2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала тууға және оның күтіміне байланысты берілетін жекелеген бюджеттік жәрдемақыларды тағайындау шарттары отбасының сол кездегі әл-ауқат санатына қарай айқындалады. Бұл ретте Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер мен бюджеттен берілетін жәрдемақылардың құқықтық негіздері әртүрлі екенін ескеру қажет.
Атап айтқанда, бала тууына байланысты берілетін біржолғы бюджет жәрдемақысы C, D және E санатындағы отбасыларға тағайындалады. Ал жұмыс істемейтін аналарға баласы бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты бюджет жәрдемақысы мұқтаждық өлшемшартына сәйкес беріледі. А және В санатындағы, яғни әл-ауқаты жоғары отбасыларға аталған бюджеттік төлемдер заңнамада көзделмеген.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы төленетін жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем отбасының әл-ауқат санатына қарамастан, заңда белгіленген талаптар сақталып, төлем алуға құқығы болған жағдайда толық көлемде төленеді. Ұсынылған материалдарға сәйкес, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кемінде екі жыл қатысқаны расталған әйелдерге МӘСҚ-дан төленетін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем де отбасының санатына қарамастан толық көлемде беріледі.
Қазақстанда шамамен 4,8 миллион үй шаруашылығы C, D және E санаттарына жатады. Жаңа қажеттілікті бағалау тәртібіне көшкен кезде бұл отбасылардың тиісті мемлекеттік жәрдемақыларды алуға заңмен бекітілген құқығы толық сақталады. Бұл туралы Еңбек министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде ресми түрде мәлімделді.
Атап айтқанда, жағдайы саламаттылық деңгейі қанағаттанарлық C санатына шамамен 3,2 миллион отбасы кіреді. Экономикалық тұрғыдан осал D санатында 1,4 миллионға жуық үй шаруашылығы бар. Ал экономикалық және әлеуметтік жағынан осал E санатына 128 мың отбасы жатады.
Мұндай отбасылар жұмыс табу, баспана мәселесін шешу және жақындарын өз күшімен қамтамасыз ету кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Әр жәрдемақыны тағайындау үшін заңда белгіленген талаптар бұрынғыдай сақталады. C, D немесе E санатына жататын отбасылар кез келген жәрдемақыны автоматты түрде ала алмайды. Әр жәрдемақы заңда белгіленген талаптарға сай тағайындалады. Бірақ бұл санаттағы отбасыларға әл-ауқаты жоғары деген себеппен көмек беруден негізсіз бас тартылмайды.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, әрбір азамат еңбек етуге, кәсіп пен қызмет түрін еркін таңдауға және жұмысқа орналасу кезінде тең мүмкіндіктерге ие болуға құқылы.
ҚР Еңбек кодексінің 6-бабына сәйкес, еңбек қатынастарында жынысына, жасына, ұлтына, тіліне, әлеуметтік жағдайына, дініне және өзге де мән-жайларға байланысты кемсітушілікке жол берілмейді.
Жұмыс беруші еңбек шартын жасасу кезінде үміткердің кәсіби біліктілігін, білімін, тәжірибесін және іскерлік қасиеттерін ескеруі тиіс. Жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тартуға және заңсыз шектеулер қоюға жол берілмейді.
Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар мемлекеттік еңбек инспекциясына немесе тиісті уәкілетті органдарға жүгінуге құқылы.
Еңбек қатынастарындағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету – әділдік пен заңдылықтың маңызды кепілі.
Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарымен таныстырылуы тиіс екенін білесіз бе?
Кез келген өндірісте, құрылыс алаңында немесе басқа да жұмыс орындарында белгілі бір қауіп-қатерлер болады. Сондықтан уақтылы өткізілетін нұсқама – жай ғана формалдылық емес, жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды шарасы.
❗ Жұмыс беруші нені қамтамасыз етуге міндетті?
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:
✅ Нұсқама беру және оқытуды жүргізуге – жұмыскерлерге еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау қағидаларын түсіндіруге және олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге;
✅ Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге – кәсіптік тәуекелдерді анықтауға және олардың алдын алу мен төмендету жөнінде шаралар қабылдауға;
✅ Қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге – жұмыскерлерді белгіленген нормаларға сәйкес арнайы киіммен, аяқкиіммен және қажетті жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;
✅ Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға – белгіленген қағидалардың орындалуын қадағалауға және анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюға;
✅ Медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыруға – заңнамада көзделген жағдайларда өз қаражаты есебінен медициналық қарап-тексерулер өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
⚠ Білу маңызды!
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қажетті оқытудан және білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.
Сонымен қатар, жұмыскердің өзі де белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
Нұсқаманы тек формалды түрде өткізу қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Әрбір жұмыскер ықтимал қауіп-қатерлерді түсініп, қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі маңызды.
Есіңізде болсын: жазатайым оқиғаның салдарын жойғаннан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті және әрбір жұмыскердің құқығы!
