Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласының бірқатар нысанын аралады

Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласының бірқатар нысанын аралады

Алғашқы нысан «Жезқазған қаласының Облыстық балалар үйі» КММ болды. Балалар үйі 100 орындық. Қазіргі уақытта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, жетім, сондай-ақ орталық жүйке жүйесі зақымданған, ақыл-ой және дене дамуында ақаулары бар 3 жасқа дейінгі 54 бала тәрбиеленіп, мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуде.
Өңір басшысы балалар үйін тексеру барысында балалардың өмір сүру жағдайымен танысып, әлеуметтік мекеме басшылығымен әңгімелесті.
Аралау қорытындысы бойынша Б.Әбдіғалиұлы балаларға қажетті жағдай жасау, дамытушы ойыншықтармен және жабдықтармен қамтамасыз ету, үй-жайларда ағымдағы жөндеу жүргізу, сондай-ақ аумақтағы балалардың ойын алаңын абаттандыру жөнінде тапсырмалар берді.
Одан кейін «Дельфин» бассейніне барды. Қазіргі уақытта бұл нысанның жеке меншікте екені белгілі. Көптеген жылдар бойы ол бос тұрған және іс жүзінде апатты жағдайда тұр. Облыс әкімі ғимаратты қарап шыққаннан кейін бассейнді коммуналдық меншікке сатып алу мәселесін пысықтауды, кейіннен тұрғындар мен қаланың игілігі үшін іске қосу мақсатында күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында Б.Әбдіғалиұлы Сарыарқа көшесі, 14 және Мира 20 мекенжайындағы тұрғын үйлерге барып, аулаларды, тұрақ аймақтары мен балалар алаңдарын абаттандыру бойынша бұрын берілген тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Облыс әкіміне қала аумағында 14 ойын алаңын орнату туралы ақпарат берілді. Жұмыстың бұл түрін «МегаСтройСпектр» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізеді.
Мердігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта ойын алаңдарының бетон негізін дайындау жұмыстары толығымен аяқталған, ал тартан жабынын орнату жұмыстары 80% аяқталды. Жалпы, барлық жұмыстар кешенін ағымдағы айдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жұмыс барысымен танысу қорытындысы бойынша өңір басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.