GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Әкім аппараты
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
23 октября 2026
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке  көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.

Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.

QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.

Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.

Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.

 

 

 

22 октября 2026
Олжас Бектенов Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable іс-шарасына қатысты: жалпы құны $4,8 млрд болатын құжаттарға қол қойылды
📌 Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел) іс-шарасына қатысты. Биылғы іс-шараның Шымкент қаласында өтуі Еуразияның негізгі сауда ағындары мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің тоғысында орналасқан мегаполистің қарқынды дамуын көрсетеді.
Пленарлық отырыс басталар алдында Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібін, АӨК, энергетика және басқа да салалардағы бірқатар жобамен танысты. Олардың қатарында Жамбыл облысындағы Masdar жел электр стансасының құрылысы, Қарағанды және Түркістан облыстарындағы China Energy компаниясының ЖЭК саласындағы жобалары, Алматы облысындағы Carlsberg Group компаниясының алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты және Alatau city жобалары бар. Сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауытының құрылысына да ерекше назар аударылды.
KGIR-2026 алаңынна сындарлы диалог орнатуды мақсат еткен 40-тан астам елден келген 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі жиналды.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық отырысты ашқан Премьер-министр іскерлік қоғамдастық өкілдеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қалыптастырылып, белсенді дамып келе жатқан кең ауқымды инвестициялық мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.
«Біз халықаралық іскерлік қоғамдастықпен, оның ішінде бүгінгі Дөңгелек үстел аясында тікелей диалог орнатуға ерекше мән береміз. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, $300 млрд-тан асты. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл бұл көрсеткіш $300 млрд-қа жетеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға жарты трлн долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылса, тек соңғы 5 жылдың өзінде бұл көрсеткіш $100 млрд-тан асты. Біз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді құру және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғырту – аса маңызды міндет. Дәл осы стратегиялық басымдықтар 2030 жылға дейінгі жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан. Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі тұрақты мемлекет болып қала береді»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр инвесторларды Екібастұз қаласындағы «ДӨО алқабын» құру, жоғары технологиялы Alatau City қаласын салу және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын өзге де ауқымды бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін басым бағыттар ретінде өңдеу және химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру және көлік машина жасау, АӨК пен агроөңдеу, IT-инфрақұрылымды цифрландыру мен дамыту, жоғары технологиялық қалаларды салу аталды.
Қазақстанда инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған: инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Kazakhstan Investment House орталығында экспорттық және өнеркәсіптік қолдаудың 100-ден астам түрі қолжетімді болады, Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде, «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында ағылшын құқығы нормаларын қолдану мүмкіндігі бар, инвесторлардың құқықтарын Бас прокуратура деңгейінде қорғау тетіктері жұмыс істейді, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді Үкімет жанындағы кеңес жүзеге асырады. Инвестициялық тартымдылық халықаралық рейтингтермен де расталады. Жетекші рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық деңгейін растап отыр. Ал, S&P агенттігі еліміздің рейтингін тұрақты болжаммен «BBB» деңгейіне дейін көтерді. Бұл – соңғы онжылдықта қол жеткізілген осындай алғашқы көрсеткіш. Сонымен қатар еліміз Global Investment Risk and Resilience Index индексінде бірден 17 сатыға көтеріліп, әлем бойынша 53-ші орынға ие болды.
Премьер-министр жетекші шетелдік компаниялар жаңа жобалары үшін Қазақстанды таңдауды жалғастырып жатқанын атап өтті. Табысты жүзеге асырылып жатқан бастамалар осының айқын дәлелі. Мәселен, Stadler Rail Астанада жолаушылар вагондарының жаңа буынын шығаруды жолға қойды, Carlsberg Group қазіргі заманғы сусындар өндірісін ашты, Harvest Agro Holding ірі агроиндустриалды кластерді қалыптастыруда, Mars үй жануарларына арналған азық өндірісін құруда, ал Air Liquide сутегі өнеркәсібін дамытуда.
Пленарлық сессия барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, The Boeing Company президенті және бас атқарушы директоры Келли Ортберг, Ислам даму банкінің президенті, Ислам даму банкі тобының төрағасы Мухаммад Сулейман Аль-Джассер, Masdar бас атқарушы директоры Мохамед Джамиль Аль-Рамахи, Sarens Kazakhstan президенті Лудо Антон Саренс, Lasselsberger Group бас атқарушы директоры Йозеф Ласселсбергер сөз сөйледі
