Бүгін Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында 9 желтоқсан - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында ұйымдастырылған форум өтті. Аталған форумға қаланың мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Форумды Қаражал қалалық мәслихат хатшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қала әкімі жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Оспанова Зәмзәгүл Қажымұқанқызы жүргізді. Форумның басты спикері ретінде арнайы Қарағанды қаласынан саясаттанушы, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің штаб мүшесі Серік Хамзеұлы Мустафин келіп қатысты. Ол жемқорлықтың қоғамның басты дерті екенін және онымен күресте "Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру", "Әділетті мемлекет құру" және "Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатыстыру" бағытында іс-шаралар атқарылып жатқандығына тоқталды.
Форумда Қаражал қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Оспанбекова Диана Жановна сөз сөйлеп, жергілікті атқарушы билік тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Қалада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылған "Адалдық алаңы" жобасы, "Ашық әкімдік", "Фронт офис" жобалары туралы баяндады. Қаражал қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түрлерін электронды форматқа ауыстыру бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
Соңғы екі жыл бойы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, іс-шаралар жүзеге асырылуда. Биылғы жылы бұл тапсырысты «Қарағанды облысының жастар мен балалар ұйымдарының одағы" жастар қоғамдық бірлестігі орындап, аймақта бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Осы бағытта атқарылған іс-шаралардың жүзеге асырылуы туралы Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сатанова Гүлнұр Рахымжанқызы баяндап берді.
Форум соңында аталған іс-шараларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болған қатысушылар дипломдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.