Интервью с председателем Тюлькубасской районной территориальной избирательной комиссии Ерденом Абдинуровичем, посвященное "Всемирному дню выборов"

ӘР БЮЛЛЕТЕНЬ  ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ ТАҢДАУЫ

Ақпан айының бірінші бейсенбісі әлем елдерінде Дүниежүзілік сайлау күні болып аталып өтіледі. Бұл күн 2005 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан бекітілген болатын. Осы тұста  Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерден Қаратаев мырзаны  медия студиямызға арнайы шақырған болатынбыз. Сайлау тәртібі мен заңдылығы толық айтылған әдемі сұхбатты оқып шығуға кеңес береміз.

 

-Ерден мырза, студиямызға қош келдіңіз. Ең әуелгі сұрақты, дүниежүзілік сайлау күніне орай дайындықтың қай деңгейде жүргізіліп жатқанынан бастасақ.

-Саламатсыздарма, арнайы шақырған сіздерге де алғыс білдіремін. Жалпы, Дүниежүзілік сайлау күні 2005 жылы Будапештте өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы Конференциясынан бастау алып жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде аталып өтілуде. Бұл сайлау институтының маңызын арттыруға, азаматтардың сайлау құқығын қорғауға және демократиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Сайлау – халықтың өз еркін білдіруінің, билікке ықпал етуінің басты тетігі. Әрбір азаматтың дауыс беруі елдің саяси бағытын айқындап, қоғамдық дамуға тікелей әсер етеді. Осы тұрғыда Дүниежүзілік сайлау күні азаматтардың сайлау мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше мән береді.

Дүниежүзілік сайлау күні аясында Түлкібас аудандық аумақтық сайлау комиссиясы арнайы іс шаралар жоспарын түзіп, учаскелік сайлау комиссиялары аудандағы білім беру ұйымдарында ҚР сайлау жүйесі мен сайлау заңнамасын насихаттау бағытында түрлі ақпараттық-түсіндіру шараларын, дөңгелек үстелдер, кездесулер мен семинарлар өткізіп, жастарды азаматтық белсенділікке тартуға баса назар аударылуда. Өйткені жастардың сайлауға қатысуы – ел болашағына жауапкершілікпен қараудың айқын белгісі.

-Сайлау комиссиясының негізгі міндеттері қандай?

Қазақстан Республикасында сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастыратын мемлекеттiк сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады. Сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiн мыналар құрайды:

    1) Республиканың Орталық сайлау комиссиясы;

    2) аумақтық сайлау комиссиялары;

    2-1) округтік сайлау комиссиялары;

3) учаскелiк сайлау комиссиялары.

Енді мен аудан бойынша айтып өтейін. Ауданымызда 1 аумақтық сайлау комиссиясы (7),  17 округтік сайлау комиссиясы (85) және 60 учаскелік сайлау комиссиялары (366) бар. Комиссияның негізгі міндеттері: сайлаушылар тізімдерімен жұмыс жүргізу; дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау. Оның ішінде:  Мүгедектігі бар сайлаушылар үшін жағдайлар жасау; сайлау күні сайлаушылардың дауыс беруін заңға сәйкес ұйымдастыру; дауыстарды санау, дауыс беру қорытындыларын анықтау және жариялау.

-Алдағы сайлауға қандай дайындық жүргізілуде?

-6 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. 02 наурыз Кемербастау; 20 сәуір – Майлыкент; 29 маусым – Арыс, Тастұмсық, 13 шілде – Келтемашат; 14 қыркүйек – Жабағылы. Оның 5-і мерзімдері аяқталуына байланысты, 1 – і өз өтінішімен өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты кезектен тыс сайлау.  Биылғы жылы жоспар бойынша 1 кент әкімінің сайлауын өткіземіз. Састөбе кенті әкімінің өкілеттік мерзімі желтоқсан айында аяқталады. Сондай ақ өздеріңізге белгілі 20 қаңтар күні Қызылорда қаласындаөткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы конституциялық өзгерістердің болатындығын айтып өтті. Осы бағытта қазіргі таңда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өз жұмысын жүргізуде. Нәтижесі бойынша Референдум өту мәселесі қаралса, аудандағы комисия жұмыс жүргізуге дайын.

Барлық сайлау науқандары тағайындалған күннен бастап ауданымызда сайлауды заң талаптарына сәйкес өз дәрежесінде өткізу мақсатында  комиссия мүшелеріне заңдарды түсіндіру, сайлау күнгі комиссия мүшелерінің іс-әрекеттері әр түрлі ситуациялық жағдайларды көрсете отырып семинарлар өткізілуде. Яғни әр тағандалған сайлауда бірінші комиссия мүшелерінің сайлауға дайындығынан бастаймыз. Заңнамалар бойынша тест қабылданады. Сондай-ақ, сайлау учаскелерінің дайындығы, яғни жабдықталуы.

-Сайлау процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолданылады?

