Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – Республика күніне орай және адал еңбегі, жоғары кәсібилігі үшін Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкерлері Ақмола облысының әкімі М. Ахметжановтың атынан марапатқа ие болды.
Атап айтқанда:
«Алғыс хатпен» – Басқарма басшысының орынбасары Халел Әди Ахмарұлы марапатталды.
«Құрмет грамотасымен» – «Аумақтық, азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету және азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру қызметі» КММ кадрлар жөніндегі маманы Ережепова Қарлығаш Қанапияқызы марапатталды.
Әріптестерімізді заңды марапаттарымен құттықтаймыз! Отанға қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге береке, отбасыларыңызға амандық және жаңа кәсіби табыстар тілейміз!
Құрметті қазақстандықтар!
Сіздерді еліміздің басты ұлттық мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл күн – еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің, бірлігі мен ынтымағының символы. Отанымыздың өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолындағы әрбір еңбектің маңызы зор.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тілейміз!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Ізгі тілекпен,
Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы
2026 жылғы 9 қазанда Көкшетау қаласында Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы қала және аудан әкімдіктерінің жұмылдыру бөлімшелері қызметкерлерімен оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырды.
Жиын барысында жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру, аумақтық және азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша топтық сабақтар өткізілді.
Оқу сабақтарына Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, Төтенше жағдайлар департаментінің, 99265 әскери бөлімінің және Ақмола облысы әкімінің аппараты мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшесінің өкілдері қатысты.
Сабақтар барысында қатысушыларға жұмылдыру органдары қызметінің негізгі талаптары түсіндіріліп, заңнамаға сәйкес міндеттерді тиімді орындау үшін қажетті білім мен практикалық ұсынымдар берілді.
Мұндай оқу-әдістемелік жиындар мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға және жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс саласындағы жұмысты жетілдіруге бағытталған.
Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының лауазымды тұлғалары облыс әкімінің орынбасары М.С. Балпанның қатысуымен, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің төрағалығымен өткен Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысына қатысты.
Отырыста тиісті бағыттар бойынша өзекті мәселелер қаралып, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру және азаматтық қорғау саласындағы міндеттерді орындау мәселелері талқыланды.
Өңірлерді цифрландыру жылы аясында Ақмола облысының Мемлекеттік архивінде өткен семинарға басқарма қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында «Архивтік суреттің жаңа өмірі» және «QR-код – ақпаратқа жылдам қол жеткізу» тақырыптары қарастырылды.
Семинар архивтік фотосуреттермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдеріне, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға, сондай-ақ QR-кодтарды ақпаратқа жедел қол жеткізудің заманауи құралы ретінде қолдану мүмкіндіктеріне арналды.
3 қыркүйек 2026 жылы Ақмола облыстық шақыру комиссиясының отырысы өтті.
Отырысты облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі, полковник Р.Ж. Әміржанов жүргізді.
Жиынға аудандық және қалалық әкімдіктердің орынбасарлары – шақыру комиссияларының төрағалары, облыстың жұмылдыру дайындығы басқармасының, денсаулық сақтау басқармасының, Қорғаныс істері департаментінің және 5510 әскери бөлімінің өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – 2026 жылғы әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және өткізу.
Отырыс барысында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы, сондай-ақ әскерге шақыру науқанын сапалы өткізуге дайындық мәселелері қаралды.
Әскерге шақыру пункттерінің жай-күйіне ерекше назар аударылды. Бірқатар аудандарда жоспарланған жөндеу жұмыстарының әлі күнге дейін орындалмағаны немесе оларды жүргізу мерзімдерінің бірнеше рет кейінге шегерілгені атап өтілді.
Жиында шақыру пункттерін дайындау мәселесіне формалды көзқарасқа жол берілмейтіні атап өтілді. Нақты нәтижеге қол жеткізу, жауапты тұлғаларды айқындау және тапсырмалардың орындалуына тиімді бақылау орнату қажеттігі айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша аудандық және қалалық әкімдіктерге әскерге шақыру жоспарын толық орындау, шақыру комиссияларын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, шақырылушыларды тасымалдау мен жеткізуді үздіксіз ұйымдастыру, әскерге шақырудан жалтарып жүрген азаматтарды іздестіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге, шақыру пункттерін қалпына келтіру және тиісті деңгейде дайындау жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді.
Отырыс барысында айтылған барлық ескертулер мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
Әскерге шақыру науқанын сапалы өткізу – барлық жауапты органдардың үйлесімді жұмысын, нақты тәртіпті және қойылған міндеттердің уақтылы орындалуын талап етеді.
Ақмола облысында ағымдағы жылдың бірінші шақырылымы аясында жас әскери қызметшілерді әскери қызмет өткеру орнына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Қорғаныс істері департаментінде өткен салтанатты іс-шараға Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Нұрымұлы Оспанов қатысты.
Іс-шара барысында шақырылушыларға әскери қызметтің маңыздылығы мен Отан алдындағы жауапкершілігі түсіндіріліп, оларға сәттілік және әскери қызметті абыроймен өткеру тілектері білдірілді. Шақырылушылар үшін шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Жас әскери қызметшілер Шығыс Қазақстан облысына, оның ішінде Күршім ауданына аттанды. Онда олар шекара бөлімшелерінде әскери қызмет өткереді.
