7 қазан күні Уәлиханов аудандық мәслихатының төрағасы Сәниев Сапар Қапарұлы және мәслихат депутаты Лохан Александр Владимирович Телжан ауылындағы балалар ойын алаңы құрылысының барысымен танысты.
Жұмыстарды мердігер «Бегімай» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жүргізуде.
Жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруға 12,019 млн теңге бөлініп, бүгінгі таңда 7,6 млн теңге игерілді.
Тапсырыс беруші — Телжан ауылдық округі әкімінің аппараты. Жұмыстарды аяқтау мерзімі — 10 қазан.
Қазіргі уақытта бірқатар жұмыстар атқарылды:
— сырғанақтары, мұнаралары, баспалдақтары, сәндік қоршаулары мен өткелдері бар балалар ойын кешені жиналып, орнатылды;
— балаларға арналған карусель орнатылды;
— алаңға 3D-қоршау панельдері, спорттық тренажерлар, воркаут элементтері және металл конструкциялар жеткізілді;
— қажетті бөлшектерді құрастыру және жекелеген тораптарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар:
— алаңның периметрі бойынша 3D-сетка қоршау секцияларын орнату;
— тартан резеңке жабындысын салу;
— әткеншектер, серіппелі тербелмелі құрылғылар («Жылқы», «Машина»), құмсалғыш, «лиана» баспалдағын, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату;
— жарықтандыру бағаналары мен шамдарын орнату;
— қалған монтаждау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу.
Балаларға арналған заманауи әрі қауіпсіз ойын алаңын салу — ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға және елді мекенді абаттандыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.
Уәлиханов аудандық мәслихаты депутаттарының назарына!
2026 жылғы 29 қыркүйек күні сағат 11.00-де аудан әкімі аппараты ғимаратының мәжiлiс залында Уәлиханов аудандық мәслихатының VІІI шақырылған кезектен тыс ХLІV сессиясының отырысы өткiзiледi.
Депутаттардың қарауына келесi мәселелер ұсынылады:
1. Ақтүйесай ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі
2. Уәлиханов аудандық мәслихатының 2025 жылғы 22 желтоқсандағы №2-36с «2026-2028 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы
3.Басқа сұрақтар
Тұрақты комиссия отырысы сағат 9.30-да өтеді.
Отырыстың онлайн-трансляциясы Facebook платформасында Уәлиханов аудандық мәслихаты парағы арқылы жүргізіледі.
Анықтама телефондары: 21-4-33, 21-2-37
Ү.ж. 20 тамыз күні Уәлиханов аудандық мәслихаты депутаттарымен жұмыс кеңесі өтті. Аппарат басшысы Төлеубаева Айжан Егінбайқызы депутаттар алдында түсіндірме жұмысын жүргізіп, екі маңызды тақырып бойынша баяндама жасады.
Жергілікті басқару туралы заңға өзгерістер:
Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейеді, оның негізгілері: елді мекендерді санитарлық тазарту қағидаларын бекіту, тұрғындарды көтермелеу шараларын анықтау сияқты жаңа функциялар қосылады; аппарат басшысының өкілеттігі заңда алғаш рет нақты бекітілді; депутаттық сауалға жауап беру мерзімі бір айдан 15 күнге дейін қысқарады.
Екінші мәселе: «Smart Maslihat-2030» жаңа жұмыс моделі
Аппарат басшысы депутаттарға 2026-2030 жылдарға арналған «Smart Maslihat-2030» жаңа жұмыс моделін таныстырды. Модель бес жобадан тұрады:
«Цифрлық депутат» - құжат айналымын, дауыс беруді және депутаттық тапсырмаларды бақылауды электрондық форматқа көшіру;
«Ашық маслихат» - сессия шешімдерін жариялау, тұрғындарға түсінікті тілде түсіндіру;
«Халықтық мониторинг» - тұрғындардың өтініштері бойынша депутаттардың жергілікті жерге шығып, мәселені қадағалауы, «Аудан мәселелерінің картасын» әзірлеу;
«Депутат жаныңызда» - ауылдық округтерде тұрақты қабылдаулар мен тұрғындармен кездесулер;
«Тиімді депутат және аналитикалық аппарат» - депутаттарға сараптамалық және талдамалық қолдау көрсету.
Модельдің басты мақсаты - мәслихатты тұрғындарға жақын, ашық және нәтижеге бағытталған заманауи институт ретінде қалыптастыру.