-Сайлау науқаны басталғаннан бұқаралық ақпарат құралдарында, аумақтық сайлау комиссиясының фейсбук парақшасында, аудан әкімдігінің ресми сайтында сайлауға арналған арнайы бет ашылған, осы сайтта комиссияның шешімдері, күнтізбелік жоспарларымыз, комиссия құрамы, кандидаттар туралы толық ақпараттар жарияланады. Алдында айтқанымдай әр сайлауда комиссия мүшелері заңға сәйкес өткізу мақсатында оқытылады және тест алынады.

Сонымен қатар, Дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан сенім білдірілген бір-бір адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден, әрбір телеарнадан үшеуден аспайтын өкіл және Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан және аудармашы бірге жүруге құқылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы. Міне осы азаматтар сайлау науқанының заңға сәйке әділ өтуін байқап отырады.

-Сайлаушылар тізімінің дәлдігін қалай тексересіз?

-Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды. Азаматты белгілі бір сайлау учаскесінде сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болып табылады. Әрбiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылар тiзiмiне әкiм қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша сайлау комиссиясына ұсынылады.Учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіктеріне тізім алынған сәттен бастап дауыс беру уақыты аяқталғанға дейін жүзеге асырылатын сайлаушылар тізімдерін нақтылау кіреді.

Сайлаушылар тізімін алғаннан кейін 5 күн ішінде комиссия тізіммен өздігінен жұмыс істейді – ол учаскенің шекараларындағы үйлердің барлығы тізімге енгізілгенін, заңды мекенжайлардың сәйкестігін анықтайды, қажет болған жағдайда, сайлау учаскесін аралап тексереді.

-Сайлау күні сайлау учаскелерінің жұмысы қалай ұйымдастырылады?

-Дауыс беру сайлау күні жергілікті уақыт бойынша сағат таңғы жетіден кешкі сегізге дейін өткізіледі. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 40-бабына сәйкес УСК дауыс беру басталардан бір сағат бұрын дауыс беруге арналған учаскелерді ашуға кірісуге тиіс. Әрі комиссия мүшесінің функционалдық міндеттері бөлінген. Учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беруге арналған үй-жайды ашады, технологиялық жабдықтардың, сейфтің дайындығын, телефондардың, факстың жұмыс жасап тұрғанын тексереді. Учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары дауыс беруге арналған үй-жайда, оның ішінде ақпараттық стендтерде болуы тиіс құжаттардың бар екенін тексереді. Комиссия хатшысы тізімдерді жұмысқа дайындайды, сайлау бюллетеньдерін комиссия мүшелеріне беру тізімдемесін жасайды, журналдардың, сайлау комиссиясы хаттамаларының үлгілерін тексереді. Учаскелiк сайлау комиссиясының хатшысы келген байқаушылардың, сенім білдірілген адамдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің белгіленген тәртіппен ресімделген құжаттарын тексереді және мәліметтерді арнайы тіркеу журналына енгізеді. Учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы учаскелiк сайлау комиссиясы мүшелерінің дауыс беруге арналған бос тұрақты және тасымалданатын жәшіктерді мөрлеу жұмысын ұйымдастырады. Учаскелiк сайлау комиссиясының мүшелеріне тізімдеме бойынша қол қойғызып сайлаушылар тізімін, сондай-ақ сайлаушылар бюллетеньдерiн береді.  Учаскені ашу туралы хаттаманы толтырылады.

Учаскенің дайындығы туралы хабарланып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін орындау. Сайлаушыларды дауыс беруге шақыру. Егер сайлаушылар сайлау учаскесіне келе алмаса (денсаулығына, отбасының науқас мүшесін күтіп-бағуына немесе сайлау учаскесі құрылмаған шалғай жету қиын жерде болуына байланысты), олар өздері болған жерде дауыс беруге құқылы. Бұл үшін сайлаушылар дауыс беру күні жергілікті уақытпен сағат 12-ден кешіктірмей жазбаша өтінішпен УСК-ға жүгінеді. Сайлаушылардың тұрғылықты жерінде дауыс беру рәсімі сайлау күні сағат 12-ден кейін өткізіледі. Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша дауыс беру үшін тасымалданатын сайлау жәшігі пайдаланылады.

-Сайлау нәтижелерін шығару оны жариялау тәртібі қандай?

-Сайлау күні сайлаушылардың дауыстарын санау – сайлау процесінің ең маңызды сәттерінің бірі. Дауыстарды санау байқаушылардың, сенім білдірілген адамдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізіледі. Барлық санау рәсімдері ашық және жария түрде жүргізіледі. Комиссия төрағасы дауыс берудің аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейін дауыс беруге арналған үй-жайға ешкім жіберілмейді. Дауыс берудің аяқталғаны туралы хабарланған сәтте дауыс беруге арналған үй-жайда жүрген сайлаушыларға дауыс беру рәсімін аяқтау құқығы беріледі. Дауыстарды санау рәсімі 6 дәйекті кезеңнен тұрады, олардың өзектілігі қатаң сақталуы қажет:

Тізім бойынша сайлаушылардың жалпы санын және сайлау бюллетеньдерін алған сайлаушылардың санын айқындау; пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санау және жою; дауыс беруге арналған жәшіктерді ашу.