Бір күн бұрын Қорғаныс істері департаментінде ағымдағы жылдың бірінші шақырылымына қатысатын азаматтардың қатысуымен облыстық шақыру комиссиясының отырысы өтті. Отырыс барысында жастардың әскери қызметке дайындығы, денсаулық жағдайы, отбасылық және жеке жағдайлары, білім деңгейі және алдағы жоспарлары қаралды.
Комиссия мүшелері шақырылушылармен жеке әңгімелесіп, олардың әскери қызмет өткеруге дайындығын анықтады. Сондай-ақ оларға қысым немесе мәжбүрлеу фактілерінің, сондай-ақ әскери қызмет өткеруге медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығына көз жеткізді.
Сонымен қатар жастарға әскери қызметті аяқтағаннан кейін жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға мүмкіндік беретін сертификаттарды алу мүмкіндігі туралы ақпарат берілді.
Жас сарбаздарды шығарып салуға ата-аналары мен жақындары келді. Олар жастарға зор денсаулық, қайсарлық пен сәттілік тілеп, ақ баталарын беріп, ақ жол тіледі. Жолға шығар алдында шақырылушылар жақындарымен қоштасып, естелік суретке түсті.
Жас әскери қызметшілерге Отан алдындағы әскери борышын абыроймен орындап, елге адал қызмет етуіне және еліміздің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуына тілектеспіз. Дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге сәттілік және үйлеріңізге аман-есен оралуларыңызға тілектеспіз!
2 қыркүйекте Ақмола облысы әкімінің орынбасары Балпан Мұрат Сағатовичтің төрағалығымен «2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы» мәселе бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру және алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қатар 2026 жылғы 25–28 тамыз аралығында Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерінің, сондай-ақ тиісті аудандар әкімдері аппараттарының жауапты қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жүргізген көшпелі тексеру нәтижелеріне ерекше назар аударылды.
Көшпелі тексеру барысында гидротехникалық құрылыстардың, су өткізу жүйелерінің, қорғаныш бөгеттер мен үйінділердің техникалық жай-күйі және 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы бағаланды. Сонымен бірге су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысы зерделенді.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шараларды жеделдету және тиісті нысандардың алдағы су тасқыны кезеңіне уақытылы әрі сапалы дайын болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Негізгі мақсат — тасқын сулардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, ықтимал қауіп-қатерлерді азайту және төтенше жағдайлардың алдын алу.
25–28 тамыз аралығында Ақмола облысының бірқатар елді мекендерінде — Зеренді, Бурабай, Бұланды, Біржан сал, Ақкөл, Степногорск, Шортанды, Целиноград, Аршалы аудандары мен Қосшы қаласында су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысына тексеру жүргізілді.
Жұмыс тобының құрамында Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, сондай-ақ тиісті аудандар мен қалалар әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері жұмыс атқарды.
Тексеру барысында гидротехникалық құрылыстардың, су өткізу жүйелерінің, қорғаныс бөгеттері мен үйінділердің техникалық жағдайы және 2027 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы бағаланды.
Негізгі мақсат — су тасқыны суларын қауіпсіз өткізу, ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге су тасқынына қарсы іс-шараларды орындау қарқынын жеделдету, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою және тиісті нысандардың 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне толық дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.
Көктемгі су тасқынына дайындық — алдын ала жүргізілетін жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Жұмылдыру дайындығы — мемлекеттің елдің қорғанысы мен қауіпсіздігіне байланысты туындауы мүмкін төтенше жағдайларға дайын болуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын іс-шаралар кешені.
Бұл жұмыста жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. Әкімдіктер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұмылдыру жарияланған жағдайда азаматтардың әрекет ету тәртібі туралы ақпарат береді.
Әр азамат нені білуі керек?
Қазақстан Республикасының азаматтары тұрғылықты жері бойынша әскери есепте тұруға міндетті.
Сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен әскери билетті немесе әскерге шақыру учаскесіне тіркелгені туралы куәлікті уақтылы алуы қажет.
Шақыру алған жағдайда азамат жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Бұл оның әскери қызметке арналуын айқындау үшін қажет.
Жұмылдыру жөніндегі нұсқамалар мен шақыру қағаздарына ерекше назар аудару қажет. Егер азамат осындай құжатты алған болса, онда көрсетілген талаптарды орындауға міндетті.
Жұмылдыру жарияланған кезде не болады?
Жұмылдыру кезеңінде азаматтар заңнамада белгіленген тәртіппен әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
Сонымен қатар мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтар қажетті жұмыстарды орындауға тартылуы немесе арнайы құралымдардың құрамына қабылдануы мүмкін.
Заңнамада қорғаныс қажеттері үшін азаматтардың жер учаскелерін, ғимараттарын, құрылыстарын, көлік құралдарын және басқа да мүлкін пайдалану мүмкіндігі де көзделген. Мұндай жағдайда мемлекет олардың құнын белгіленген тәртіппен кейіннен тең дәрежеде өтейді.
Маңызды
Әскери есепте тұрған азаматтарға жұмылдыру жарияланған сәттен бастап тиісті жергілікті әскери басқару органы басшысының рұқсатынсыз тұрғылықты жерінен шығуға тыйым салынады.