Амангелді Қанайұлы Балмұханов 1944 жылғы 10 тамызда Көкшетау облысы Қызылту ауданы «Социализм» колхозында дүниеге келген. Ұлты қазақ, білімі жоғары, биология және география пәнінің мұғалімі.
1965 жылы Петропавл педагогикалық институтын биология және география мұғалімі мамандығы бойынша, 1973 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
Еңбек жолын Көкшетау облысы Қызылту ауданы КПСС ХХІІ съезі атындағы орта мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1967 жылдан бастап Кеңес Армиясындағы қызметінен кейін, Көкшетау облысы Қызылту ауданы КПСС ХХІІ съезі атындағы орта мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 1967 жылдың желтоқсан айынан бастап Көкшетау облысы Қызылту ауданы Қызылту аудандық комсомол комитетінің хатшысы болды. 1971-1973 жж. Алматы жоғары партия мектебінде оқыды. 1973-1983 жылдар аралығында Көкшетау облысы Қызылту аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болды. 1983-1991 жылдары Валиханов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етті. 1991-1995 жылдары Көкшетау облысы Қызылту ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары болды. 1995-1997 жылдары Көкшетау облыстық әкімшілігінің мәдениет басқармасының бастығы, 1997-2001 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет департаменті бастығының орынбасары, 2001-2004 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы мәдениет департаментінің бастығы болып қызмет жасады. Біздің аудандағы қызметі барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.
Марапаттары: Құрметті белгі «Мәдениет қайраткері», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медалі, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалі (1971 ж.) «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі (1975 ж.), мерейтойлық медальдар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «10 жыл Астана».
«Уәлиханов ауданының құрметтi азаматы» атағы Уәлиханов аудандық мәслихаты сессиясының 2024 жылғы 15 тамыздағы № 4-21с шешiмiмен берiлдi.
Бондарцев Владимир Васильевич 1948 жылғы 10 наурызда Алматы облысының 28 панфиловшылар атындағы ауданында дүниеге келген 1954 жылдың маусым айында Тың жерлерді игерген жылы оның отбасы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Елтай совхозына қоныс аударды 1963 жылы сегіз жылдық Елтай мектебін, 1965 жылы Калинин орта мектебін бітірді.
Еңбек жолын 1963 жылы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Елтай совхозының шеберханасында слесарь және токарь болып бастаған 1963-1965 жылдары Самарқанд қаласындағы және Семей облысының Аягөз қаласындағы танк әскерлерінде Кеңес Армиясы қатарында қызмет атқарды Кеңес Армиясынан оралған соң Көкшетау техникумын "Автокөлікті пайдалану" мамандығы бойынша бітірді. Содан кейін Омбы автожол институтын бітірген.
20 жыл бойы Елтай совхозының автогараж меңгерушісі болып жұмыс істеді, 1990-1996 жылдары кәсіподақ комитетінің төрағасы болған, 1996 жылы "Родник" шаруа қожалығын құрып, онда бүгінгі күнге дейін шаруашылықтың басшысы болып табылады және 2011 жылы зейнетке шыққан. Үйленген, үш баласы бар, кіші ұлы әкесінің ісін жалғастыруда.
«Уәлиханов ауданының құрметтi азаматы» атағы Уәлиханов аудандық мәслихаты сессиясының 2024 жылғы 15 тамыздағы №4-21с шешiмiмен берiлдi.
Дүйсенбаев Есболат Еслямбекұлы 1953 жылы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Жұмысшы ауылында дүниеге келген
1968 жылы Өндіріс ауылындағы сегіз жылдық Калинин мектебін, 1971 жылы №2 Қызылту қазақ орта мектебін бітірген. 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін "Тарих" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1971 жылы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Өндіріс ауылындағы Калинин сегіз жылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған
Әр жылдары тарих, қоғамтану пәндерінің мұғалімі және К. Маркс атындағы орта мектеп жанындағы интернатының меңгерушісі, "Қызыл ту" аудандық газетінің тілшісі, аудармашысы, Өндіріс кенттік кәсіподақ комитетінің төрағасы, Өндіріс ауылдық кеңесінің хатшысы, Қызылту аудандық Халық депутаттары Кеңесінің референті, Өндіріс ауылдық Халық депутаттары Кеңесінің төрағасы, Өндіріс ауылдық округінің әкімі, Өндіріс шаруашылығы директорының орынбасары, Чернигов орта мектебінің директоры, Өндіріс орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, Уәлиханов ауданының білім бөлімінің басшысы, №1 Кішкенекөл орта мектебінің директоры, Өндіріс орта мектебінің директоры, Уәлиханов аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы болып қызмет жасаған 2016 жылы еңбек демалысына шықты.