22 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 111,1 МЛН ДОЛЛАРЛЫҚ ЕТ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛАДЫ
Түркістан облысы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобаны жүзеге асыруға кіріседі.
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында Түркістан облысының әкімдігі мен «Nurym Group» компаниялар тобы арасында ет кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Nurym Group» компаниялар тобының құрылтайшысы Сырым Ертаев қол қойды. Жобаның жоспарланған инвестиция көлемі 111,1 млн АҚШ долларын құрайды.
Жоба өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға тың серпін беруге бағытталған. Ет кластерін құру ауыл шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттыруға, саланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және өңір экономикасын дамытуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық форум аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бірқатар ірі инвесторлармен де келіссөздер жүргізеді. Кездесулерде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, жаңа жобаларды іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселелері қарастырылады.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістерді орналастыру және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Ірі инвесторлармен байланыс орнату өңірдің экономикалық әлеуетін іске асыруға және жаңа инвестициялық бастамаларды пысықтауға жол ашады.
Айта кетейік, қол қойылған меморандум тараптардың ынтымақтастық ниетін бекітеді. Жобаны қаржыландыру мен іске асырудың нақты шарттары жеке келісімдер арқылы айқындалады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
21 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 9 МЛРД ТЕҢГЕЛІК МАЛ СҮЙЕГІН ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
📍Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыт іске қосылды. Ірі қара мал сүйегін кәдеге жаратып, одан қосылған құны жоғары өнім өндіретін жаңа кәсіпорынды іске қосуға «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС 9 млрд теңге қаржы бағыттаған.
🔰Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі. Облыс басшысы өндіріс орындарының ашылуы өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
📌– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында ірі қара мал сүйегінен май және пептон компоненттерін өңдейтін «Huating Biotechnology» зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуды тапсырған болатын. Заманауи технологияларды енгізе отырып, шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Түркістан облысы – мал шаруашылығы жақсы дамыған өңір болғанымен, біз оның әлеуетін толық пайдаланбай келеміз. Біздің міндетіміз – мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, оларды терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құндылық қалыптастыру. Бүгінгі бастама алдағы уақытта толыққанды өндіріс орнына айналып, осы жоба аясында тері өңдеу және желатин өндіру жоспарлануда. Бұл жоба өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосады деп сенемін. Осы сәтті пайдаланып, маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан арнайы Чжао Сюйдун мырзаға және «Huating Biotechnology» компаниясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін. Басталған іс сәтті жүзеге асып, кәсіпорын ұжымына табыс пен береке әкелсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«Tangshan Huating Porcelain Co., LTD» компаниясының бас директоры Чжао Сюйдун облыс әкімдігіне жобаны жүзеге асыруға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, өңірдегі өндірістік әлеуетті дамытуға бағытталған жоспарларымен бөлісті.
🔰Кәсіпорынға Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 10 гектар жер учаскесі берілді. Жобаның бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Компания алғашқы кезеңде пептон компоненттерін өндіруді жоспарласа, алдағы уақытта желатин компоненттерін өндірмек.
🔰Қазіргі таңда кәсіпорында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы – жылына 5 мың тонна өнім. Өндіріс орнының іске қосылуы нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
🔰Айта кетейік, пептон – биотехнология, микробиология және фармацевтика салаларында қолданылатын маңызды компонент. Оны өндіру ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға және өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістік бағытты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
🔰Іс-шара барысында лента қию рәсімі өтіп, қатысушылар кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралады. Зауыттың жұмыс барысымен компания басшысы таныстырып, өндірістің ерекшеліктері туралы мәлімет берді.
🔰Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, ауыл шаруашылығы шикізатын ұтымды пайдалануға және инвестициялық ахуалды нығайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
21 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЛЮМИНИЙ КОМПОЗИТТІК ПАНЕЛЬДЕР ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА ЗАУЫТ АШЫЛДЫ
📍Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Ақбұлақ елді мекенінде құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған алюминий композиттік панельдер өндіретін зауыты ашылды. Заманауи технологияларға негізделген кәсіпорын отандық құрылыс материалдарының өндірісін дамытуға және ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
