
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласында мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар есебінен бой көтеріп жатқан бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысын тексерді.
О.Исаев көшесінде 64 пәтерлік 9 қабатты баспананың екінші қабаты салынып жатыр. Жобаға сәйкес нысан айналасы абаттандырылып, балалар ойын алаңы, демалыс аймақтары мен арнайы автотұрақпен қамтамасыз етіледі.
Ғ.Тоқай көшесінде Реновация бағдарламасы аясында салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің орнында 5 апатты баспана болған еді. Тұрғындардың бір бөлігі жаңа пәтерлерге қоныс аударып үлгерсе, қалған отбасыларға осы үйден пәтерлер беріледі. Құрылыс алаңында 50 жұмысшы еңбек етуде. Қажетті материалдар жеткілікті, отандық өнімдерге басымдық берілген.
Қ.Аманжолов көшесіндегі 7 қабатты үй де Реновация бағдарламасы аясында бой көтерді. Мұнда құрылыс жұмыстары аяқтала келген. Аумақ абаттандырылып, жауын-шашын суын ағызатын арық жүйесі іске қосылады.
Облыс әкімі Н.Некрасов көшесіндегі тұрғын үй құрылысын да көріп, аумақты жарықтандыру қажеттігін айтты. Осы маңдағы демалыс орнында тұрғындармен тілдесті. Тынымбақта вандализм әрекеттерін байқаған аймақ басшысы құзырлы құрылымдарға бейнекамералар орнатуды және құқық бұзушылыққа қарсы профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды. Қала тұрғындарын да тазалықты сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға белсене атсалысуға шақырды.
Жәңгір хан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдегі бизнес нысанының қасбеті заманауи үлгіде қапталып, айналасы ретке келтіріліп жатыр. Аумақта жаяу жүргіншілер жолы мен автотұрақ жаңғыртылуда. Зачаган кентіндегі 9 қабатты, 208 пәтерлік үйдің құрылысы аяқтала келген, қазір абаттандыру шаралары жүруде. Нариман Төреғалиев ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін пандустарды ескерусіз қалдырған мердігерге қатаң ескерту жасады.
Аймақ басшысы заң талаптарына сәйкес әрбір нысан бойынша компанияларға құрылысты сапалы орындауды, аумақтарды толықтай абаттандыруды және көгалдандыруды міндеттеді.