Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. . Осыған орай, Созақ ауыл округінде 4 маусым күні Рәміздер Аллеясында салтанатты іс-шара аталып өтті. Аталған іс-шараны Созақ ауылдық округі әкімі Батырхан Аяпов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Аметов ашып, Тәуелсіздік құндылықтары жөнінде сөз сөйледі. Сонымен қатар, Созақ ауылына қарасты мекеме қызметкерлері, ауыл жастарының қатысуымен автошеру ұйымдастырылды. Бұл іс шара мемлекетіміздің егемендігі мен бір тұтастығын бейнелейтін рәміздеріміздің қадір қасиетін насихаттауға үлес қосты.
31 мамыр - «Саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні!
Бұл дата Қазақстан үшін, ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірі және айрықша мағынаға ие күн.
Халық жауларын анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Айта кетерлігі, дәл осы күні Қазақстанда ашарлықта қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтіледі. Тар жерде табысқандардың ұрпағы – кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды. Бейбітшіліктің бесігі атанып, бүкіл әлемге танылды. Төрт тарапты түгел мойындатып, өсіп-өркендеу жолына түсті Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес.
Осы күнге орай, Созақ ауылы жастар саябағында орналасқан Саяси қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғы қойылды. Сонымен қатар, қуғын сүргін құрбандарына арналып Ыдырыс Жуманазаровтың демеушілігімен ас беріліп, құран бағышталды. Қариялар арасында спорттық жарыстар өткізілді.
Созақ ауылында Созақ мектеп-гимназиясының 2004 жылғы мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер туған жерге тарту жасады. Созақ ауылына кіре беріс облыстық маңызы бар тас жолдың бойына ауыл атауы жазылған сәулеті келіскен қақпа тұрғызды.Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылына арнайы келіп, ауылға кіре беріс аумаққа көрік беріп, сәнді де сапалы етіп тұрғызылған сәулетті қақпаның лентасын қиып, ауыл тұрғындарын құттықтады.Ауылды көркейтуге бағытталған бұл үрдіс Созақ ауылында жыл сайын жалғасын тауып келеді. Бұған дейін де көптеген абаттандыратын, көрік беретін құрылыстар мен жағдайы төмен отбасылар үшін тұрғын үйлерде салынып, пайдалануға берілген болатын.Әрбір ауылдың кіре берісі мен қақпасы, сол ауылдың жағдайы мен мәдениетін білдіріп тұрады, қақпасына қарап ауылының деңгейіне баға беріледі. Бұл игілікті істеріңіз болашақ жас ұрпаққа үлгі болады деп сенеміз,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев түлектерге алғысын жеткізіп, Созақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Жақсыбаев ақ батасын арнады. Туған жерді түлеткен 20 жылдық түлектерге аудан әкімі мен аудандық мәслихат аппаратының алғыс хаты табысталды.Айта кетейік, жаңадан тұрғызылған сәулетті қақпаның биіктігі 6,5, ені 13 метрді құрайды. Ауылдың атауы жазылған жазулар мен қақпа аумағына түнгі жарықшамдар орнатылған. Өткен жылғы түлектер тұрғызған рәміздер аллеясы қарама-қарсы салынған қақпаның сәні мен сәулеті келісіп, ауылдың ажарын аша түскен.