Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Сапар барысында «Қаратау» тұрғын үй кешенінің, 7 қабатты 14 тұрғын үйдің, Рәміздер алаңының және жаңа заманауи жекеменшік емхананың құрылыс жұмыстары қаралды.
Алдымен қала әкімі 8,4 гектар аумақта орналасқан «Қаратау» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен танысты. Кешен 5 қабатты 22 тұрғын үйден тұрады. Онда жалпы саны 880 пәтер бар. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 97 пайызға жеткен. Үйдің қасбетін қаптау, шатырын жабу және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары толық аяқталған. Ішкі әрлеу мен абаттандыру жұмыстары 95 пайызға орындалған. Жуырда 53 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан кейін қала әкімі «Астана» саябағын абаттандыру жобасы аясында салынып жатқан Рәміздер алаңының құрылысын көрді. Жалпы аумағы 20,2 гектарды құрайтын аумақта 4 гектар жерге Рәміздер алаңы, 8,9 гектарға саябақ және 7,3 гектарға аллея орналастыру көзделген. Жоба - тұрғындар мен қала қонақтарына демалуға, серуендеуге және бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы.
Сондай-ақ, 7 қабатты 14 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары пысықталды. Қазіргі таңда нысандардың дайындық деңгейі 80 пайызды құрайды. Келісімшарт талаптарына сәйкес құрылысты қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Республика күніне орай «Отбасы банк» арқылы 194 пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр. Қала әкімі жаңа заманауи жекеменшік емхананың құрылысымен де танысты. Нысанның дайындық барысы мен тұрғындар үшін қолайлылығы қаралды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады.
Аудан тұрғындарымен кездесуден кейін бірқатар азамат облыс әкіміне жеке мәселелерімен жүгінді. Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштерін тыңдаған Нұралхан Көшеров әрбір азаматтың мәселесіне мұқият қарау қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімі қабылдауға келген тұрғындардың барлығын тыңдап, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын тиісті сала басшыларымен бірге қарады. Кейбір мәселелер бойынша сол жерде жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, бірқатар өтініш бақылауға алынды.
Тұрғындар негізінен тұрғын үй, жер қатынастары, инфрақұрылым, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді.
Нұралхан Көшеров азаматтардың өтініштерін қарау кезінде мәселені тек тыңдап қана қоймай, оның нақты шешімін қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Жауапты басшыларға әрбір өтінішті заң аясында зерделеп, тұрғындарға нақты әрі түсінікті жауап беруді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 4,3 млрд теңгеге америкалық технология бойынша заманауи мал бордақылау кешені салынып жатыр. Жоба бір мезгілде 5 мың бас ірі қараны бордақылауға мүмкіндік береді.
🔰Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапары барысында Қақпақ ауылдық округінде болып, «Қарқын-2030» ЖШС жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаның құрылыс барысымен танысты.
⤵️Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамытуда осындай инвестициялық жобалардың маңызы зор екенін атап өтті.
📌– Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және инвестиция тартуға басымдық беріп отырмыз. Әсіресе, мал шаруашылығында заманауи технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін арттыру маңызды. Бұл жоба ауданның экономикалық дамуына серпін беріп, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да осындай бастамаларды қолдап, ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалануға күш саламыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
🔰16 гектар аумақта орналасқан алаңның құрылысы 2025 жылы басталған. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан кешенде өндірістік үдерістерді автоматтандыру, жем-шөп дайындау, малды күтіп-бағу және қалдықтарды басқару жүйелері қарастырылған.
🔰Нысан ветеринариялық, санитариялық және технологиялық талаптарға сәйкес жабдықталады.
🔰Жоба аясында 5 нысан салу көзделсе, бүгінде 4 нысанның құрылысы толық аяқталды. Кешен толыққанды қуатына биыл қосылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
🔰Қазіргі уақытта 3700 бас ірі қара мал қабылданып, 2500 бас мал бордақыланған.
🔰Аталған жоба Қазығұрт ауданының мал шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттырып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға үлес қосуды көздейді. Сонымен қатар ет өндірісін ұлғайтуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Жапонияның Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Қазақстандық экипаж академиялық есуден ерлер арасындағы M2− бәсекесінде алтын медаль жеңіп алды.
А финалында ұлттық құрама сапындағы түркістандық Владислав Яковлев пен Иван Чернухин мәреге бірінші болып жетіп, басты қарсыластары Қытай экипажын 2,09 секундқа басып озды.
