Мереке күндеріндегі ХҚКО мен МХҚКО-лардың жұмыс кестесі
Қазақстан Республикасы күні мерекесіне орай, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар дүйсенбі, 26 қазан күні жұмыс істемейді.
Бұл ретте, 24 қазан, сенбі күні кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істейді. ХҚКО-лар азаматтарды сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды. Мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштер сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін қабылданып, құжаттар 13:00-ге дейін беріледі.
Шығыс Қазақстан облысындағы ХҚКО-лардың жұмыс күні бір сағатқа ерте басталып, бір сағатқа ерте аяқталатынын ескерген жөн.
27 қазаннан бастап ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар әдеттегі жұмыс кестесіне сәйкес қызмет көрсетеді.
Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың өзекті тізімін Мемлекеттік корпорацияның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан, сондай-ақ 1414 нөмірі арқылы білуге болады.
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.
Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.
QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.
Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.
Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.