2026 жылдың тоғыз айында Skills Enbek онлайн-платформасында 114,8 мыңнан астам адам оқудан өтті. Олардың шамамен 47%-ы – ауылдық елді мекендердің тұрғындары. Оқуды аяқтағандардың 43,3 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Оның ішінде 16-34 жас аралығындағы 12,3 мың жас және ауыл тұрғындарының 23,5 мыңы бар, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Skills Enbek азаматтарға қосымша білім алып, жұмыс барысында және жұмысқа орналасу кезінде қажет болатын дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Онлайн форматта оқу орталығына бармай-ақ, өзіне ыңғайлы уақытта білім алуға болады. Курстар компьютер арқылы да, Enbek мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді.
Қазіргі уақытта платформада 1,3 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген. Платформа жұмысын бастағаннан бері 1,29 млн-нан астам сертификат берілді. Мұнда түрлі ұйымдардың авторлары әзірлеген 565 курс қолжетімді. Оның 60%-дан астамы тегін.
Пайдаланушылар арасында ақпараттық технологиялар, қаржы және бухгалтерлік есеп, әлеуметтік қызмет көрсету, тұрғын үймен қамту және тамақтану саласы, сауда мен қойма, сондай-ақ ауыл шаруашылығы бағытындағы курстар жоғары сұранысқа ие.
Ұлы Жеңістің мерекесі қарсаңында Қарақоңыр ауыл округінде тағылымды шара ұйымдастырылып, тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Ауыл округінің әкімі бастаған мекеме қызметкерлері ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстады.
Кездесу барысында ардагерлерге жылы лебіздер айтылып, олардың ел үшін еткен ерен еңбектері мен бейбіт өмір жолындағы жанқиярлықтары ерекше аталып өтті. Сондай-ақ ардагерлердің аулаларында тазалық жұмыстары жүргізіліп, сенбілік ұйымдастырылды.
Бұл игі шара — аға буынға деген алғыс пен құрметтің жарқын көрінісі. Тылда еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосқан ардагерлердің еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Осындай кездесулер жас ұрпаққа өнеге болып, үлкенді сыйлау мен ел тарихын қадірлеудің маңызын арттыра түседі.
Бейбіт күннің қадірін ұғындырған қарияларымызға құрмет көрсету — баршамыздың парызымыз. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, ел бірлігі нығая бермек.
Қариясын қадірлеген елдің рухы қашанда биік!
Шәмші ауылдық мәдениет үйінде 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті. Тағылымды кештің басты мақсаты – ел тыныштығы мен бейбіт өмір үшін жанын қиған батырларды еске алып, ардагерлерге құрмет көрсету болды.
Іс-шара барысында соғыс жылдарындағы ерлік пен батырлық кеңінен насихатталып, Отан үшін от кешкен боздақтардың рухына тағзым жасалды. Жиналған қауым майдангерлердің жанқиярлық ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мерекелік кеште патриоттық әндер шырқалып, көркемөнерпаздар Отанға деген сүйіспеншілік пен елге деген құрметті дәріптейтін әсерлі концерттік бағдарламаларын ұсынды. Ән мен жырдан құралған кеш көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Сонымен қатар, жастарға батырлар ерлігін үлгі ету, елжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу бағытында тағылымды ойлар айтылды. Ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы екені ерекше атап өтілді.
Бейбіт өмір сыйлаған батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың есімі мен өнегелі жолы ұрпақ жадында мәңгі сақталып, ел тарихында алтын әріппен жазыла бермек.
«Миллиондық жеткізілім»
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік
тәуекелдерін болжау орталығы жаңа алаяқтық толқын туралы ескертеді.
Шетелдік дереккөздердің ақпараты бойынша
(https://www.theguardian.com/money/2026/mar/01/cleaning-superstore-the-missed-deliverytext-scam-whatsapp, https://dzen.ru/a/aa5EsIuKNzrADYS3) зиянкестер жаппай
мессенджерлер мен SMS арқылы «жіберіп алған жеткізілім» туралы жалған
хабарламалар жібереді.