Қазақстандық спортшылар бұған дейін ірі халықаралық жарыстарда да жүлделі нәтижелер көрсеткен. 2025 жылы Яковлев пен Чернухин ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, биыл Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында өткен Азия кубогында алтын медаль жеңіп алды. Азия ойындарындағы жеңіс олардың халықаралық аренадағы табысты нәтижелерінің жалғасы болды.
Түркістан облысының сайыпқырандары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Бұл ретте Түркістандағы ескек есу каналы су спортын дамытуға серпін беріп жатқанын айта кеткен жөн.
Айта кетейік, академиялық есуден жарыстар Қазақстан құрамасы үшін жалғасуда. Бүгін Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Ярослав Мельников және Тимур Фомичевпен бірге ерлер арасындағы төрттік сында А финалында да бақ сынайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде күзгі дала жұмыстарының барысы және мал шаруашылығын қажетті азық қорымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне күзгі жиын-терімді сапалы атқаруды тапсырды. Сонымен бірге терең өңдеу көлемін арттыру басым бағытқа ие екенін жеткізді.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 920,1 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық. Оның ішінде мақта 173,6 мың гектарға, майлы дақылдар 98,3 мың гектарға, жүгері 46,5 мың гектарға егілді. Мақта алқаптарының ұлғаюына заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу ықпал етіп отыр. Биыл мақта өсіруде озық технологиялар 91 мың гектарға енгізілді.
Қазіргі таңда негізгі дақылдарды жинау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Масақты дақылдар толық жиналып, 274,4 мың гектардан 534,4 мың тонна өнім алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 198,4 мың тоннаға артық. Майлы дақылдардың 86 пайызы жиналып, 84,5 мың тонна өнім өндірілді. Көкөніс пен картоп жинау жоспарының 93 пайызы орындалып, 1,18 млн тонна өнім алынды. Бақша дақылдарының 90 пайызы жиналып, 1,46 млн тонна өнім жиналды.
Мал қыстату науқанына қажетті азық қоры да қалыптастырылды. Облыста қысқы кезеңге 5,2 млн тонна мал азығы қажет болса, қазіргі таңда 5,28 млн тонна азық дайындалды. Яғни қажеттіліктің 102 пайызы қамтамасыз етілді. Оның ішінде 3,97 млн тонна шөп, 409,1 мың тонна сабан, 529,3 мың тонна сүрлем мен пішендеме және 358,6 мың тонна құнарлы жем әзірленді. Бұл биылғы қолайлы вегетациялық кезеңнің нәтижесінде мал азығы дақылдарының өнімділігі жоғары болғанын көрсетеді.
Күзгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 33,4 млрд теңге бағыттау жоспарланып, бүгінге дейін 1 841 жобаға 32,1 млрд теңге берілді. Сонымен қатар күзгі жұмыстарға 41,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да қарқынды. Биыл облыста 1 267 жаңа техника сатып алынды. Оның 892-сі 14,9 млрд теңгеге лизинг арқылы, 375-і шаруалардың өз қаражаты есебінен алынған. Нәтижесінде техника паркін жаңарту деңгейі 7,3 пайызды құрады.
Мәжілісте су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне де басымдық берілді. Биыл бұл технологияларды қосымша 50 мың гектарға енгізу жоспарланып, жалпы көлемді 164 мың гектарға жеткізу көзделген. Қазіргі таңда 44,6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Облыс әкімі аталған бағыттағы жұмысты жандандырып, жоспарланған алқаптарды белгіленген мерзімде іске қосуды тапсырды.
Биылғы 8 айда облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 714,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 109,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына 171,7 млрд теңге инвестиция тартылды.
Облыс әкімі жауаптыларға Нұралхан Көшеров күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы аяқтауды, мал азығына қатысты қажеттілікті толық қамтамасыз етуді, арзандатылған дизель отынын уақтылы жеткізуді және су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын арттыруды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің студенттеріне арналған екі апталық «Қазақ тілін үйрену бағдарламасы» басталды.
Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оксфорд университетінің Вольфсон колледжі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарламаның мақсаты – шетелдік студенттерге қазақ тілінің негіздерін үйрету, практикалық сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстанның тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері мен ұлттық құндылықтарын таныстыру.