Бірінші кезекте тасымалданатын сайлау жәшіктерді ашылады. Бюллетеньдерді санау, бюллетеньдерді есептеу әрбір кандидат бойынша жеке, «Бәріне қарсымын» деген бағанда белгісі бар бюллетеньдер бойынша жеке жүргізіледі.

Жарамсыз сайлау бюллетеньдеріне белгіленбеген үлгідегі; тиісті сайлау мүшесінің қолы қойылмаған; бір кандидаттан артық белгіленген; белгі қарындашпен қойылған, түзету немесе бұрмалау іздері бар;  сайлаушылардың ерік білдіруін анықтау мүмкін емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

Осы жерде дауыстарды қайта санау болуы мүмкін.Сенiм бiлдiрілген адамның жазбаша нысанда берілген өтініші бойынша дауыстарды қайта санаубiр рет қана жүргiзедi. Сайлау комиссиясының қорытынды отырысын өткізу.

Дауыстарды санау нәтижелерін сайлау комиссиясы қарайды және хаттамаға енгізеді, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды. Хаттаманың көшірмесі жалпы жұрттың танысуы үшін сайлау учаскесінің үй-жайындағы арнайы белгіленген орынға дереу ілінеді және үй-жайда екі күн бойы тұрады.        Ауылдық округ әкімін сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиясы УСК хаттамалары негізінде тиісті отырыста белгілейді. Ауылдық округтің әкімі болып басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.

Сайлау қорытындылары туралы хаттама жасалады, оған тиісті АСК төрағасы мен мүшелері қол қояды. Ауыл әкімдерін сайлау қорытындылары туралы хабарды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары сайлау өткізілген күннен бастап жеті күннен кешіктірмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды

-Сайлау заңнамасын бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған?

-50-бап. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық нақты көрсетілген.

  1. Тұлға:       1) сайлау комиссиясының жұмысына араласқан; 2) дауыс беруге кедергi келтiрген; 3) дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;5) кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған;   6) сайлау құжаттарын қолдан жасаған;   7) дауыстарды көрiнеу қате санаған;    8) сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған; 9) дауыс беру құпиясын бұзған;   10) Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылықта болады.
  2. Тұлға: 3) сайлау алдындағы үгiттi кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тiзiмдi тіркеу мерзімі аяқталғанға дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген; 4) сайлау алдындағы үгіт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген;  5) кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасаған;  6) сайлау комиссиясы мүшелерiнiң құқықтарын бұзған; 9) басқа адамдар үшiн дауыс беру мақсатымен азаматтарға сайлау бюллетеньдерін берген; 12) анонимдi үгiт материалдарын дайындаған немесе таратқан;        13) үгiт материалдарын қасақана жойған немесе зақымдағанжағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкiмшілiк және өзге де жауаптылықта болады.
  3. Осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы.
  4. Кандидат, саяси партия осы Конституциялық заңның талаптарын бұзған кезде, кандидатты тiркеуден бас тарту немесе тiркеудiң күшiн жою үшiн негiз болып табылатын талаптарды қоспағанда, оларға ескертiледi, ал қайта бұзған кезде тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

- Сайлау процесіне қатысты азаматтардан түскен сұрақтар мен өтініштерге қалай жауап беріледі?

      49-бап.

Азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерiн, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап бес күннiң ішінде қарайды.

      Сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жасалған шағымды, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап үш күннiң ішінде қарайды. Ал соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткізу мәселелеріне қатысты, оның ішінде сайлау туралы заңнаманың бұзылуы туралы сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңiнде келiп түскен арыздарын, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, оларды – бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.

-Сұхбат соңында жерлестеріңізге айтар қандай да бір ұсыныс, тілегіңіз болса, мархабат.

-Жалпы, Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық қоғам құру жолындағы ортақ жауапкершілікті еске салатын маңызды дата. Әрбір азаматтың белсенді ұстанымы мен саналы таңдауы ғана әділетті, ашық және тұрақты қоғамның негізін қалайды. Сондықтан аудан тұрғындарын сайлау және сайлану құқығын пайдаланып, белсенділік танытуға шақырамын. Еліміз аман, көк туымыз көгімізде мәңгілік желбірей берсін дегім келеді. Сіздің ұжымға да шығармашылық табыс тілеймін. Жақсы күндерде жолыққанша.

-Танымдық-ақпараттық әңгіме өрбіткен сізге де алғыс айтамын. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Аяжан МӘМЕТ.

Дата публикации
05 февраля 2026