#ЕңбектіҚорғау #ЕңбекҚауіпсіздігі #ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #МЕИК
Әрбір жұмыскердің жалақысын уақтылы алуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбек құқықтарының сақталуына құқығы бар.
Алайда іс жүзінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіруі, тиесілі төлемдерді төлемеуі, еңбек шартының талаптарын бұзуы немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтамауы сияқты жағдайлар кездеседі.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?
📌 1-қадам. Өтініш беріңіз
Жұмыскер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне, оның ішінде e-Otinish порталы арқылы өтініш бере алады.
📌 2-қадам. Өтінішті қарау
Мемлекеттік еңбек инспекторлары өтініште көрсетілген мән-жайларды зерделейді, ұсынылған құжаттарды талдайды және заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс берушіге тексеру жүргізеді.
📌 3-қадам. Тиісті шаралар қабылдау
Егер заңбұзушылықтар расталса, мемлекеттік еңбек инспекторы өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Атап айтқанда, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі, ал кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
📌 4-қадам. Орындалуын бақылау
Еңбек инспекциясының жұмысы заңбұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Біздің міндетіміз – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге ықпал ету.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаңыз. Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгініңіз.
#ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #ЖұмыскерлердіңҚұқықтарынҚорғау #ЕңбекЗаңнамасы #МЕИК
Жезқазған қаласындағы құрылыс объектілерінде еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті және Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы мамандарымен бірлесіп өткізілді.
Түсіндіру жұмыстары барысында құрылыс объектілерінде пайдаланылатын мұнаралы крандардың қауіпсіз пайдаланылуына ерекше назар аударылды. Жауапты тұлғаларға мұнаралы крандарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау, жүк көтеру жұмыстарын қауіпсіз ұйымдастыру, техникалық жай-күйін бақылау және қауіпті аймақтарда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажеттілігі түсіндірілді.
Сонымен жұмысшыларға еңбек және техника қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жұмыс орындарын қауіпсіз ұйымдастыру, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану және құрылыс жұмыстары кезінде қауіп-қатердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алайда жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
📖 ҚР Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға олардың жазбаша келісімімен немесе өздерінің өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
❗ Қызметкер нені білуі маңызды?
✅ Қызметкердің келісімі. Жалпы ереже бойынша жұмыс беруші қызметкерді оның жазбаша келісімінсіз демалыс күні жұмысқа тартуға құқылы емес.
✅ Еңбекақы төлеу. ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі.
✅ Басқа демалыс күні. Қызметкердің қалауы бойынша жоғарылатылған еңбекақы төлеудің орнына басқа демалыс күні берілуі мүмкін.
✅ Ерекше жағдайлар. Заңнамада қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол берілетін жекелеген жағдайлар көзделген.
⚖️ Есіңізде болсын: қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың белгіленген тәртібін сақтау – жұмыс берушінің міндеті.
📢 Өз еңбек құқықтарыңызды біліңіз және оларды қорғаңыз!
#ЕңбекҚұқықтары #ҚРЕңбекКодексі #ЕңбекИнспекциясы #ҚызметкерлердіңҚұқықтарынҚорғау #МЕИК #ҚРЕңбекМинистрлігі
Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі (ЕШЕАБЖ) еңбек шарттары туралы мәліметтерді уақтылы тексеру және өзектендіру қажеттігіне аударады.
Бүгінде ЕШЕАБЖ-да шамамен 6,9 млн қолданыстағы еңбек шарты туралы мәліметтер қамтылған. Жұмыс берушілерге енгізілген ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын, оның ішінде қызметкер, лауазымы, еңбек шартының мерзімі, ауыстырулар, еңбек жағдайларының өзгеруі және еңбек қатынастарының тоқтатылуы туралы мәліметтерді тексеру ұсынылады. ЕШЕАБЖ-дағы өзекті мәліметтер қызметкерлердің еңбек қызметі туралы деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және ақпараттық жүйелердегі сәйкессіздіктер санын азайтуға мүмкіндік береді.
Заңнамада мынадай жағдайлар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз: ЕШЕАБЖ-ға ақпаратты енгізбеу не белгіленген мерзімдерде уақтылы енгізбеу; ақпаратты толық көлемде енгізбеу; ЕШЕАБЖ-ға анық емес және (немесе) қате ақпарат енгізу.
Жалақы айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Жалақы төлеудің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді. Егер жұмыс беруші жалақы төлеуді кешіктірсе, ол жұмыскерге жалақы бойынша берешек сомасын ғана емес, сондай-ақ мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін өсімпұл төлеуге міндетті. Өсімпұл мөлшері берешек нақты төленген күнге қолданыстағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері негізінде есептеледі. Өсімпұл жалақы төлеу үшін белгіленген мерзім өткен күннен кейінгі күннен бастап, нақты төленген күнді қоса алғанда есептеледі.