Аталған бастама – Ұлыбританияның оқу бағдарламаларына қазақ тілін енгізуге бағытталған Oxford Birsöz жобасының практикалық жалғасы. Жоба жөнінде алғаш рет ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылғы 2 қарашада берген сұхбатында айтып, Қазақстан мен Оксфорд университеті арасындағы серіктестіктің маңызына тоқталған еді.
Бүгінде жоба сәтті іске асып, шетелдік студенттер қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға арнайы келді. Алдағы уақытта Оксфорд студенттері қазақ тілінің негізгі грамматикалық құрылымдары мен сөздік қорын меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста сөйлеуге машықтанады. Сабақтарды Ахмет Ясауи университетінің білікті профессор-оқытушылары заманауи әдістемелер негізінде жүргізеді.
Бағдарламаның ғылыми-әдістемелік мазмұнын әзірлеуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары атсалысты. Мамандар шетелдік студенттерге қазақ тілін деңгейлік негізде үйретуге арналған оқу-әдістемелік және лингводидактикалық тәсілдер ұсынды.
Халықаралық жобаның жүзеге асуына «Болашақ» бағдарламасының түлектері де үлес қосып отыр. Олардың Оксфорд университетімен орнатқан академиялық байланыстары осы ынтымақтастықтың дамуына жол ашты.
Айта кетейік, шетелдік студенттер үшін тілдік сабақтармен қатар, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын таныстыратын дәрістер, мәдени-ағартушылық кездесулер мен практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бағдарлама қатысушылары қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен, қолөнерімен және тағамдарымен танысады.
Сондай-ақ бағдарлама аясында Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына танымдық сапарлар жоспарланған. Қатысушылар аталған қалалардағы тарихи-мәдени ескерткіштерді, киелі орындар мен сәулет нысандарын аралайды.
Бұған қоса, Ахмет Ясауи университетінде 2026 жылғы 28-29 қыркүйекте өтетін «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуіріндегі ғылыми трансформация» III халықаралық симпозиумына арнайы қатысады.
Бұл жоба қазақ тілін шетелдік аудиторияға танытуға, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру, ғылыми және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында жалпы ұлттық «Дала дәмі» жәрмеңкелік акциясы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға ықпал ету.
Жәрмеңкеге өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен кәсіпкерлері қатысып, ет және сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын нарық бағасынан төмен бағамен ұсынды.
Тұрғындар жәрмеңке барысында қажетті өнімдерді тиімді бағамен сатып алып, отандық өндірушілердің өнімдерімен танысуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, Түркістан облысында халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ СЕНБІЛІКТЕ 3 ТОННАҒА ЖУЫҚ ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ
Келес ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасы «А-15» республикалық маңызы бар автожолының бойында, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округтер аумақтарында өтті. Сенбілікке жалпы 300-ге жуық адам қатысты. Атап айтқанда, аудандық әкімдіктің бөлім қызметкерлері, ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары және жергілікті тұрғындар атсалысты.
Іс-шара барысында аудан аумағындағы 50-ден астам ішкі көшелер тазаланып, ретке келтірілді. Жол жиектері мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, нәтижесінде 3 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы орындарға шығарылды.
ТҮРКІСТАН: «ЖАҢА ПРОГРЕССИВТІ КОНСТИТУЦИЯ – БІРЛІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
▪️Көрші елмен шекаралас әрі халық көп шоғырланған Сарыағаш ауданындағы қалалық орталық кітапханасында «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Енгізіліп жатқан өзгерістерді түсіндіруге арналған дөңгелек үстелге конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, азаматтық қоғам мен ғылыми қауымдастық, заңгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституциялық реформалардың мәнін түсіндіру және қоғам өкілдерімен ашық пікір алмасу болды.
▪️Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев модераторлық етті. Ол өз сөзінде Конституция мемлекеттің құқықтық, саяси және қоғамдық өмірінің негізі екенін атап өтіп, жаңа Конституциялық реформалардың басты мәні – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты жүзеге асыру екенін жеткізді.
📌– Мемлекет басшысы жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалайтынын айтты. Жаңа Конституция ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін трансформациялау үдерісі толығымен аяқталып, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшетінін көрсетеді. Жобаны әзірлеу мен талқылауға мыңдаған азаматтың белсене атсалысып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетінін және жаңа Конституцияның шынайы халықтық сипатын көрсетті, – деді Ертай Кенжебекұлы.
