Шайсұлтанов Кенжебек Шайсұлтанұлы 1950 жылғы 22 мамырда Көкшетау облысы Қызылту ауданы Қызылту кентінде дүниеге келген. Қазақ. Медицина ғылымдарының докторы. 1975 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын «Санитарлық дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1977-1986 жылдар аралығында Қызылту аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бас дәрігері болып қызмет атқарды. Ол жалпы гигиена және денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру мен әлеуметтік гигиена бойынша жоғары білікті санитарлық дәрігер. 1986 жылдан бастап Көкшетау облысының, одан әрі республикалық деңгейде санитарлық-эпидемиологиялық саласында қажырлы да нәтижеге толы еңбек етті.
Кенжебек Шайсұлтанұлы денсаулық сақтау жүйесінде де, ұзақ жылдар бойы қызмет еткен көлік саласында да санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің белсенді және шебер ұйымдастырушысы.
К.Ш.Шайсұлтанов 100-ден аса ғылыми жұмыстардың авторы, оның бастамасымен 40-қа жуық санитарлық нормалар мен ережелер әзірленген. Елімізде алғашқы рет оның басшылығымен теміржол транспортындағы гигиеналық проблемаларды ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген.
Марапаттары: 1986 жылы денсаулық сақтау ісіндегі ерен еңбегі үшін «Халықтар Достығы» орденімен марапатталды. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Почетный железнодорожник», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, «Қазақстан темір жолына 100 жыл» мерейтойлық медалімен және басқа да наградалармен марапатталған.
«Уәлиханов ауданының құрметтi азаматы» атағы Уәлиханов аудандық мәслихаты сессиясының 2025 жылғы 31 наурыздағы №2-27с шешiмiмен берiлдi.