Бір қарағанда мұндай хабарламалар зиянсыз көрінеді және курьерлік
қызметтердің стандартты хабарламаларын еске салады. Мәтінде курьердің
сәлемдемені тапсыра алмағаны және жеткізілімді қайта ресімдеу үшін
арнайы параққа көшуді ұсынатыны көрсетіледі.
Алайда, көрсетілген мекенжай логистикалық компаниялардың ресми
ресурстарын толығымен еліктейтін жалған сайтқа апарады.
Пайдаланушыға жеке мәліметтерін - Т.А.Ә., ЖСН, тұрғылықты
мекенжайын көрсету, сондай-ақ жеткізілімді қайта жеткізу үшін аз соманы
төлеу ұсынылады.
Тиісті ақпаратты енгізгеннен және төлем төлегеннен кейін
қылмыскерлер құпия деректер мен банк деректемелеріне қол жеткізеді, бұл
қаржылық шығындарға ғана емес, сондай-ақ Сіздің дербес деректеріңізді
қылмыстық схемаларда әрі қарай пайдалануға да әкелуі мүмкін.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін қарапайым, бірақ маңызды
сақтық шараларын сақтау қажет:
- егер Сіз жеткізілімді күтпейтін болсаңыз, мессенджер және SMS
хабарлардан сілтемелер арқылы өтпеу;
- сайт мекенжайын мұқият тексеру - алаяқтық ресурстар көбінесе бір
немесе екі әріппен, белгілермен ерекшеленеді;
- күдікті ресурстарға құпия және банктік ақпаратты енгізбеу;
- жеткізілімнің мәртебесін курьерлік қызметтердің, логистикалық
компаниялардың ресми сайттары мен қосымшалары арқылы ғана тексеру;
- күдікті хабарламаларды алған кезде оларды елемеу және бұғаттау.
Аферистер азаматтардың сенімділігін және жеткізілім туралы
хабарламаларға жылдам жауап беру әдетін белсенді пайдаланады. Сондықтан
да мұндай схемалар шапшаң таралып, әркімге әсер етуі мүмкін.
Цифрлық ортадағы сақтық - қаржылық ысыраптардан және
дербес деректердің жария болуынан ең жақсы қорғау.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал мәселелері бойынша апталық штаб отырысы өтті. Жиынға департамент және басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары селокторлық режимде қатысты.
Жиын барысында қоғамдық-саяси ахуал жан-жақты талқыланып, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Күн тәртібіне сәйкес бірқатар жауапты басқарманың басшылары маңызды мәселелер төңірегінде есеп беріп, алдағы атқарылар жұмыстардың жоспарын баяндады.
Басқосуда қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, дер кезінде тиісті шараларды тиісті жүргізу баса айтылды.
Мәжіліс соңында облыс әкімінің орынбасары өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен орын алған өзекті мәселелер бойынша тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жауаптыларға жүктелген міндеттердің дұрыс атқарылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАНДА «ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ» АТТЫ ӨҢІРАРАЛЫҚ ФОРУМ АЯСЫНДА AI ХАКАТОННЫҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ
▪️Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум аясында екі кезеңнен тұратын AI Хакатонның салтанатты ашылуы өтті.
▪️Аталған форум Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация басымдықтарын іске асыруға және Цифрландыру жылы аясында Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталған.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының басшылары мен жастар қатысты.
▪️Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Цифрландыру департаментінің басшысы Мұрат Джакин, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Кадр жұмысы департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Жанар Темірбекова сөз сөйлеп, форумның стратегиялық маңызына тоқталды.
▪️Спикерлер цифрлық трансформацияны жеделдету, мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллект шешімдерін енгізу және қаржылық қауіпсіздік тетіктерін күшейтудің өзектілігін атап өтті.
▪️Екі күнге жоспарланған іс-шараның бірінші күні қатысушылар AI Хакатон аясында нақты мемлекеттік кейстер бойынша жобаларын әзірлеуге кірісті. Командалар қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерге жасанды интеллект негізіндегі практикалық шешімдер ұсынуда.