▪️Дөңгелек үстел барысында Түркістан облысы қоғамдық кеңестің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Бәйділдә Жылқышиев жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп, азаматтардың ұсыныстары негізінде әзірленгенін жеткізді. Ал облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Қамбаров құқық үстемдігі қағидатының күшейтілгенін, адам құқықтарын қорғау мен сот жүйесінің тәуелсіздігіне ерекше мән берілгенін атап өтсе, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі жаңа Конституцияның ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Сәлімов құжатта жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға басымдық берілгенін атап өтті.
▪️Жиын барысында жаңа Конституцияның институционалдық реформаларға негіз болатыны, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатыны айтылды. Ашық пікір алмасу барысында ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
▪️Мазмұнды форматта өткен дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар Жаңа прогрессивті Конституция ел бірлігі мен тұрақты дамудың берік іргетасы болатынына сенім білдірді.
▪️Айта кетейік, биылғы 11 ақпанда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» №1170 Жарлығы жарияланды. Он екі отырыстың нәтижесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленді. Жаңа Конституция мәтіні азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдарына жолдаған бастамалары негізінде әзірленіп, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жинақтаған тәсілдері де ескерілді. 1995 жылғы Конституция 9 бөлім 99 баптан тұрса, Жаңа Конституция жобасы 11 бөлім, 96 баптан тұрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫНА TELEGRAM БОТ АРҚЫЛЫ ШАҒЫМДАНА АЛАСЫЗ
Мемлекет тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдық беріледі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттері көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне және шешімдеріне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.
Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және азаматтардың өтініштеріне жедел кері байланыс орнату мақсатында өткен жылы «EgovKZBot2.0» telegram бот платформасы іске қосылған.
Бұл бот платформасының басты мақсаты мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша халықпен жедел кері байланыс орнату және туындаған сұрақтарға толыққанды ақпарат ұсыну.
Атап өту қажет, бот платформасы арқылы Департаментпен
2025 жылы 113 азаматқа, жыл басынан 12 азаматқа тиісті түсіндірмелер берілген.
Келіп түске өтініштердің басым көпшілігі әлеуметтік салаларға қатысты болған.
Мәселен, telegram бот платформасына Түркістан қаласының тұрғыны «Дәрігерді үйге шақырту» мемлекеттік қызметін ұсынбауға қатысты шағыммен жүгінген.
Аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтің тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 24 тамыздағы
№ ҚР ДСМ-90 бұйрығымен бекітілген Медициналық - санитариялық алғашқы көмек көрсету қағидаларымен реттеледі.
Өз кезегінде, жедел медициналық жәрдемді шақыртудың жеделділік санатының тізбесіне сәйкес диспетчерден шақыртуды алған сәттен бастап пациенттің тұрған жеріне дейін бигаданың келу уақыты 10 минуттан 60 минутқа дейінгі уақытты құрайды.
Бұл ретте, өтініш иесіне жедел медициналық көмектің мүлдем келмегені анықталып, Департаменттің ықпалымен қызмет алушыға медициналық көмек көрсетілді.
Егер Сіздің мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты ұсыныстарыңыз болса, сондай-ақ бірқатар қызметтер бойынша онлайн анықтама алғыңыз келсе ұялы телефоныңызға «Telegram» мессенджерін жүктеп, «EgovKzBot2.0» телеграмм ботын қолдана аласыз.
___________________
Телеграмм бот арқылы төменде көрсетілген тізбеге сәйкес өзіңізге керекті қызмет түрін таңдай аласыз.
- ХҚКО-на кезекті брондау
- 1414 операторымен байланысу
- Уәкілетті органға өтініш
- Әлеуметтік-еңбек саласының мәселелері бойынша оператормен байланысу
- Көрсетілетін қызметтер
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
- Egov mobile жүктеу
- Әкімшілік айыппұлдар болуын тексеру
- Таяудағы ХҚКО
- Қазақстанда ашық үкіметті дамыту бойынша ұсыныс
- Бот туралы
- Баптаулар
Егерде Сіздің Департаментке қандайда бір шағымыңыз болса, тelegram-бот арқылы жүгіне аласыз, нәтижесімен Сізге 3 жұмыс күні ішінде тиісті жауап ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
НАУРЫЗБАЙ АБЫЛАЙХАН ДАҒЫСТАНҰЛЫ