Аудан әкімін сайлау тәртібі туралы

Аудан әкімін сайлау тәртібі туралы

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 29 наурызда VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс. Биыл, алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді деген болатын.

 

Республика Президенті айқындаған осы міндетті жүзеге асыру мақсатында Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 11 қыркүйекте өткен бесінші сессиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңды басшылыққа алып, пилоттық өңірлердің тізбесін және аудандар әкімдерінің сайлауын өткізу күнін белгілеу туралы шешімдерін қабылдады. Облыстық мәслихаттың шешімімен ағымдағы жылғы 5 қарашада Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандарының әкімдерін пилоттық режимде сайлау қарастырылды.

 

Қолданыстағы сайлау туралы Конституциялық Заңға сәйкес аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттың шешімімен белгіленген, аудан әкімін сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде елу күн бұрын сайлау тағайындайды.

 

Осы норманы басшылыққа алған Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясы (АСК) өзінің 15 қыркүйектегі отырысында аудан әкімін сайлау жөніндегі сайлау округін құрды, сайлауды 2023 жылғы 5 қарашаға белгіледі, оны әзірлеу мен өткізудің күнтізбелік жоспарын бекітті.

 

Аудан әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталып, сайлау өткізетін күнге 30 күн қалғанда яғни алдағы 5 қазанда сағат 18.00-де аяқталады.

 

Аудан әкімдігіне кандидаттар мынадай тәсілдердің бірімен ұсынылуы мүмкін:

  • белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелерінің арасынан тек бір кандидат ұсынуға құқылы;
  • азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен әкім болуға кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясына өтініш беру арқылы, мұндай кандидаттар дауыс беруге құқығы бар аудан сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1%-ның қолдауымен;
  • егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге екеуден аз кандидат ұсынылса, онда ұсынуды жоғары тұрған әкім жасайды.

 

Аудан әкімі болып сайлану үшін жасы жиырма беске толған, білімі жоғары Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасы Конституциясының, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңының, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының, «Жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» ҚР Президентінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 485 Жарлығының талаптарына сәйкес келуі тиіс.

Аудан әкімі мемлекеттік саяси қызметші болып табылады және бұл санаттағыларға қойылатын талаптар: білімі бойынша талаптарды, құзыреттері бойынша талаптарды және жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды қамтиды.

 

Әкім болуға кандидат еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тексеру үшін аудандық аумақтық сайлау комиссиясына мынадай құжаттар ұсынады:

  • ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • Әкімдікке кандидаттың қызметтік тізімі;
  • Еңбек кітапшасының көшірмесі;
  • Білімі туралы құжаттардың (қосымшаларымен) көшірмесі.

 

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы оларды жинақтап, еліміздің мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыстық департаментіне  ұсынады. Аталған орган ол құжаттарды зерделеп үміткердің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкестігін немесе сәйкес еместігін белгілейді.

 

Мемлекеттік қызмет саласындағы Заңнаманың талаптарына сәйкес деп танылған, әкімдікке өзін-өзі  ұсынған кандидат аудан сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдау табуға тиіс. Ол үшін оған аудандық аумақтық сайлау комиссиясы қол қою парақтарын береді. Кандидатты қолдап қол жинауды оның сенім білдірілген адамдары ұйымдастырады. Қол қою парақтары АСК-ға тіркеу кезеңі аяқталғанға дейін үш күннен кешіктірілмей ұсынылады. Толтырылған қол қою парақтарын АСК үш күн мерзімде құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктер беру жөніндегі уәкілетті органның жұмыскерлерін тарта отырып, жиналған қолдардың дұрыстығын тексереді және тиісті хаттама ресімдейді.

 

Әкімдікке кандидат республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында  қолданыста болатын ең төмен жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын аудан әкімі аппаратының шотына енгізеді. Әкімдікке кандидат ұсынған саяси партияда өз қаражаты есебінен осындай тәртіппен әрекет жасайды.

 

Енгізілген жарна, егер кандидат әкім болып сайланса немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының кемінде бес пайызын жинаса немесе кандидат қайтыс болса, кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Қалған барлық жағдайларда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және жергілікті бюджет кірісіне айналдырылады.

 

Тіркелгенге дейін кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады.

Кандидатты тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және әкім сайлауы өткізілетін күнге жиырма бес күн қалғанда сағат 18-00-де аяқталады.

 

Тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап сайлау болатын күннің алдындағы күнгі нөл сағатқа дейін сайлау алдындағы үгіт жүргізіледі. Сайлау алдындағы үгіт – сайлаушылардың белгілі бір кандидатты жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткі болу мақсатындағы қызмет.Ол БАҚ арқылы, сайлау алдындағы жария іс-шараларды, сондай-ақ, кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу, үгіт-баспа материалдарын шығару және тарату жолдарымен жүзеге асырылады.

 

Мемлекеттік органдарға, олардың лауазымды адамдарына, әскери қызметкерлерге, ұлттық қауіпсіздік органдарының құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға, сайлау комиссиясының мүшелеріне, діни бірлестіктерге сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, кез келген сайлау алдындағы үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.

 

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарға плакаттар, үнпарақтар, өзге де үгіт материалдарын басып шығару үшін бірдей сомада ақша бөледі.

 

Дауыс беру 5 қараша күні таңертеңгі сағат 7-00-де басталып, кешкі 20-00-де аяқталады. Сайлау қорытындысын аумақтық сайлау комиссиясы өзінің отырысында сайлаудан кейін үш күннен кешіктірмей анықтайды.

 

Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың басқа кандидаттармен салыстырғанда ең көп дауыс санын жинаған кандидат әкім болып сайланды деп есептеледі. Сайланған әкімді аудандық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімде тіркейді, тиісті куәлік береді.

 

Сайланған аудан әкімінің өкілеттіктері оны аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

 

Бір адам аудан әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

Сайланған аудан әкімінің өз өкілеттігі кезеңінде зейнеткерлік жасқа толуы оның өкілеттігін тоқтатуға негіз болып табылмайды.

 

Дата публикации
28 сентября 2023