Ұлытау облысында шалғай елді мекендер мен медициналық көмекке қолжетімділігі шектеулі аумақтардың тұрғындарына жедел және сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында медициналық авиация қызметі тұрақты жұмыс атқаруда.
Медициналық авиация қызметі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрамында жұмыс істейді. Қазіргі таңда қызмет құрамында бір медициналық авиация бригадасы бар. Оның құрамына дәрігер-үйлестіруші, білікті фельдшерлер мен жүргізушілер кіреді.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында медициналық авиация қызметі:
✈️ 34 шақырту орындады;
👶 оның ішінде 9 балаға, 25 ересекке медициналық көмек көрсетілді;
📞 101 телемедициналық консультация жүргізілді.
Сонымен қатар, медициналық эвакуациялау автокөлікпен де жүзеге асырылуда. 2026 жылдың 9 айында осы бағытта 150 шақырту орындалып, 141 пациентке медициналық көмек көрсетілді.
Көрсетілген көмектің ішінде:
🔹 8 операция;
🔹 47 жергілікті мамандардың консультациясы;
🔹 2 жүкті әйелді тасымалдау;
🔹 39 балаға көмек көрсету;
🔹 14 жарақат жағдайы;
🔹 40 басқа да аурулар бойынша медициналық көмек көрсету.
2025 жылғы маусым айынан бастап Ұлытау облысының аумағында медициналық эвакуациялау Ми-8 үлгісіндегі тікұшақтармен жүзеге асырылуда. Әуе кемесі Жезқазған қаласының әуежайында базаланады.
Тікұшақ қажетті тасымалды медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде:
• өкпені жасанды желдету аппараты;
• дефибриллятор;
• пациент жағдайын бақылауға арналған монитор;
• оттегімен қамтамасыз ету жүйелері;
• инфузиялық сорғылар;
• жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған кювездер бар.
Пациентті алып жүретін медициналық бригада құрамына міндетті түрде медициналық авиация қызметінің фельдшері енгізіледі. Қажет болған жағдайда анестезиолог-реаниматолог, хирург, терапевт және басқа да бейінді мамандар тартылады.
Пациентті медициналық авиация арқылы эвакуациялау қажеттілігі бейінді мамандардың телемедициналық консультациясы негізінде анықталады.
Консультация нәтижесі бойынша медициналық авиация қызметінің дәрігер-үйлестірушісі пациентті әуе немесе жерүсті көлігімен тасымалдау тәсілін анықтайды.
Бұл ретте пациенттің жалпы жағдайы, медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы және ауа райы жағдайлары ескеріледі.
Медициналық авиация қызметіне облыстық көпбейінді аурухананың 30 бейінді дәрігері шарт негізінде тартылған. Бұл шалғай елді мекендердегі пациенттерге қажетті бейінді медициналық көмекті уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Шақыртулар санының артуына байланысты Ұлытау облысында медициналық авиация қызметін одан әрі кеңейту жоспарлануда. Атап айтқанда, екінші медициналық авиация бригадасын ашу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, облыстың барлық елді мекендерінде тікұшақтардың қону алаңдарын ұйымдастыру үшін жер учаскелері айқындалып, тиісті тізілімге енгізілді.
Жедел медициналық көмектің материалдық-техникалық базасы да кезең-кезеңімен жаңартылуда. 2025 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі «С» сыныбындағы 2 санитариялық автокөлікпен толықтырылды.
Медициналық авиация қызметінің негізгі мақсаты – шалғай және жетуі қиын елді мекендердегі тұрғындарға медициналық көмекті уақытылы жеткізу, пациенттерді қауіпсіз әрі жедел эвакуациялау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.
Ұлытау облысында медициналық авиация қызметін дамыту – өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды бағыттардың бірі.
Ұлытау облысының Егінді ауылында тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыратын жаңа фельдшерлік-акушериялық пункт (ФАП) пайдалануға берілді. Құрылысы 2025 жылы басталған нысан 2026 жылғы маусымда аяқталды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ФАП бір мезгілде 20 келушіге медициналық қызмет көрсетуге арналған. 21 қыркүйекте жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған ауыл тұрғындары, медицина қызметкерлері және құрметті қонақтар қатысты. Бүгінде ФАП-та жалпы практика дәрігері медициналық қызмет көрсетуде. Жаңа нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті өз елді мекенінде алуға мүмкіндік береді. 🌿 Ауыл медицинасының дамуы – халық денсаулығына жасалған маңызды инвестиция.
