Дәрі-дәрмектің бағасын мемлекеттік реттеу бойынша
Бүгінгі таңға, жер бетінде кең тараған COVID-19 індетінің мутацияға ұшырап басқа да штамдарының пайда болуынан біздің өңірде де эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы байқалуда (аудан сары аймаққа кіріп отыр). Салдарынан, ауданда аурушаң көбейіп дәрі–дәрмекке сұраныс артуда. Осы ретте, жергілікті тұрғындар тарапынан бізге: дәрілік заттар тапшы болып, бағасы өсіп кетпейді ме? деген сұрақтар қойылуда. Әрине, тұрғындардың алаңдаушылығы орынды. Себебі, өздеріңізге мәлім пандемия кезінде аудандағы кейбір кәсіпкерлер пайданы артықтау табу мақсатымен дәрілік заттарға бағаларын қымбаттатып жіберіп, өкінішке орай тұрғындардың ашу-ызасын тұғызған болатын. Кейіннен мемлекет тарапынан бақылау жүргізіліп бұл мәселе реттелген болатын.
Жалпы төтенше жағдайлар еңгізілген кездерде дәрілік заттарға бөлшек және көтерме бағаларын қалыптастырудың ерекше тәртіптері бар. Ал, бейбіт өмір уақытында Қазақстан Республикасында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес көтерме және бөлшек саудада дәрі-дәрмектің бағасы жылына екі рет бекітіледі. ҚР ДСМ № 11.12.2020 жылғы №247 бұйрығы негізінде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарға, сондай ақ медициналық мақсаттағы бұйымдарға шекті бағалар мен үстемақыларды реттеудің, қалыптастырудың жаңа қағидалары бекітілді.
Осыған орай, «Дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы" ҚР ДСМ м.а. Ж.Бүркітбаевтың 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-138 бұйрығы қабылданып ағымдағы 2022 жылдың 8 қаңтар күні күшіне енген болатын. Аталмыш бұйрық негізінде бірінші қажеттілігі бар 7256 түрлі дәрілердің бөлшек және көтерме бағалары шектелген.
Қазақстанда тіркелген және айналыстағы дәрілік заттарға бағаларды мемлекеттік реттеу функциясы уәкілетті органға жүктелген. Біздің облыста уәкілетті орган болып ҚР ДСМ "Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" табылады. Аталмыш мекеме өз құзыреті шеңберінде бақылау және қадағалау жұмыстарын, ал жергілікті атқарушы орган түсіндіру және мониторингілеу жұмыстарын жүргізеді.
Осы ретте, Жетісай аудан әкімдігі жанында құрылған мобилді топтар тарапынан ауданда орналасқан жалпы тіркеудегі 45 дәріхананың, оның ішінде жұмыс істеп тұрған 42 дәріханаға, атап айтқанда «Мурат-Фарм», «Арзан-Фарм», «Мерей-Р» және т.б. желілік дәріхана иелеріне жоғарыда көрсетілген бұйрықтың сақталуын қадағалау және қамтамасыз ету, сондай ақ бағаларды тұрақты деңгейде ұстап, баға өсіміне жол бермеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге дәрілік заттарға белгіленген бағаны асырған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 426-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде қатаң ескертілді.
Айта кететін жайт, аудан тұрғындарын да заңдылықтың сақталуына өз үлестерін қосуға шақырамыз. Нақтылап айтқанда, тұрғындар жеке смартфондарына «DARI.KZ» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы, дәрі-дәрмектің бағасын бақылау мүмкіндігіне ие болады. Егер тұтынушы аталмыш «DARI.KZ» мобильді қосымшасы арқылы аудандағы дәріханаларда баға шектеу деңгейінен асып кеткенін байқаса, онда ол бұл факті бойынша облыстағы "Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне" (байланыс үшін 8/72533/71053, 87782848225, 87027495376) шағымдану арқылы заңдылықты талап етуге немесе Жетісай аудандық кәсіпкерлік бөліміне (байланыс үшін 87253479756 ) хабарлауға болады.
Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: Д.Толыбаев