
Қала күні мерекесі қуанышты жаңалықтармен жалғасуда. Бүгін Зашаған кентінің Сарытау және Арман шағын аудандарында мемлекет қолдауымен салынған жаңа алаң тұрғындар игілігіне берілді.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, тұрғындарды қала күні мерекесі және жаңа спорт алаңының ашылуымен құттықтады.
- Құрметті жерлестер! Баршаңызды қала күні мерекесі және жаңа спорт алаңдарының ашылуымен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Балаларымыз осылай әрқашан қуанып жүрсін. Орал - жасыл қала. Орал - батырлардың қаласы. Енді шаһарымызды спортшылардың қаласы атану үшін үлес қосуымыз қажет, - деді шаһар басшысы Абат Абайұлы.
Жаңа спорт алаңында жасанды төсемелі спорттық ойын алаңы және балалар ойын алаңы, Street workout құрылғылары орнатылып, спортпен шұғылдануға толық жағдай жасалынған. Сонымен қатар, алаңдарға бейнебақылау камералары орнатылыпты.
- Алаң үш айдың ішінде салынып бітті. Тұрғындарға, балаларға барлық жағдай жасалды. Тек тұрғындардан жақсылап күтіп ұстауды сұраймыз, - деді "Арман" шағын ауданындағы спорт алаңына жауапты мердігер мекеме басшысы Ысмағұл Мейірман.
Қос спорт алаңының құрылысын "Шамшын" ЖШС (Сарытау ш.а.) және
"Қазақстан Гигатрейд" ЖШС (Арман ш.а.) мердігер мекемелері жүзеге асырды. Президент жолдауында көрсеткен бағыттарды іске асыру аясында ашылған алаң құрылысын салуға жұмысшылар "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында алынған.
- Бүгін өзіміз үшін де, балаларымызға да қуанышты күн. Алаңға балалар келіп ойнаса, біз тынығу үшін келеміз. Қала әкімдігіне үлкен алғыс айтамыз, - деді кент тұрғыны Ермек Абдолов.