▪️Форумның екінші күні стратегиялық бағыттағы панельдік сессиялар мен сараптамалық пікірталастар өткізіліп, хакатон жобалары қорғалады және үздік командаларды марапаттау рәсімі өтеді.
▪️AI Хакатон қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, көлеңкелі экономиканың жолын кесу, тәуекелдерді ерте айқындау және мемлекеттік бақылау тетіктерін цифрлық технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді әзірлеуді көздейді.
▪️Хакатонға 114 команда, 400-ге жуық қатысушы тіркелді. Қатысушылар қатарында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген мектеп оқушылары, колледж студенттері және жоғары оқу орындарының білім алушылары бар. Сонымен қатар Астана және Алматы қалаларынан келген командалар іс-шараның республикалық деңгейдегі маңызын айқындай түсті.
▪️Қатысушылар бес негізгі бағыт бойынша жобаларын ұсынуда. Атап айтқанда, AI Digital Trace – Telegram платформасындағы заңсыз сатушыларды анықтау, лудоманияға қарсы AI – ойын тәуелділігін ерте анықтау және алдын алу, мемлекеттік сатып алуларды AI-талдау – манипуляциялық техникалық ерекшеліктерді айқындау, заңсыз интернет-ресурстарды AI-мониторингтеу – онлайн-казино, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық сайттарды анықтау, Open AI Challenge: Қаржылық қауіпсіздік – алаяқтық, көлеңкелі схемалар және қаржылық тәуекелдерге қарсы еркін бағыттағы шешімдерді әзірлеу.
▪️AI Хакатон – цифрлық дәуір жағдайында «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға, қаржылық қауіпсіздік инфрақұрылымын заманауи технологиялар арқылы күшейтуге және жаңа буынның зияткерлік әлеуетін мемлекеттік міндеттерді шешуге бағыттауға арналған стратегиялық алаң.
▪️Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту және цифрлық трансформация бағытындағы жүйелі жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.
Конституциялық реформа – елді жаңғыртудың жүйелі жолы. Президент бастамасымен қолға алынған өзгерістер саяси жүйені заман талабына бейімдеуді көздейді. Әсіресе цифрлық дәуірде азаматтардың құқықтарын қорғау нормаларының енгізілуі – өте өзекті шешім.
Бұл – мемлекет тек бүгінді емес, ертеңгі күнді де ойлайтынын білдіреді. Қазақстан болашағын адами капиталмен байланыстыру – үлкен стратегиялық бетбұрыс.
Қазақстанда көлеңкелі экономикамен күресу үшін деректерді талдаудың цифрлық платформасы құрылады
Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша жиын өтті. «Көлеңке» деңгейін азайту бойынша жүйелі күрес шеңберінде өткен жылы жаңа тәсілдер енгізілді. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларына тиісті KPI енгізілді. Көлеңкеде қалу қаупі зор сауда, құрылыс, көлік, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы секілді секторларда салалық жол карталары әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов атап өткендей, салалық жол карталарын жүзеге асыру алдын алу шараларының тиімді болуына мүмкіндік берді. Айналымдарды заңдастыру бойынша белгілі бір нәтижеге қол жеткізілді. Мысалы, ішкі саудада көлеңкелі айналым деңгейі 3,54%-дан 2,97%-ға дейін, білім беруде 1,52%-дан 1,1%-ға дейін, ауыл шаруашылығында 1,88%-дан 1,73%-ға дейін төмендеді. 2024 жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 16,71%-ға қысқарды. 2025 жылдың қорытындысы осы жылдың тамыз айында шығарылады.
Цифрландырудың қарқынды дамуы және цифрлық арналарды пайдалану арқылы жаңа көлеңкелі схемалардың пайда болуы шашыраңқы салалық жол карталарынан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың бірыңғай кешенді жоспарын қалыптастыруға көшу туралы шешімге алып келді. Smart Data Finance негізінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіретін және деректерді талдау мен өңдеуде жасанды интеллект құралдарын қолданатын цифрлық платформа құрылады.
