«Ұлытау облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің
қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне
ішкі талдау нәтижелері туралы
ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМА
Жезқазған қаласы 10 тамыз 2026 жыл
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар), кейінгі өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, сондай-ақ «Ұлытау облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» Ұлытау облысының қаржы басқармасының 2026 жылғы 19 маусымдағы № 69 бұйрығына сәйкес құрылған жұмыс тобы «Ұлытау облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді.
Ішкі талдау жүргізу кезеңі: 2026 жылғы 29 маусымнан 2026 жылғы 10 тамызға дейін.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында Басқарма қызметіне ішкі талдау Үлгілік қағидаларда көзделген мынадай бағыттар бойынша жүргізілді:
- Басқарманың қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
- Басқарманың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Басқарманың қолданыстағы нормативтік құқықтық актілері
Ішкі талдау жүргізу барысында Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер зерделеніп, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал етуі мүмкін нормалар мен дискрециялық өкілеттіктерге талдау жүргізілді.
Басқарма өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 «Орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Жарлығын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Жарлығын, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін, Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171- VII Бюджет кодексін, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148-II «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-III «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы», 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413-IV «Мемлекеттік мүлік туралы», 2015 жылғы 31 қазандағы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы», 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 «Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларын бекіту туралы» қаулысын, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 «Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік шартын бекіту туралы» бұйрығын, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 қарашадағы № 725 «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асырудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 721 «Дене немесе моральдық тозу, дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан жарамсыз болған жекелеген мемлекеттік мүлік түрлерінің қаза болуын және жойылуын ресімдеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын және «Ұлытау облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ережені басшылыққа алады.
1.Нормативтік құқықтық актілердегі олқылықтар
1.1. Мемлекеттік мүлікті басқару бағытында
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігіне мониторинг жүргізу кезінде тиісті ақпараттарды жинау, зерделеу және бағалау жүзеге асырылады.
Талдау барысында аталған бағыт бойынша Басқарманың функциялары зерделеніп, мониторинг жүргізу кезінде қолданылатын өлшемшарттар мен рәсімдердің нормативтік құқықтық актілерде айқындалғаны анықталды.
Сонымен бірге, мониторинг нәтижелерін қалыптастыру және бағалау кезінде адами факторды барынша азайту, шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету және субъективті бағалау тәуекелдерін төмендету мақсатында ішкі бақылау рәсімдерін жетілдіру қажеттілігі қарастырылды.
1.2. Коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру бағытында
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларына (бұдан әрі-Қағида) сәйкес коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру тиісті тәртіппен жүзеге асырылады.
Аталған Қағидалардың талаптарына сәйкес тендерді дайындау және өткізу кезінде жалға беруші тендерлік комиссияны қалыптастырады.
Сонымен қатар, Қағидалардың 34-тармағына сәйкес тендерге қатысуға өтінімдерді және оларға қоса берілетін құжаттарды қарау барысында қатысушының тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген талаптарға сәйкестігі бағаланады. Қатысушы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, жалға беруші оны тендерге жібермеу туралы шешім қабылдайды.
Қолданыстағы Қағидаларда қатысушыны тендерге жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылдаудың нақты алқалы тетігі жеткілікті деңгейде регламенттелмеген.
Аталған нормада жалға берушінің жеке-дара шешім қабылдауына мүмкіндік туындауы мүмкін, бұл өз кезегінде лауазымды тұлғалардың дискрециялық өкілеттіктерін жүзеге асыру және шешім қабылдау кезінде субъективті факторлардың ықпал ету тәуекелін арттырады.
Шешім:
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларының 34-тармағына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жолдау.
Атап айтқанда, қатысушының тендер өткізу туралы хабарламада белгіленген талаптарға сәйкестігін қарау және оны тендерге жіберу немесе жібермеу туралы шешімді жалға берушінің жеке-дара қабылдауын алып тастап, аталған шешімді тендерлік комиссияның алқалы түрде қабылдауын нормативтік тұрғыдан бекіту.
Тәуекелді төмендету мақсатында қатысушыны тендерге жіберу немесе жібермеу туралы шешімді тендерлік комиссияның алқалы түрде қабылдауын, сондай-ақ қабылданған шешімнің негіздерін (себептерін) хаттамада міндетті түрде көрсетуді нормативтік тұрғыдан бекіту ұсынылады.