Бұндай стратегиялық маңызды құжат әзірлеу үшін Айжан Төлеубаеваның @apa.kz ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясындағы оқуынан кейінгі нәтижесі болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов аудандық мәслихатының шығып қалған сайлау комиссияларының орнына округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы хабарламасы
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – сайлау туралы Конституциялық заң) 10-бабына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов аудандық мәслихаты шығып қалғандардың орнына округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы хабарлайды (округтік сайлау комиссиясы: №10, учаскелік сайлау комиссиялары: №519).
Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Әрбір саяси партия тиісті сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатура ұсынуға құқылы.
Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы.
Саяси партиялардың ұсыныстары болмаған жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бірлестіктердің және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды.
Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелері және қалыптастырылушы комиссияларға қатысты жоғары тұрған сайлау комиссиялары мәслихатқа мынадай құжат тапсырады:
1) белгіленген нысан бойынша электрондық және қағаз форматта сайлау комиссияларының құрамына кандидатуралар туралы мәліметтер;
2) тиісті сайлау комиссияларының құрамына кандидаттарды ұсыну туралы саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің немесе олардың филиалдарының (өкілдіктерінің), жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешімінен үзінді көшірме;
3)саяси партияны, қоғамдық бірлестікті немесе олардың филиалдарын (өкілдіктерін) тіркеу туралы құжаттың көшірмесі;
4) кандидаттардың сайлау комиссиясының жұмысына қатысуға келісімі туралы белгіленген нысан бойынша өтініштері.
Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын адам сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Сайлау комиссиясының мүшесі осы комиссияның құрамын қалыптастырған мәслихат орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұруға тиіс.
Сайлау туралы Конституциялық заңның 23-бабының 3-тармағында көзделген сайлау учаскелерін құру жағдайларын қоспағанда, сайлау комиссиясы құрамының жартысынан көбі бір ұйымның жұмыскерлері болмауға тиіс.
Бір сайлау комиссиясының құрамына жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) кіре алмайды.
Мәслихатқа қағаз форматта ұсынылатын барлық құжаттарға қол қойылуы, мөр басылуы және орындалған күні, орындаушының тегі, аты-жөні және оның телефон нөмірі көрсетілген орындаушы туралы белгіні қамтуы тиіс.
Сайлау комиссияларының құрамы бойынша ұсыныстарды қабылдау Уәлиханов аудандық мәслихатында дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-ден 18:30-ге дейін жүзеге асырылады, үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ге дейін.
Аудандық мәслихаттың мекен-жайы: Кішкенекөл ауылы, Уәлиханов көшесі, 85.
Аудандық мәслихаттың төрағасы – Сәниев Сапар Қапарұлы.
Материалдарды жинауға жауапты: Төлеубаева Айжан Егінбайқызы, аудандық мәслихат аппаратының басшысы, жұм. тел. 8(71542)21-237, электрондық пошта мекенжайы: Ualmaslihat@mail.ru.
20 тамыз күні Уәлиханов аудандық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Сессияның басты мәселесі – аудан әкімі Мұрат Абдуловтың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы атқарылған жұмыстар туралы есебі болды. Сессия жұмысына мәслихат депутаттарымен қатар, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
Есеп барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелері талқыланды.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша аудан экономикасында оң динамика байқалады:
негізгі капиталға салынған инвестициялар 5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өскен;
құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 млрд теңгеге жетіп, 1,8 есеге артқан;
743 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген;
ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 862 млн теңгеге өскен;
ауыл шаруашылығы саласында 73 бірлік жаңа техника сатып алынып, оған 957 млн теңге бағытталған;
аудан негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша облыс аудандары арасында 5-орынға ие болды.
Сонымен бірге, ауданда әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда. Кішкенекөл ауылындағы жабық бассейн мен тренажер залының құрылысы 90 пайызға, Көктерек ауылындағы демалыс орталығының құрылысы 98 пайызға орындалған. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге бағытталған жобалардың жалпы құны 3 млрд. 295 млн. теңгені құрайды.
Сессия барысында депутаттар Асқар Шаткенов, Гүлнәр Баймағанбетова және аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Сайран Ташкин жарыссөзге қатысып, атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы кезеңдегі міндеттерді де талқылап, тұрғындар үшін маңызды мәселелерге назар аударды.
Сессия барысында бұдан бөлек, ауданның коммуналдық меншігін басқару, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасының іске асырылуы, аудан бюджетіне өзгерістер енгізу және жер салығының мөлшерлері бойынша мәселелер қаралды.
Сонымен қатар, сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу және аудан әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының жаңа құрамына қатысты мәселелер қаралып, тиісінше шешімдер қабылданды.