Лудомания – қазіргі қоғамның дерті

Лудомания – қазіргі қоғамның дерті

Құрметті оқырман қауым! Бүгінгі біздің қозғағалы отырған мәселеміз, қазіргі уақыттың өзекті мәселесі, ғасыр індеті, қоғам дерті десек те болады – жас буын, орта жастағы бетке ұстар азаматтарымыздың құмар ойындарына немесе бәс тігуге қатысуы. Ойын автоматтарынан бастап интернеттен, букмекерлік кеңселерден казинодан жеңіл ақша көздерін тауып, онан соң  құмар ойындарынан шыға алмай құрдымға кеткен талай жастар көз алдымызда. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады.

Лудомания –  адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы.  Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне  енгізілген. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған.

         Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. 

Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты күйреуде. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойыны әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады. Ресми ақпарат дереккөздерінен өздеріне қол жұмсаған адамдардың әрбір бесіншісі – лудоман екені белгілі болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Ел Президенті өз сөзінде: «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деп атап өткен болатын.

Бұл дерттің алдын алу шаралары осылайша Мемлекет басшылығымен қарастырылып, қолдау тауып шешімдер қабылданды. Қолданыстағы Кодекс пен заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтатын болсақ 2023 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қарашадағы № 396 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 6 тармағы 10) тармақшамен толықтырылды, яғни қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну.

Сонымен қатар, 2024 жылдың 08 шілдесіндегі №116-VIII ҚР Заңымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Қазақстан Республикасы Заңының 12 бабының 1 тармағы 6 тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 60 күн өткеннен кейін қолданысқа енеді). 12 бапта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер көрсетілген, яғни:

  1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында, аталған адамдар осы Заңның 13, 14, 14-1 және 15-баптарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, өздеріне:

          6) "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.

Яғни, бұл шектеулерді сақтамау аталған ойындарға қатысқан лауазымды адамдарды жұмыстан шығаруға негіз болып табылатынын назарларыңызға жеткіземіз.

Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде алдағы уақытта аталған тақырыпта, жергілікті атқарушы орган басшылары және мемлекеттік қызметшілерімен, мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген лауазымды тұлғалармен, азаматтық қоғаммен түрлі форматта, заманауи технологиялардың көмегімен жан-жақты түсіндіру іс-шараларын белсенді жүргізу жұмыстары тұр. Себебі жас ұрпақ - біздің болашағымыз, келешек ұпағымызды ғасыр дертінен алыстату мына біздер мен сіздердің қолдарыңызда дегім келеді, қоғам індетінен ұрпағымызды қорғауға баршамыздың бірігіп атсалысқанымыз жөн. 

 

Жаңагүл Шайманқызы Еділбаева

Ұлытау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі

Лудомания – қазіргі қоғамның дерті
Дата публикации
14 ноября 2024