Сәлеметсіз бе! Менің әжем қомақты зейнетақы алғанымен жартысына жуығын жерлеу рәсіміне жинап жүр. Осылайша өз қажеттіліктеріне, демалуға ақша жұмсаудан тартынады. Себебі, дүниеден озса туыстарына жерлеу үшін зейнетақы жинақтарын Қордың төлеп беретініне сенбейді. Бұл қаншалықты рас?

 

Сәлеметсіз бе! Менің әжем қомақты зейнетақы алғанымен жартысына жуығын жерлеу рәсіміне жинап жүр. Осылайша өз қажеттіліктеріне, демалуға ақша жұмсаудан тартынады. Себебі, дүниеден озса туыстарына жерлеу үшін зейнетақы жинақтарын Қордың төлеп беретініне сенбейді. Бұл қаншалықты рас?  

Жеке зейнетақы шоттарында жинақталған ақша салымшының (алушының) меншігі болып табылады және ол қайтыс болған жағдайда да БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталады.

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабы 5-тармағының ережелеріне сәйкес, алушы, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлейтін адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген, бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан аспайтын айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған біржолғы төлемді төлейді.

Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем төленгеннен кейін алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.

Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін зейнетақы шотында зейнетақы жинақтары қалса, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.

Зейнетақы жинақтарын мұраға қалдыру өсиет бойынша немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Өсиет болмаса, не бүкіл мұраның тағдыры айқындалмаса, сондай-ақ, азаматтық заңдарда белгіленген өзге де жағдайларда заң бойынша мұрагерлік орын алады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, мұрагер мұраны рәсімдеу орны бойынша нотариусқа немесе заңға сәйкес мұраны иелену құқығы туралы куәлік беруге уәкілетті лауазымды тұлғаға мұраны қабылдау, не мұраны иелену  құқығы туралы куәлік алу жөнінде өтініш беру арқылы мұраны қабылдауы тиіс. Мұрагерлік ашылған күннен бастап алты ай ішінде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде қабылдануы тиіс.

Мұраны қабылдау үшін белгіленген мерзімді өткізіп алған мұрагердің өтініші бойынша (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1072-2-бабы), егер мұрагер бұл мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алса, әрі одан кейінгі алты ай мерзім ішінде сотқа жүгінген жағдайда, сот бұл мерзімді қалпына келтіріп, мұрагерді мұраны қабылдады деп тани алады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, құқықтық мирасқорлар жеті кезекке бөлінеді, оның ішінде заң бойынша мұра алу құқығын бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, оның ішінде асырап алған балалары, жұбайы мен ата-анасы тең үлеспен алады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1083-бабына сәйкес, егер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер болмаса, не мұрагерлердің ешқайсысының мұра алу құқығы болмаса, не олардың барлығы мұрадан бас тартса, мұра иесіз қалған мүлік деп танылады.

Иесіз қалған мүлік мұрагерліктің ашылған жері бойынша коммуналдық меншікке өтеді.

 

Дата публикации
20 мая 2022