Қауіпсіз әрі жауапты цифрлық даму: Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды
Қазақстан «Жасанды интеллект туралы» алғашқы заңды қабылдай отырып, цифрлық технологиялардың қауіпсіз әрі жауапты дамуы жолында маңызды қадам жасады.
Қабылданған құжат жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік қызметтерге енгізуге мүмкіндік беретін жаңа құқықтық негіз қалыптастырады, адам құқықтарын, бостандықтарын және қадір-қасиетін сақтауды басты басымдық ретінде қарастырады.
Жасанды интеллект күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды: ол дәрігерлерге дұрыс диагноз қоюға көмектесіп, мемлекеттік қызметтердің жұмысын жеделдетеді, бизнес пен білім беру салалары үшін жаңа құралдарды жасайды. Маңыздысы – жасанды интеллект адамдардың орнына шешім қабылдамайды және оларға жасырын немесе әділетсіз түрде ықпал етпейді.
Жаңа заң әрбір азаматты қорғауға бағытталған ережелерді енгізеді. Адам жасанды интеллект жүйесі шешім қабылдауға қатысқанын білуге, егер автоматты түрде қабылданған шешім оның мүдделеріне әсер етсе, түсіндіруді талап ете алады. Сондай-ақ оның деректері тек заң аясында және қорғалуы арқылы өңделуі тиіс. Заң манипуляция жасайтын, адамның әлсіз тұстарын пайдаланатын, әлеуметтік рейтинг жүргізетін, эмоцияларды келісімсіз анықтайтын немесе деректерді заңсыз жинайтын ЖИ жүйелерін әзірлеуге және қолдануға тікелей тыйым салады. Осылайша мемлекет қауіпті технологиялық эксперименттерге жол бермей, цифрлық ортаға деген сенімді күшейтеді.