🔰Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады.
📌– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігімізді нығайта түсетін айрықша мереке. Осы ұлы мереке қарсаңында алюминий композиттік панельдер өндіретін заманауи зауыттың ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бүгін іске қосылып отырған жаңа кәсіпорын – осы тапсырманы жүзеге асырудың нақты нәтижесі. Жаңа өндіріс орны құрылыс саласына қажетті алюминий композиттік панельдерін отандық өндірісте шығарып, жылына 3 млн шаршы метр өнім шығарылатын болады. Бұл еліміздің құрылыс индустриясын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге бағытталған маңызды бастама. Алдағы уақытта кәсіпорынның өнімін Орталық Азия елдері мен Ресей нарығына экспорттау жоспарлануда. Осы сәтті пайдаланып, маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан «Nur Group» компаниясының басшылығы мен ұжымына және барша атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Бүгін іске қосылған зауыттың жұмысына табыс, тұрақты өндіріс, мол өнім және отандық өндірістің дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
🔰Салтанатты рәсім барысында ауыл ақсақалдары лента қиып, жаңа кәсіпорынның жұмысына ақ батасын берді.
🔰Одан кейін облыс әкімі зауыттың өндірістік нысандарын аралап, технологиялық жабдықтардың жұмысымен танысты. Кәсіпорынның қызметі мен өндіріс барысын «Nur group» ЖШС директоры Абдулла Мухитдин таныстырды.
🔰Жобаның инвестициялық құны – 2,9 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 3 млн шаршы метр алюминий композиттік панель өндіруге қауқарлы. Зауытта 50 адам жұмыспен қамтылады.
🔰Жобаны жүзеге асыру үшін Ордабасы ауданының Ақбұлақ елді мекенінен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 3,9 гектар жер телімі берілді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған.
🔰Алюминий композиттік панельдер құрылыс нысандарының қасбеттерін қаптауда және ғимараттардың сыртқы келбетін әрлеуде кеңінен қолданылады. Сондықтан жаңа кәсіпорынның іске қосылуы құрылыс материалдарын өндіру саласының дамуына серпін беріп, отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірге инвестиция тартуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
21 октября 2026
🇰🇿🥇 АҚТОЛҚЫН СЕЙІЛБЕКОВА – АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ!
🇯🇵 Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Түркістан облысының спортшысы Ақтолқын Сейілбекова пара дзюдодан топ жарып, алтын медаль иеленді.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз қарсыластарынан басым түсіп, жоғары шеберлігі мен қайсар мінезін танытты. Осылайша, Ақтолқын құрлықтық додада Қазақстан қоржынына алтын жүлде салып, ел мерейін үстем етті.
Бұл – спортшымыздың табанды еңбегі мен тынымсыз дайындығының жемісі, сондай-ақ Түркістан облысы спортының кезекті жарқын жетістігі.
Ақтолқын Сейілбекованы тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, көк Туымызды асқақтата беруіне тілектеспіз!
🇰🇿 Жеңіс құтты болсын!
19 октября 2026
ТҮРКІСТАНДА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «КІТАППЕН КЕМЕЛДЕНГЕН ҰЛТ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітаппен кемелденген ұлт» атты дөңгелек үстел өтті.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өткен басқосуда алғашқы болып сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірде аталған жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалқаман Сарин кітаптың адам дүниетанымын кеңейтудегі, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудегі маңызы туралы ой қозғады. Сондай-ақ жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, оқырман талғамын қалыптастыру және кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру мәселелеріне тоқталды.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, кітапхана басшылары мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелді Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым жүргізіп отырды.
Ашық пікір алмасу барысында зиялы қауым өкілдері оқу мәдениетін дамыту, қала мен ауыл жастарын ортақ рухани құндылықтар төңірегіне біріктіру және зерделі ұрпақ тәрбиелеу жайында пікірлерін білдірді. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова «Кітап оқитын ұлт» жобасының ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырудағы маңызы туралы мазмұнды ой қозғады. Кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру, жастардың саналы таңдау жасап, терең ойлауына жол ашу – жобаның басты мұраты екенін атап өтті. Әр буынның ойын тоғыстырған кездесу - кітапқа құрметті арттырып, оқырман қалыптастыруға қоғам болып атсалысудың маңызын айқындады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 октября 2026
ТҮРКІСТАН: ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІ — ГИННЕС РЕКОРДЫНА ЕНГЕН HACKALEM AI 2026 ХАКАТОНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің YASAWI STARTUP бағдарламасының резиденттері HackAlem AI 2026 халықаралық хакатонында Communication (коммуникация) бағыты бойынша І орын иеленді. Қатысушылар саны бойынша әлемдік рекорд орнатқан халықаралық дода Guinness World Records рекордтар кітабына енді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен хакатон жасанды интеллект технологияларын дамытуға, инновациялық жобаларды қолдауға және жастардың технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.
