Қазақстанда тұрғын үй қорын ауқымды түгендеу жұмыстары басталады.
Еліміздің барлық көппәтерлі тұрғын үйлері біртұтас тізілімге енгізіледі. Онда үйдің мекенжайы, қабаттылығы, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың саны, ғимараттың жай-күйі, лифттер мен есепке алу аспаптары туралы мәліметтер көрсетіледі. Бұл жұмыс «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңды іске асыру мақсатында, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында және күрделі жөндеу мен техникалық тексеру бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау шеңберінде жүргізіледі.
Түгендеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 2-бабында айқындалған көппәтерлі тұрғын үй ұғымына сәйкес келетін барлық ғимараттарды қамтиды: бұл кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен және екі немесе одан да көп пәтерден немесе тұрғын емес үй-жайдан тұратын жеке тұрған ғимарат. Үйлер қабаттарының санына, меншік иелерінің санына, кондоминиум объектісінің тіркелуіне және басқару нысанының таңдалуына қарамастан есепке алынады. Оның ішінде ауылдық елді мекендердегі екі және төрт пәтерлі үйлер, сондай-ақ басқару нысаны әлі анықталмаған үйлер де қамтылады.
Әрбір үй тізілімде бірыңғай кілтке — мекенжайдың тіркеу коды (МТК) арқылы көрсетіледі. Осы код бойынша үйге басқа ақпарат көздерінен алынған мәліметтер тіркеледі: ғимараттың техникалық сипаттамалары, сандық және сапалық көрсеткіштері, үй-жайлар туралы деректер, басқару нысаны мен лифттердің жай-күйі туралы мәліметтер, инженерлік желілерге қосылу және есепке алу аспаптары туралы ақпарат.
Мәліметтерді беру тәртібі тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпаратты қалыптастыру, өңдеу, орталықтандырылған жинау және сақтау қағидаларында белгіленген. Аталған қағидаларда деректерді беруге міндетті ұйымдардың да тізбесі айқындалған. Оларға жергілікті атқарушы органдар, табиғи монополиялар субъектілері, мүлік иелерінің бірлестіктері, мүлік иелерінің кооперативтері және басқарудың өзге де субъектілері жатады.
Түгендеу барысында меншік иелерінің дербес деректері — тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірлері, құқық белгілейтін құжаттар және берешек туралы мәліметтер жиналмайды.
Тізілім не береді: күрделі жөндеуге және лифтілерді ауыстыруға жататын үйлердің нақты тізімдерін қалыптастыруға, үйлердің есепке алу аспаптарымен нақты жарақтандырылу деңгейін анықтауға, орташа есептелген көрсеткіштерге емес, нақты деректерге сүйене отырып, өңірлердің инженерлік желілерді жаңғыртуға қажеттілігін есептеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар коммуналдық төлемдер бойынша түбіртектердегі есептеулердің дұрыстығын қамтамасыз етуге, КСК, МИБ және басқарушы компаниялар арасында жұмыс жүргізу мен атқарушылық құжаттаманы жүргізу тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді.
Мәліметтерді жинауды облыстардың әкімдіктері аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тұрғын үй инспекциялары арқылы ұйымдастырады. Хабарламалар мен жұмыс нысандары мүлік иелерінің бірлестіктеріне, тікелей бірлесіп басқару нысанындағы үйлердің өкілдеріне, басқару субъектілеріне және коммуналдық қызметтерді жеткізушілерге жолданады.