
Бүгін Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Жастар мәдениет үйінде өткен ұстаздар күніне орай "Ұлылықтың кемеңгері - ұлы ұстаз!" атты мерекелік шараға қатысып, үздік ұстаздарды марапаттады. Салтанатты іс-шарада қала әкімі педагогтарға мемлекеттік қолдаудың арқасында қоғамда ұстаз мәртебесі мен рөлінің артып келе жатқанын, мұғалімдердің білім беру саласындағы табысты жетістіктерін атап өтті. «Бүгінде Орал қаласында жас ұрпаққа білім мен өнегелі тәрбие беру ісімен 7212 ұстаз айналысады. Қаланың білім беру мекемелерінде 9 - Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, 5-ҚР Білім беру ісінің үздігі, 5-ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, 1-Ерен еңбегі үшін марапатталған педагогтарымыз жемісті еңбек етіп келеді. Биыл қаланың білім беру ұйымдарына 126 жас маман қабылданды. 2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға артатын болады. Бұл - ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау» деп атап өткен қала әкімі А.Шыныбеков ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, толайым табыс тіледі.
Іс-шара барысында қала әкімі А.Шыныбеков өз саласында білімділігі мен шеберлігін қатар ұштай білген білікті мамандарға Орал қаласы әкімінің арнайы сыйлығы - "Орал қаласының құрметті педагогі" атағы үшін 100000 теңгелік сертификаттар мен Алғыс хаттарды табыстады, сонымен қатар БҚО Білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Мерекелік шара әсем ән, сазды әуен, мың бұралған бимен жалғасын тапты.