1.3. Облыстық басқармалардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының жарғыларын бекіту
Ішкі талдау барысында облыстық басқармалардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының жарғыларын (ережелерін) әзірлеу, келісу және бекіту мәселесі зерделенді.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың құрылтай құжаттарын бекіту кезінде тиісті саланың уәкілетті органының өкілеттіктері көзделген. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 1202 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік мекеменің үлгілік жарғысында тиісті саланың уәкілетті органына мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін), сондай-ақ оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекіту жөніндегі функциялар белгіленген.
Сонымен қатар мемлекеттік кәсіпорынның үлгілік жарғысында да мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын бекіту, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі өкілеттіктер айқындалған.
Осыған байланысты облыстық басқармалардың өз саласына қарай ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне салалық басшылықты жүзеге асыратынын, олардың қызметінің негізгі бағыттарын айқындауға және қызметін үйлестіруге қатысатынын ескере отырып, ведомстволық бағынысты ұйымдардың жарғыларын (ережелерін) әзірлеу, келісу және бекіту мәселелеріндегі облыстық басқармалардың құзыретін нақтылау қажеттілігі анықталды.
Шешім:
Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының жарғыларын (ережелерін) бекіту бойынша өкілеттіктерді облыстық басқармалардың құзыретіне нақты бекіту мақсатында тиісті облыстық басқармалардың ережелеріне өзгерістер енгізу ұсынылады.
Атап айтқанда, бюджеттік бағдарлама әкімшісі өзіне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің жарғыларын (ережелерін), сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың жарғыларын келісу және бекіту, оларға өзгерістер мен толықтыруларды келісу және бекіту жөніндегі өкілеттіктерді көздеу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Бұл ретте аталған өкілеттіктерді іске асыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылтайшының және тиісті саланың уәкілетті органының өкілеттіктерін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.
Осыған байланысты бюджеттік бағдарлама әкімшісі өзіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың тізбесін қайта қарап, олардың жарғыларын (ережелерін) бекітуге қатысу бойынша қолданыстағы өкілеттіктерін талдау және қажет болған жағдайда басқармалардың ережелеріне тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу ұсынылады.
Аталған шара ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне салалық басқаруды күшейтуге, құрылтайшы мен салалық уәкілетті органның өкілеттіктерін нақты ажыратуға, сондай-ақ жарғыларды (ережелерді) келісу және бекіту рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
1.4. «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бойынша өкілеттіктерді бөлу
Ішкі талдау барысында «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Қоғам) қатысты мемлекеттік мүлікті басқару және акционердің өкілеттіктерін жүзеге асыру мәселелері зерделенді.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес Қоғамның жалғыз акционері ретінде облыс әкімдігі атынан облыстың қаржы басқармасы әрекет етеді. Осыған байланысты Қаржы басқармасы Қоғамның жалғыз акционерінің өкілеттіктерін жүзеге асырып, акционердің жалпы жиналысының құзыретіне жататын мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдайды.
Сонымен бірге Қоғамның негізгі қызметі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлікті қолдауға, инвестициялық жобаларды іске асыруға және облыстың кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған.
Осыған байланысты Қоғамның қызметіне салалық жетекшілік ету мен оны үйлестіру функцияларын қаржы органының жүзеге асыруы Қаржы басқармасының негізгі функционалдық міндеттерімен толық сәйкес келмейді.
Қоғам қызметінің ерекшелігін және оның кәсіпкерлік, инвестициялық және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы функцияларын ескере отырып, Қоғамның жалғыз акционерінің өкілеттіктерін жүзеге асыру функцияларын салалық мемлекеттік органға – Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына беру мәселесін қарастыру қажет.
Шешім:
«Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қатысты жалғыз акционердің өкілеттіктерін облыстың қаржы басқармасынан облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Осы мақсатта:
Қоғамның мемлекеттік акциялар пакетін басқару субъектісін өзгерту мәселесін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қарастыру;
Қоғамның жалғыз акционері ретінде әрекет ететін мемлекеттік органды Қаржы басқармасынан Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына ауыстыруға байланысты қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық рәсімдерді жүргізу;
Қаржы басқармасының ережесінен Қоғамның акциялар пакетін басқаруға және жалғыз акционердің өкілеттіктерін жүзеге асыруға байланысты функцияларды алып тастау;
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ережесінде Қоғамның акциялар пакетін басқару, жалғыз акционердің өкілеттіктерін жүзеге асыру және Қоғамның қызметін салалық бағытта үйлестіру жөніндегі тиісті өкілеттіктерді көздеу;
Қоғамның жарғысына және өзге де құрылтай құжаттарына, сондай-ақ қажет болған жағдайда облыстық басқармалардың ережелеріне тиісті өзгерістер енгізу ұсынылады.