🔹Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, елімізде жасанды интеллект технологияларын дамытуға, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге және инновациялық жобаларды қолдауға басымдық берді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі — Астана қаласында ұйымдастырылған HackAlem AI 2026 халықаралық хакатоны.
🔹Іс-шараның негізгі мақсаты — технологиялық идеяларды тәжірибелік жобаларға айналдыру, жас мамандардың әлеуетін ашу және Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамыту.
🔹 Қыркүйек айында басталған хакатонның финалдық кезеңінің нәтижелері бүгін жарияланды. Осы қорытынды бойынша YASAWI STARTUP командасы Communication бағыты бойынша жеңімпаз атанды.
🔹Хакатонды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Silkroad Innovation Hub, Blockchain & AI Technology Center және басқа да серіктестер ұйымдастырды. OpenAI компаниясы да іс-шараның серіктестері қатарынан табылды.
🔹HackAlem AI 2026 халықаралық хакатонына барлығы 1 066 жоба қатысып, олардың ішінен 60 жоба финалдық кезеңге жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша 12 бағыттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Хакатонның жалпы жүлде қоры 220 000 АҚШ долларын құрады.
Айта кетейік, аталған хакатон қатысушылар саны бойынша әлемдік рекорд орнатып, Guinness World Records рекордтар кітабына енді. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, рекордтың ресми есебіне 2 415 қатысушы енгізілген.
🔹HackAlem AI 2026 аясында қатысушылар энергетика, қаржы, басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустриялар, білім беру, инновациялар, коммуникация және сауда бағыттары бойынша жасанды интеллект шешімдерін әзірледі. Бұл бастама жастардың технологиялық құзыреттерін дамытуға, стартап-жобаларды ілгерілетуге және инновациялық идеяларды нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік береді.
Университеттің Коммерцияландыру офисінің ұйымдастыруымен халықаралық хакатонға қатысқан YASAWI STARTUP командасы Communication бағыты бойынша үздік нәтиже көрсетті.
✨Жеңімпаз команда құрамында:
🔸Абдулханов Ислам — Инженерия факультетінің түлегі;
🔸Сайдуллаева Рухшона — Экономика факультетінің студенті;
🔸Әуезханова Дилара — Филология факультетінің студенті.
🔺Командаға әдістемелік қолдау көрсетіп, жетекшілік жасаған — Тастанбеков Абылайхан.
🔹Бұл жетістік университетте стартап-жобаларды қолдау, студенттер мен жас түлектердің кәсіпкерлік әлеуетін дамыту және инновациялық идеяларды коммерцияландыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Сонымен қатар жастардың жасанды интеллект саласындағы әлеуетін ашып, отандық инновациялық экожүйенің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
19 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды
✔️Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.
– «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.
– Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.
15 октября 2026
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӘСІПКЕР ТӨРТ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ
Жетісай ауданы, Жылы су ауылдық округіне қарасты Байқоныс елді мекенінде қайыры мол қайырымдылық іс-шарасы өтті. Жетісайлық кәсіпкер Бақыт Төлбасиев өз қаражаты есебінен төрт отбасыға баспана сыйлап, елдің алғысына бөленді.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Мамытов елдегі жетімінің маңдайынан сипап, жесірінің қолтығынан демеп қамқорлық көрсетудің, қайырымдылық жасаудың сонау ықылым заманнан бері халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып, қанына сіңген қасиет екенін айтып, қайырымдылық жасаған жандарға алғысын білдірді.
– Біздің жағдайымызды ескеріп, кеудемізден итермей осылай көмек беріп жатқан азаматтарға, аудан басшысы мен баспана сыйлап отырған кәсіпкер ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Енді біздің де өз үйіміз, перзенттеріміздің өз бөлмелері болады, – дейді баспаналы болған ауыл тұрғындары.
Аталмыш сауабы мол игі шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша баспанаға шын мұқтаж отбасыларды анықтауда ауыл ақсақалдары мен жергілікті әкімдікпен жан-жақты талдау жасалған. Ортақ шешіммен осы төрт отбасыны лайық деп тапқан.
Жүзіне немесе шыққан тегіне, руына қарамай жарлыларға жақсылық жасауға жаны құмартып тұратын кәсіпкер мұндай қайырымдылық шарасының алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтады.
– Мемлекет басшысының, облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен кәсібімізді ашып, адал еңбек етіп келеміз. Жыл сайын қайырымдылық шараларынан қалыс қалмауға әрекет жасаймыз. Бұл жолы шын мұқтаж жандарға баспана салып беруді ұйғардық. Баспаналы болған бүлдіршіндердің жүздеріндегі қуаныш біздің ісіміздің дұрыс екенін, ары қарай да тоқтаусыз жалғастыру керек екенін ұғындырды, – дейді Бақыт Төлбасиев.
Айта кетейік, аудан басшысы Серік Үсенұлының тапсырмасымен халқы тығыз орналасқан Жетісай ауданында баспанаға мұқтаж жандардың, соның ішінде, жас мемлекеттік қызметкерлермен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызбасты, көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешеуге айқын бетбұрыс жасалған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы