
Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру, азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға дайындығын арттыру, сондай-ақ өрт қаупі бар кезеңге дайындық мақсатында 2026 жылғы 28–29 мамырда М. Жұмабаев ауданының Чистовское ауылына жақын маңда «2026 жылғы өрт қаупі бар кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдарға МАҚЖ басқару органдарын, күштері мен құралдарын даярлау» тақырыбында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығуға жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкерлері, ҚР Қорғаныс министрлігі 99275 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де қатысты.
Оқу-жаттығу барысында өрт қаупі бар кезеңге дайындық мәселелері пысықталып, азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимыл алгоритмі нақтыланды, құлақтандыру, байланыс жүйелерінің, халықты эвакуациялаудың және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің дайындығы, аудандар мен ТЖ туындаған жерлерде коменданттық қызметті ұйымдастыру, эвакуацияланған халық пен материалдық құндылықтар орналасқан жерлерде қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері тексерілді. Табиғи және дала өрттерінің алдын алу, елді мекендерді қорғау, өрт қаупі бар жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізуді ұйымдастыру, сондай-ақ күштер мен құралдардың авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге дайындығы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша хлоры бар цистернаның шартты түрде аударылу салдарларын жою шаралары жүргізілді. Шараға Ресей Федерациясының Омбы, Қорған және Түмен облыстары өңірлерінің өкілдері қатысты.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің өрт қаупі бар кезең жағдайында ықтимал төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға дайындығы оң бағаланды.