Мәслихаттар жұмысы – тәуелсіз еліміздегі демократия салтанатының көрінісі. Мәслихаттар-Тәуелсіздігіміздің бір тірегі деп айтуға толық негіз бар. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң, мемлекет дамуының жаңа дәуірі басталды. 1993 жылы 28 қаңтарда еліміздің алғашқы Конституциясы қабылданды. Сол жылдың аяғында «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңы қабылданды. Осы Заңда бұрынғы «халық депутаттарының жергілікті кеңестері» ұғымының орнына «жергілікті өкілетті органдар» деген сөз тіркесі өмірге келді.
Мәслихаттың қызметі 2001 жылғы 23 қаңтарда жарық көрген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік бақару және өзін-өзі басқару туралы» Заңмен реттеледі.
1994 жылдың 7 наурызында Қызылту ауданы бойынша аудандық Мәслихат-Жиналысқа депутаттарды сайлау жөнінде 19 сайлау округі құрылып, 19 депутат сайланды.
1997 жылы Қызылту аудандық мәслихаты Уәлиханов аудандық мәслихаты болып өзгертілді. 1999 жылдың 10 қазанында жергілікті мәслихатқа депутаттардың сайлауы өткізіліп, аудандық мәслихатқа депутаттар сайлау үшін 12 сайлау округі құрылып, 12 депутат сайланды.
2012 жылғы 15 қаңтарда өткен сайлауда аудандық мәслихатқа 12 депутат сайланды.
Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 28 жыл толып отыр. Осы кезең ішінде аудандық мәслихат депутаттардың жетінші шақырылымы алмастырылып, онда барлығы 82 депутат қызмет атқарды. Депутаттардың арасында ауданның түрлі салаларында еңбек еткен Қулыкөл ауылдық ауруханасының бас дәрігері Сайлау Әубәкірұлы Ыдырысовты, білім саласының үздігі, №2 Кішкенекөл орта мектебінің директоры болған Тұрлыбек Темірғалиұлы Оспановты, жеке кәсіпкер Ұйымшыл Қабдуәлиұлы Сағындықовты, телекоммуникация саласының майталманы Ақылбек Жақыпұлы Валеевты, абыроймен зейнетке шыққан Орынбасар Жүнісұлы Жауаровты, Омар Жүнісұлы Жүнісовты, Ермек Қайыржанұлы Сұмағұловты, Тамара Александровна Вьюшкинаны атап өткен жөн. Бірнеше шақырылымның белсенді халық қалаулылары Ғазис Тайбасарұлы Мұқанов, Кенжебек Қайырбекұлы Жантілеуов, Күләш Нағымжанқызы Егімбаева, Марат Жұмағұлұлы Балтабаев, Маржан Маратқызы Латыпова, Бибінұр Бейсембайқызы Топанбаева сияқты депутаттардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бүгінгі күні де қосып отырған үлестері зор. Жылдан жылға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, биік белестерді бағындырып келе жатқан еліміздің дамуына, туған жердің гүлденуіне өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан мәслихат депутаттары әлі де игі дәстүрлерді жалғастыратыны сөзсіз.
Заңға сәйкес мәслихаттардың жұмысының басты нысаны сессиялар болып табылады және сол сессиялар арқылы Мемлекет басшысы қойған басты міндеттерді жүзеге асыра аламыз. Сессияларда көтерілетін сұрақтар әрқашан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізін қалайтын келелі мәселелер. Сол себепті олар қашан да басты назарда ұсталып, тиісті шешімдер қабылданған соң, оның орындалу барысы мәслихаттың жұмыс органдары болып табылатын тұрақты комиссиялардың бақылауында болады.