Сәтбаев қаласының аумақтық комиссиясында ағымдағы жылдың 6 ақпанында Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес БАҚ өкілдері: қалалық қоғамдық-саяси, танымдық-сараптамалық, ақпараттық-жарнамалық «Аймақ ақшамы» газетінің редакторы Абдолла Дастанов, қалалық «Шарайна» газетінің редакторы Владимир Романьков , жергілікті «Aqsham» телеарнасының өкілдерінің қатысуымен «Ашық есік күні» өтті.
Сәтбаев қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Смағұлов Ернар Жақияұлы «Аймақ ақшамы» газеті мен телеарнаға берген сұхбатында халықаралық сайлау күніне қатысты мәселелерге тоқталды. Ол қоғамдағы демократиялық сайлаудың маңыздылығын еске түсіруге, азаматтарды сайлау процесінің дамуы туралы хабардар етуге, жас және болашақ сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға адалдықты қалыптастыруға бағытталған Дүниежүзілік сайлау күнін өткізудің мақсаттары туралы айтты.
Бұл күні комиссия төрағасының орынбасары Нина Андреевна Геймбух «Шарайна» газетіне сұхбат берді. Ол өз сұхбатында азаматтардың сайлауға қатысуын сипаттайтын қағидаттарға тоқталды: жалпыға бірдей сайлау құқығы, тең сайлау құқығы, ерікті қатысу және т.б.
Болашақ сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру және Дүниежүзілік сайлау күніне арналған қаламызда өткізілген және жастардың сайлау құқықтарын саналы түрде жүзеге асыруына қажетті білім, білік және дағдыларды дамытуға бағытталған іс-шараларға тоқталды. Сонымен қатар, аумақтық сайлау комиссиясының ағымдағы жұмысы туралы ақпарат берді.