Цифрлық платформа салық, кеден, еңбек және салалық жүйелердің дерегін салыстыруға, сұр схемаларды қолдануға бейім анағұрлым осал буындарды анықтауға, сондай-ақ олардың экономика секторлары арасындағы қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ЖИ құралдары Кешенді жоспардың орындалуын бақылау мен нысаналы көрсеткішке қол жеткізу тиімділігін бағалауда қолданылады.
Кешенді жоспар мен цифрлық платформа Үкіметтің көлеңкелі операциялар өрісін тарылту жөніндегі дәйекті жұмысының келесі кезеңі болады. Көлеңкеге бейім салаларды цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Тауарлардың ұлттық каталогы, отандық өндірушілердің тізілімі, тауарларды таңбалау мен қадағалау, цифрлық теңге мен цифрлық ҚҚС енгізіліп, ЭШФ барлық жерде қолданылады.
Сұр схемалардың қолданылуына анағұрлым осал саланың бірі – саудадағы көлеңкелі айналымды азайтудың қосымша шаралары қабылдануда. Нарықтағы қызметті жаңғырту мен ретке келтіру баға белгілеудің ашықтығын арттыруға арналған көтерме сатып алу стандартын енгізу есебінен қамтамасыз етіледі.
Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдарға Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп бір ай ішінде нақты цифрлық шешімдермен және ұсыныстармен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Бүгін Қарақоңыр ауылында ауылымыздың мақтанышы, елге еңбегі сіңген ардақты азамат, «Ленин» орденінің иегері Мұсаұлы Айтбек атамыздың туғанына 90 жыл толуына орай еске алу кеші ұйымдастырылды.
Жастайынан еңбекке араласып, маңдай терімен ел құрметіне бөленген Айтбек Мұсаұлы қаракөл қойын асылдандыру саласында қажырлы еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның өмір жолы мен еңбегі туралы бірнеше кітаптар мен мақалалар жарық көріп, кейінгі ұрпаққа тағылым болар мол мұра қалдырды.
Еске алу кешіне атамызбен қызметтес болған азаматтар, ауыл қариялары, ұрпақтары және ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында естеліктер айтылып, ардақты азаматтың елге сіңірген еңбегі мен адамгершілік қасиеттері кеңінен насихатталды.
Сонымен қатар, Айтбек Мұсаұлының өнегелі өмірін болашақ ұрпаққа таныту мақсатында арнайы естелік бұрыш әзірлеу жөнінде ұсыныс айтылды.
Ауылдан шыққан ардақты азаматтарды ұлықтау – жастарға үлгі, елге тағылым.
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қарақоңыр ауыл округіне қарасты Ш. Қалдаяқов ауылында жаңа, заманауи спорт кешені салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, «AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа спорт кешені – ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан. Ол тек балалар мен жастарға ғана емес, барлық жастағы тұрғындардың спортпен шұғылдануына арналған. Ауыл спорты – салауатты өмір салтын қалыптастырудың және болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің негізі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмалары аясында ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Жалпы аумағы 1474,6 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде әмбебап спорт залдары, жекпе-жекке арналған арнайы залдар, балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері, сондай-ақ футбол, бокс және күрес алаңдары қарастырылған. Бұл нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен жүйелі айналысуына мол мүмкіндік береді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жаңа спорт кешенінің ауылдың әлеуметтік дамуына қосатын үлесін атап өтті. Сонымен қатар Ұзақов Уалихан Жамалханұлы ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін жеткізді. Ал меценат Әбдімәжит Сыздықбеков ауыл спортына қолдау көрсету болашақта ел мерейін үстем ететін чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын айтты.
Барша ауыл тұрғындарын жаңа спорт кешенінің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, спортпен белсенді айналысуға шақырамыз.
Бірге спортпен шұғылданып, денсаулығымызды нығайтып, ауылымыздың дамуына үлес қосайық!