
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасымен танысу мақсатында, бірқатар сауда орынына және «Нарық» орталық базарында апта сайын өтіп жатқан қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне барды.
Сауда нысандарын аралау барысында әкім орынбасары кәсіпкерлік субъектілерінің басшыларымен және әкімшілігімен кездесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның көтерілуіне жол бермеудің маңыздылығы туралы түсіндірме әңгіме өткізді.
Биыл облыстың қалалары мен аудандарында 200-ден астам жәрмеңке өткізілді, онда 1 933 тонна азық-түлік өнімдері (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, ет) нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен бағамен сатылды.
Облыста «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қоры жұмыс істейді (бұдан әрі - Тұрақтандыру қоры), аталған қорда азық-түліктің тоғыз атауы бойынша өнім сатып алынған: күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, бірінші сұрыпты ұн, күріш, қант және көкөніс тобы тауарларының төрт түрі: қырыққабат, пияз, сәбіз бен картоп.
Сонымен қатар, облыстың бірқатар ірі сауда дүкенінде азық-түлік әлеуметтік бұрыштары орналасқан, оларға тұрақтандыру қорынан жеткізілген өнімдер нарықтық бағадан төмен бағамен сатылады.
Әкім орынбасары кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемелерінің асып кетуіне жол бермеу туралы еске салды.
Облыста баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасуда, сондай-ақ бұл отырыстарда бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, тиімсіз делдалдарды анықтау және оларды алып тастау бойынша мәселелер қарастырылады.
Осы жылдың басынан бастап, облыстың Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тауарлық үстемені асырған 22 жеке кәсіпкерді жауапкершілікке тартты.
Жалпы, заңнамаға сәйкес сауда үстеменің рұқсат етілген шегінен асып кетуімен байланысты материалдар тиісті құзыретті мемлекеттік органдарға жіберіледі.