Аталған шара Қоғам қызметін оның негізгі қызмет бағыттарына сәйкес келетін салалық мемлекеттік органға бекітуге, мемлекеттік активтерді басқару кезінде функциялардың қайталануын болдырмауға және Қаржы басқармасының негізгі қаржылық-бюджеттік функцияларына шоғырлануына мүмкіндік береді.
2.1. Жұмысқа қабылдау тәртібі
Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, оның ішінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2.2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес қолданылатын шектеулер
Басқарма басшысының бұйрығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі функциялар кіретін жауапты тұлғалар айқындалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі саясатты нығайту үшін түсіндіру іс-шаралары жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша материалдар мемлекеттік органның ресми Интернет-ресурсында және әлеуметтік желілер кеңістігінде орналастырылады.
Басқарманың мемлекеттік қызметшілері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 12-бабында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамау фактілері жоқ.
Талдау жүргізу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу фактілері анықталған жоқ.
Басқарушылық тұрғыдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Жүргізілген ішкі талдау нәтижелері бойынша Басқарма қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған тиісті ұйымдастырушылық және нормативтік шараларды қабылдау ұсынылады.
2.3. Қызметкерлер арасындағы функцияларды бөлу бағытында
Қызметкерлер арасында функцияларды бөлу басқарманың құрылымы мен ережесіне сәйкес жүзеге асырылады. Әрбір қызметкердің функционалдық міндеттері, өкілеттіктері мен жауапкершілік аясы басқарманың тиісті құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерде және қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарында айқындалады.
Функцияларды бөлу кезінде қызметкерлердің атқаратын лауазымы, құзыреті және құрылымдық бөлімшенің негізгі міндеттері ескеріледі.
Жүргізілген ішкі талдау нәтижелері бойынша Басқарма қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін бірқатар ықтимал тәуекелдер зерделенді.
Негізгі тәуекел коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға беру кезінде тендерге қатысушыларды жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылдау рәсімінің жеткілікті деңгейде алқалы түрде регламенттелмеуімен байланысты.
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне (Заң жобасын әзірлеуші орган) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жолдау.
2) Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларының 34-тармағында қатысушыны тендерге жіберу немесе жібермеу туралы шешімді тендерлік комиссияның қабылдауын және қабылданған шешімнің себептерін міндетті түрде көрсетуін нақтылау ұсынылады.
3) Қатысушы тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, тендерлік комиссия себептерін көрсете отырып, қатысушыны тендерге қатысуға жібермеу туралы шешім қабылдау.
4) Басқарманың ішкі ұйымдастырушылық құжаттарында мемлекеттік мүлікті жалға беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде шешім қабылдаудың ашықтығын, объективтілігін және алқалылығын қамтамасыз ететін қосымша бақылау тетіктерін көздеу.
Басқарма басшысы Ж. Киянбеков
Жұмыс тобының мүшелері:
Қажет етілмейді
«БЕКІТЕМІН»
«Ұлытау облысының қаржы
басқармасы» ММ басшысы
_________ Ж. Киянбеков
«__» ______2026 жыл
Ұлытау облысының қаржы басқармасының сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары
|
№ |
Сыбайлас жемқорлық тәуекелі |
Тәуекелді жоюға (төмендетуге) бағытталған іс-шара |
Орындалу мерзімі |
Жауапты тұлға |
Күтілетін нәтиже |
|
1 |
Коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға беру кезінде тендерге қатысушыларды жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылдау рәсімінің жеткілікті деңгейде алқалы түрде регламенттелмеуі |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларының 34-тармағына қатысушыларды тендерге жіберу немесе жібермеу туралы шешімді тендерлік комиссияның алқалы түрде қабылдауын көздейтін өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жолдау |
2026 жылғы 1 желтоқсан |
А. Болат |
Нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныс енгізіледі |
|
2 |
Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігіне мониторинг жүргізу кезінде субъективті бағалау тәуекелі |
Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігіне мониторинг жүргізу кезінде қолданылатын көрсеткіштер мен өлшемшарттардың сақталуына ішкі бақылау жүргізу, мониторинг нәтижелерін қосымша бақылау тетігін енгізу |
2026 жылғы 1 желтоқсан |
А. Болат |
Мониторинг нәтижелерінің объективтілігі мен ашықтығы қамтамасыз етіледі |
|
3 |
Облыстық басқармалардың өз саласына қарай ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне салалық басшылықты жүзеге асыратынын, олардың қызметінің негізгі бағыттарын айқындауға және қызметін үйлестіруге қатысатынын ескере отырып, ведомстволық бағынысты ұйымдардың жарғыларын (ережелерін) әзірлеу, келісу және бекіту мәселелеріндегі облыстық басқармалардың құзыретін нақтылау қажеттілігі |
Ведомстволық бағынысты ұйымдардың жарғыларын (ережелерін) бекіту бойынша өкілеттіктерді облыстық басқармалардың құзыретіне нақты бекіту мақсатында тиісті облыстық басқармалардың ережелеріне өзгерістер енгізу |
2026 жылғы 1 желтоқсан |
А. Болат |
Өкілеттіктердің нақты бөлінуі қамтамасыз етіледі |
|
4 |
«Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қызметіне салалық жетекшілік ету мен оны үйлестіру функцияларын қаржы органының жүзеге асыруы Қаржы басқармасының негізгі функционалдық міндеттерімен толық сәйкес келмейді. Қоғамның қызметінің ерекшелігін және оның кәсіпкерлік, инвестициялық және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы функцияларын ескере отырып, Қоғамның жалғыз акционерінің өкілеттіктерін жүзеге асыру функцияларын салалық мемлекеттік органға – Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына беру мәселесін қарастыру |
«Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қатысты жалғыз акционердің өкілеттіктерін облыстың қаржы басқармасынан облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына беру туралы ұсыныс енгізу |
2026 жылғы 1 желтоқсан |
А. Болат |
Қоғам қызметінің салалық мемлекеттік органға бекітілу мүмкіндігі қарастырылады |
|
5 |
Ұйымдастырушылық-басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу |
Басқарманың ішкі ұйымдастырушылық құжаттарын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып тұрақты түрде зерделеу |
Тұрақты негізде |
Құрылымдық бөлімше басшылары |
Ішкі рәсімдердегі ықтимал тәуекелдер уақтылы анықталады және жойылады |
|
6 |
Қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен талаптарды қабылдауы |
Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер, мүдделер қақтығысын болдырмау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша тұрақты түсіндіру іс-шараларын өткізу |
Тұрақты негізде
|
А. Болат |
Қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды сақтау деңгейі арттырылады |
|
7 |
Қызметтік міндеттерді орындау кезінде мүдделер қақтығысының туындау тәуекелі |
Қызметкерлер арасында мүдделер қақтығысын анықтау және оның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мүдделер қақтығысы анықталған жағдайда оны заңнамада белгіленген тәртіппен реттеу |
Тұрақты негізде |
А. Болат |
Мүдделер қақтығысының алдын алу қамтамасыз етіледі |
|
8 |
Қызметтік шешімдерді қабылдау кезінде жеке-дара ықпал ету тәуекелі |
Сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары рәсімдер бойынша шешімдерді мүмкіндігінше алқалы түрде қабылдауды және қабылданған шешімдерді құжаттауды қамтамасыз ету |
Тұрақты негізде |
Құрылымдық бөлімше басшылары |
Шешім қабылдаудың ашықтығы мен объективтілігі қамтамасыз етіледі |
|
9 |
Ішкі талдау нәтижелері бойынша ұсыныстардың орындалуын бақылау |
Осы Іс-шаралар жоспарының орындалуына мониторинг жүргізіп, нәтижелері бойынша Басқарма басшылығына ақпарат енгізу |
Тоқсан сайын |
А. Болат |
Тәуекелдерді жою жөніндегі шаралардың уақтылы орындалуы қамтамасыз етіледі |
Жоспардың орындалуын бақылау:
Осы іс-шаралар жоспарының орындалуына жауапты құрылымдық бөлімшелер қабылданған шаралар туралы ақпаратты белгіленген мерзімдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жауапты тұлғаға ұсынады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жауапты тұлға Іс-шаралар жоспарының орындалуына тоқсан сайын мониторинг жүргізеді және қажет болған жағдайда тәуекелдерді төмендету бойынша қосымша шаралар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
Жоспардың орындалу нәтижелері ішкі талдаудың келесі кезеңінде ескеріледі.