Мысал Жұмыскерге 300 000 теңге мөлшерінде жалақы төленуге тиіс болды делік, алайда жұмыс беруші оны төлеуді 10 күнтізбелік күнге кешіктірді. Мысал ретінде Ұлттық Банктің қолданыстағы базалық мөлшерлемесін — 16,25% алайық. Есептеу: 300 000 × 16,25% × 1,25 ÷ 365 × 10 = шамамен 1 670 теңге. Осылайша, жұмыс беруші: 300 000 теңге — жалақы бойынша берешекті; ≈ 1 670 теңге — 10 күн кешіктіргені үшін өсімпұлды төлеуге тиіс. Барлығы — 301 670 теңге.
Бұл ретте өсімпұл мөлшері берешек сомасына, кешіктірілген күнтізбелік күндердің санына және берешек нақты төленген күнге қолданыстағы Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты болады. Жалақыны белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен өсімпұлды есептемегені және төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабына сәйкес мынадай айыппұлдар көзделген: лауазымды адамдарға — 30 АЕК; шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК; орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК; ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК. Жұмыскер өзінің еңбек құқықтарының бұзылуына байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне өтінішпен жүгінуге құқылы. Мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыскерлердің еңбек заңнамасы мәселелері бойынша өтініштерін қарайды және негіздер болған жағдайда заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Есте сақтаңыз: жалақыны уақтылы және толық көлемде төлеу — жұмыс берушінің міндеті және жұмыскердің еңбек құқықтарының негізгі кепілдіктерінің бірі
Республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институты «Жасыл экономикаға көшу аясындағы еңбек жағдайлары және кәсіптік тәуекелдер: жіктеу, санаттар және топтастыру критерийлері» ғылыми-техникалық бағдарламасының негізгі кезеңінің қорытындысын шығарды.
Бағдарламаның басты міндеті – еңбек жағдайларын бағалау тәсілдерін жетілдіру және зиянды, қауіпті факторлардың бар-жоғын тіркеумен шектелмей, нақты жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді уақтылы анықтап, оларды азайту шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін жүйеге көшу.
Не әзірленді
Зерттеулер қорытындысы бойынша жұмыс орындарын кәсіптік тәуекел дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларының жіктемесі қалыптастырылды. Сондай-ақ зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің санаттары мен оларды тиісті санаттарға жатқызу критерийлері айқындалды.
Бағдарлама аясында төрт әдістеме әзірленді. Олар тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбек жағдайларын жіктеуді, зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін қызметкерлердің санаттарын анықтауды, ашық ауада, жер астында және биікте жұмыс істеу кезіндегі кәсіптік тәуекелдерді бағалауды, сондай-ақ кеңейтілген практика мейірбикелерінің еңбек жағдайлары мен кәсіби ортасын бағалауды қамтиды.
Бұдан бөлек, өндірістік орта және еңбек процесі факторларын ескере отырып, еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеу бойынша оқу модулі әзірленді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы аясында кәсіптік тәуекелдерді басқару бөлігінде еңбек заңнамасын жетілдіру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар дайындалды.
Цифрлық құралдар және кәсіпорындарда сынақтан өткізу
«Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» АБЖ(АИС) -да төрт цифрлық анықтама мен құрал әзірленді. Оның ішінде зиянды және қауіпті өндірістік факторлар жіктеуіші, кәсіптік тәуекелдерді бағалау бойынша электрондық есеп және түзету іс-шараларының электрондық жоспары бар.
Әзірленген тәсілдер 9 кәсіпорында пилоттық сынақтан өтті. Нәтижесінде 8 енгізу актісі алынды.
Зерттеулер тау-кен, құрылыс және өңдеу өнеркәсібінің ерекшеліктері ескеріле отырып жүргізілді. Бұл әзірленген тәсілдердің қолданылу мүмкіндігін тікелей өндірістік жағдайда тексеруге мүмкіндік берді.
Бағдарламаның ғылыми нәтижелері Web of Science және Scopus халықаралық базаларында индекстелетін басылымдардағы 5 жарияланым және ҚР ҒЖБССҚК (КОКНВО РК) ұсынған журналдардағы 18 жарияланым жарияланды. Сонымен қатар 6 авторлық куәлік алынды.
Бұл жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге не береді
Жаңа тәсілдердің практикалық мақсаты – еңбек жағдайларын негізінен есепке алудан тәуекелдердің алдын алуға көшу. Жұмыс беруші нақты жұмыс орнындағы қауіптерді дәлірек анықтауға, тәуекел деңгейін бағалауға және қажетті профилактикалық іс-шараларды жоспарлауға арналған құралдарға ие болады.
Жұмыскерлер үшін мұндай тәсіл ең алдымен еңбек қауіпсіздігін арттыруға, жарақат немесе кәсіптік ауруға әкелуі мүмкін факторларды уақтылы анықтауға және жағымсыз салдарлар туындағанға дейін шара қабылдауға бағытталған.
Ғылыми-техникалық бағдарламаның нәтижелері кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жетілдірудің және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық және әдістемелік базаны өзектендірудің негізін қалыптастырады.
Жүргізілген жұмыс 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының басымдықтарына сәйкес келеді.