Электрондық цифрлық қолтаңбаңызды қорғаңыз!
Электрондық цифрлық қолтаңбаның, яғни ЭЦҚ-ның қауіпсіздігі өте маңызды.
Азаматтардан келіп түскен шағымдарға сәйкес, кейбір жағдайларда үшінші тұлғалар ЭЦҚ кілттерін заңсыз пайдаланып, емханаға тіркеу сияқты қызметтерді азаматтың рұқсатынсыз рәсімдеп жатады. Бұл — жеке деректердің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына әкеледі.
Сондықтан әрбір азамат өз ЭЦҚ кілтін ешкімге бермеуі тиіс. ЭЦҚ — бұл сіздің жеке цифрлық қолтаңбаңыз.
Егер ЭЦҚ жоғалса немесе үшінші тұлғаларға берілсе, бұл Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзу болып есептеледі.
Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 640-бабы — яғни, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнаманы бұзу бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Өз деректеріңізді қорғаңыз. ЭЦҚ қауіпсіздігі — өз қолыңызда.