1952 жылғы 12 наурызда Көкшетау облысы Қызылту ауданы Ақсары ауылында дүниеге келген.
Қазақ күресі бойынша жалынды балуанының бірі, спорт ардагері. 1970 жылы Кішкенекөл орта мектебін бітіріп, Петропавл қаласындағы мұғалімдер институтына түскен. Көкшетау облысы бойынша қазақ күресінен бірнеше дүркін «Түйе балуаны» атанады.
1979 жылы Шымкент қаласында халқымыздың атақ-даңқын күрес арқылы бүкіл әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне ұйымдастырылған қазақша күресіне «Түйе балуаны» атанған. Осы жылы Көкшетау облысы бойынша бірінші болып спорт шебері атанды. Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының Каменка елді-мекенінде Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұловтың жүлдесіне Қазақстанның Орта Азияның бірінші жеңімпазы болып атанды.
Еңбек жолын аудан мектептерінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімдігінен бастаған, балалар спортын дамытуға және ауданымыздың спорт саласына үлкен үлес қосқан азамат. 1975 жылы «СПТУ-131» училищесіне ауысып дене шынықтыру және қазақша күрестен жаттықтырушы болып 1998 жылға дейін жұмыс жасады. Сол кезде біздің ауданымыздың спортшылары облыстық, республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көріне білді, үш спорт шеберін дайындады, олар: Сартай Нұрғалиев, Радик Уразбахтин, Яков Шпиндлер.
Әубәкір Мағауяұлы 2015 жылы дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Халықаралық қазақ күресі федерациясы Президенті Марат Шамшинуров атынан «Қазақ күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының Президенті Ислам Әбішевтің қолынан 2018 жылы «Қазақ күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» төс белгісіне ие болды. Қазақстанның спорт федерациясы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А.М.Мамытханұлының атынан 2022 жылы қазақ күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін төс белгісімен марапатталды.
Көпжылғы адал еңбегі үшін сан мәрте облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, мерейтойлық және салалық медальдарымен марапатталды.
1998 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып жұмыс атқаруда. Жеке кәсіпкер ретінде ауданның спорт саласын дамыту үшін демеушілік көмегін аямайды.
Жұбайы Шолпан Салыққызымен бес бала өсіріп, тәрбиеледі.
«Уәлиханов ауданының құрметтi азаматы» атағы Уәлиханов аудандық мәслихаты сессиясының 2023 жылғы 13 шілдедегі №3-5с шешiмiмен берiлдi.