🔹Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының Орталық көпсалалы ауруханасының жылжымалы медициналық кешені (ЖМК) Жаңаарқа ауданының шалғайдағы елді мекендерінде (Айнабұлақ, Қарағаш, Кенжебай-Самай, Түгіскен, Ақбастау, Ералиев, Манадыр, Ақтүбек, Атасу және т.б.) көшпелі медициналық қызмет көрсетеді. Аталған елді мекендер аудан орталығынан едәуір қашықтықта (165 км-ге дейін) орналасқан. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап ЖМК облыстың Ұлытау ауданы тұрғындарына да қызмет көрсетуде. ЖМК қызметінің негізгі мақсаты – жекелеген медициналық қызмет түрлері тұрақты түрде көрсетілмейтін ауылдық елді мекендердің тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
🔹ЖМК құрамында әртүрлі бейіндегі мамандар жұмыс істейді: хирург, гинеколог, оториноларинголог дәрігер, офтальмолог дәрігер, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, стоматолог дәрігер, терапевт және педиатр. Сонымен қатар, кешен электрокардиография, рентгенологиялық зерттеулер, ультрадыбыстық диагностика жүргізуге, сондай-ақ көшпелі қызмет барысында зертханалық талдаулар орындауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
🔹Көшпелі медициналық қызмет бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады және консультативтік қабылдауды, диагностикалық тексерулерді, профилактикалық қарап-тексерулерді, диспансерлік бақылауды, ауруларды ерте анықтауды, сондай-ақ пациенттерді әрі қарай емдеу тактикасын айқындауды қамтиды. Бұл шалғай ауылдық елді мекендер тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
🔹Жылжымалы медициналық кешен жыл сайын Жаңаарқа ауданы бойынша 12 000 тұрғынға, ал Ұлытау ауданы бойынша 1 200 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді.
🔹2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Конституциялық өзгерістер отандық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытудың берік құқықтық негізін қалыптастырады. Осы негізде медициналық ұйымдар азаматтардың тұрғылықты жеріне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан медициналық қызметтерге тең әрі әділ қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
🔹Ұлытау облысының денсаулық сақтау саласын дамыту жоспарын іске асыру аясында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігі бірлесіп бекіткен жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 2–3 шілде күндері Жезқазған қаласындағы Облыстық көпбейінді аурухана базасында ірі буындарды эндопротездеу бойынша шеберлік сабағы өтті. Шеберлік сабағын Астана қаласындағы профессор Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының травматолог-ортопед дәрігері А.А. Садықов өткізді. Екі күн ішінде тізе және жамбас буындарын эндопротездеу бойынша төрт ота сәтті жасалды. Аблай Садықов аурухананың техникалық жағынан жақсы жабдықталғанын және травматологтар командасының жақсы деңгейін атап өтті.
🔹Ұлттық медициналық орталықтардың жетекші мамандары өткізетін мұндай шеберлік сабақтары өңір дәрігерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар заманауи емдеу әдістерін тәжірибеге енгізуге ықпал етеді. Соның нәтижесінде пациенттердің ірі қалаларға баруынсыз-ақ мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді.
🔹Профессор Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы мен Жезқазған қаласындағы Облыстық көпбейінді аурухана арасындағы ынтымақтастық ұзақ мерзімді сипатқа ие. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, Ұлытау облысының тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. Балалар жарақаттануының алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді.
Есепті кезеңде Қазақстан Республикасында балалардың жарақат алу жағдайлары әлі де өзекті болып отыр. Мұндай оқиғалар көбінесе жол-көлік оқиғалары салдарынан, сондай-ақ тұрмыста және көшеде орын алады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жол-көлік оқиғаларында мыңдаған адам зардап шеккен, олардың ішінде кәмелетке толмағандардың үлесі елеулі. Сонымен қатар, балалардың демалыс және адамдар көп жиналатын орындарда - ойын алаңдарында, жазғы лагерьлерде, демалыс аймақтарында және ойын-сауық объектілерінде жарақат алу жағдайлары тіркелуде.
Осы ретте прокуратура ата-аналарға жазғы каникул кезеңінде балалардың қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлуді сұрайды.
Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Балалармен жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық орындардағы қауіпсіз жүріс-тұрыс туралы үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізулеріңізді, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмауларыңызды, әсіресе су айдындары, ойын алаңдары, батуттар мен аттракциондар маңында мұқият болуларыңызды сұраймыз.
Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 «Қазақстан Республикасында 14–17 жас аралығындағы (қоса алғанда) қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы қосымша вакцинация жүргізу туралы» қаулысына сәйкес облыста 14–17 жас аралығындағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қосымша вакцинация басталатынын хабарлайды.
Еске сала кетейік, АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылдан бастап елімізде және облысымызда 11, 12 және 13 жастағы қыз балаларға жүргізіліп келеді. Вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелген жоқ.
Қосымша иммундау «Гардасил» вакцинасымен 3 кезеңде жүргізіледі:
* бірінші доза — белгіленген күні;
* екінші доза — 2 айдан кейін;
* үшінші доза — 6 айдан кейін.
АПВ-ға қарсы вакцинация жатыр мойны обыры сияқты онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталғанын атап өткен жөн.
Вакцинация тегін, ерікті түрде, ата-аналардың немесе заңды өкілдердің келісімімен білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде және тіркелген емханаларда жүргізіледі.
Есіңізде болсын: аурудың алдын алған емдегеннен әлдеқайда жеңіл!