Марапаттары: "Білім саласының құрметті қызметкері" төсбелгісі, "Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл" мерейтойлық медалі, "Уәлиханов ауданының білім беру саласының еңбек ардагері" медалі, "Қазақ Республикасына 100 жыл" медалі, "Құрметті ардагер" төсбелгісі.
«Уәлиханов ауданының құрметтi азаматы» атағы Уәлиханов аудандық мәслихаты сессиясының 2024 жылғы 15 тамыздағы №4-21с шешiмiмен берiлдi.
Дүйсенов Марат Сыздықұлы 1954 жылғы 10 қыркүйекте Көкшетау облысы Валиханов ауданы Чехов ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ, білімі жоғары, зооинженер.
1972 жылы Чехов орта мектебін аяқтаған. Кеңес Армиясы қатарына шақырылғанға дейін кеңшарда жұмысшы болып жұмыс істеген. Кеңес Армиясында қызметін өтеп, туған еліне оралып, жұмысын жалғастырып, алдымен жұмысшы, 1976 жылдың қазан айынана бастап спорт әдіскері қызметін атқарды. 1977-1978 жылдары Қазақстан ЛКСМ Ленин аудандық комитетінің комсомол және қаржы бөлімінің есеп секторының меңгерушісі болды. 1978 жылы Чехов ауылына оралып, мал шаруашылығының маманы, содан кейін жұмысшылар комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
1980 жылы С.М.Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтын зооинженер мамандығы бойынша сырттай тәмамдаған. 1983-1990 жылдар аралығында Валиханов ауданында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1993-1996 жылдары Чехов ауылында жұмысшы болып істеді. 1996 жылдан бастап Ақбұлақ ауылдық округі әкімінің қызметін 2012 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін атқарды. Қызмет еткен жылдары округтің дамуына қосқан үлесі зор. Округ тұрғындары ол адамға дән риза.
Марапаттары: «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдары.
«Уәлиханов ауданының құрметтi азаматы» атағы Уәлиханов аудандық мәслихаты сессиясының 2024 жылғы 15 тамыздағы № 4-21с шешiмiмен берiлдi.
Мұхамедкәрім Құрманұлы 1942 жылғы 23 наурызда Көкшетау облысы Қызылту ауданы Сарыкөл ауылдық кеңесі Жуантөбе ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Ақмола облысы, Бестөбе қалашығында орта мектепті бітірген.
Мұхамедкәрім Құрманұлының өмірі білім беру саласымен тығыз байланысты. Еңбек жолы 1958 жылдан Көкшетау облысы Қызылту ауданында бастауыш мектепте балаларға дәріс беруден басталды. 1965 жылы қазақтың Абай атындағы педагогика институтының физика және математика факультетін бітіргеннен кейін, білім беру жүйесінде еңбекке араласты. Институтта оқып жүрген кезінде Мұхамедкәрім Құрманұлы өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген ерекше қабілетімен көзге түсті.
1965-1972 жылдар аралығында ол Көкшетау облысы, Қызылту ауданындағы Қызылту орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды.
1972 жылдан бастап өмір жолы Қазақстанда ашылған екінші білім ордасы Қарағанды мемлекеттік университетімен тығыз байланысты. Осы университетте зерттеуші-стажер, ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін атқарды.
Білім беру саласындағы қызметі ерекше бағаланып, 1989 жылы Мұхамедкәрім Құрманұлы КСРО Жоғарғы Білім Министрлігінің «За отличные успехи в области образования СССР» белгісімен марапатталды.
1992-1994 жылдар аралығында, еліміздегі қайта құру кезеңінде Қарағанды қаласы Ленин ауданының аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
1972-2000 жылдар аралығында өзінің педагогикалық қызметін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тікелей ұштастырып отырды. Ол 1981 жылы физика саласында кандидаттық диссертация, ал 2000 жылы педагогика ғылымдары саласында докторлық диссертация қорғады.
2001-2004 жылдар аралығында Қарағанды экономикалық Университетінің Астана филиалының директоры қызметін атқарып, оның дамып өркендеуіне елеулі үлес қосты.
2000 жылдан күні бүгінге дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Еуразия гуманитарлық институтында «Педагогика және психология» кафедраларында профессор қызметін қосымша атқарып келді.
Ал 2004-2005 оқу жылынан бастап Еуразия гуманитарлық институты жанынан ашылған педагогика ғылымдары саласында кандидаттық диссертация қорғайтын кеңестің төраға орынбасары болды.
«Уәлиханов ауданының құрметтi азаматы» атағы Уәлиханов аудандық мәслихаты сессиясының 2024 жылғы 15 тамыздағы № 4-21с шешiмiмен берiлдi.