аз қабатты тұрғын үйлердің секторын да назардан тыс қалдырмаймыз. Деркөл кентінде бой көтерген балалар ойын алаңдары осының айғағы», — деді қала басшысы.
Абат Абайұлы сондай-ақ бұл жұмыстарды жүргізуге тұрғындардың бастамасы да аса маңызды екендігін атап өтті. Қала басшысының айтуынша, алдағы жылдан бастап ауланы абаттандыруды жобалауға сол жердің тұрғындары қатыса алады. Жоба аясында осы алаңдарды көгалдандыру, жарықтандыру сияқты жұмыстар жүргізуге болады.
Қала әкімі тұрғындардың кентті одан әрі дамыту бағытындағы ұсыныс-тілектерін тыңдап, алдағы жұмыстар барысында ескерілетінін жеткізді.