Педагогикалық шеберлік
Педагогикалық шеберлік – оқу-тәрбие іс-әрекетінің барлық түрлерін оңтайландыратын, жеке тұлғаны жан-жақты дамытып жетілдіруге, оның дүниетанымдық қабілеттерін қалыптастыруға, әлеуметтік маңызды іс-әрекетке деген қажеттілікке бағыттайтын кәсіби шеберлік. Педагог – өз кәсібіне қажетті қасиеттерді дамытуға жалықпайтын, өз ісіне сын көзбен қарайтын, жеткен жетістігінде тоқтап қалмай, алға жылжып, шығармашылықпен жұмыс жасайтын адам. Осындай мамандардың бірі - Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының Ұлан ауданы бойынша білім бөлімінің «Трофим Клименко атындағы орта мектеп-балабақша кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің математика және информатика пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы - Кайынбаева Нуржан Амангельдиновна.
Нуржан Амангельдиновнаның оқушылары «SKILLS FOR GEEKS» облыстық ІТ-чемпионатының аудандық турының, «Малахит» облыстық зияткерлік олимпиадасының, «Ақбота» жалпы білім беретін мектептеріне арналған республикалық зияткерлік олимпиаданың жеңімпаздары.
Педагог «Шағын жинақты мектепте информатика сабақтарында оқушылардың ынтасын арттыру» тақырыбындағы облыстық тамыз конференциясы аясында «жаратылыстану-математикалық білім берудегі құндылыққа бағдарланған тәсіл» пәндік сессиясында, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының "Шығыс" өңірлік орталығының жылдық жоспары аясында «"Информатика" пәні бойынша қорытынды аттестаттауға сәтті дайындалу шарттарының бірі ретінде жиынтық бағалау тапсырмаларында оқыту мақсаттарын іске асыру», және "Шағын жинақты мектептерде Plickers заманауи сервисін пайдалану" тақырыптарымен онлайн-семинарларда іс-тәжірибесін таратты.
Нуржан Амангельдиновна – шығармашыл мұғалім. "Информатика. Қорытынды аттестаттауға дайындаламыз" атты информатика пәнінен негізгі мектептің курсы бойынша қорытынды аттестаттауға дайындыққа арналған әдістемелік құралдың қос авторы болып табылады.
Педагог 2023 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және «АMANAT» партиясының «Балаларға тегін IT-сыныптар» бастамашыл жобасын жүзеге асыру аясында өткізілген облыстық "SKILLS FOR GEEKS" чемпионатынан Алғыс хатымен, «Шығыс Қазақстан облысының білім беру саласының өркендеуі жолында танытқан жоғары кәсібилігі, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы қосқан зор үлесі үшін» Құрмет грамотасымен, «Ұстаздық қызметіндегі кәсіби шеберлігі, білім берудегі жетістіктері, кәсіподақ жұмысына белсене қатысқаны үшін» Құрмет грамотасымен марапатталды.