GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Әкім аппараты
Қызметі
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
24 октября 2026
РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ОТЫРАР АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ
Республика күні қарсаңында Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Темірболатұлы Чайзада, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, сала ардагерлері мен төтенше жағдайлар қызметінің жеке құрамы қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды. Одан кейін қатысушыларға жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары мен материалдық-техникалық жабдықталуы таныстырылды.
Ғимараттың құрылысы 2025 жылдың қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың қазан айында толық аяқталды. Нысанның басты ерекшелігі – құрылыс жұмыстары кәсіби құрылысшыларды тартпай, өрт сөндіру қызметінің жеке құрамының өз күшімен жүзеге асырылды.
Жаңа ғимаратты салу барысында бөлімнің ескі нысаны толық бұзылып, оның орнына заман талабына сай ғимарат бой көтерді. Сонымен қатар №9 өрт сөндіру бөлімі мен №30 өрт сөндіру бекетінің сыртқы келбеті жаңартылып, аумаққа асфальт төселді. Қызметтік автокөліктерге арналған автотұрақ салынып, сыртқы қақпа мен бақылау-өткізу бекеті жаңартылды.
Бұдан бөлек, қызметкерлердің күнделікті жұмысына қолайлы жағдай жасау мақсатында жуыну бөлмелері, қызметтік киімдерді жууға және кептіруге арналған арнайы бөлмелер жабдықталды. Ғимараттың инфрақұрылымы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсім барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Чайзада мен аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жаңа ғимараттың лентасын қиып, нысанның ішкі бөлмелерімен танысты.
Іс-шарада облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы мен аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.
Республика күні қарсаңында ашылған жаңа ғимарат – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам әрі төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған игі іс. Жаңартылған нысан құтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсартып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және адам өмірін сақтап қалу жолындағы қызметтің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
24 октября 2026
ОТЫРАР АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Отырар ауданында 25 қазан – Республика күніне орай «Менің Отаным – Менің Республикам» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер, мекеме қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шараға келген қонақтар алдымен аудандық орталық кітапхана ұйымдастырған тақырыптық кітап көрмесімен танысты. Көрмеге Қазақстанның тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары туралы әдебиеттер қойылды. Кітап көрмесі қатысушылардың тарихи танымын кеңейтіп, ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Іс-шара барысында жүргізушілер еліміздің егемендік жолындағы тарихи қадамдарына тоқталып, Республика күнінің маңызы мен мемлекеттілікті нығайтудағы айрықша рөлін атап өтті.
Мерекелік жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, ел тәуелсіздігін нығайту, туған жердің өркендеуіне үлес қосу және ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы сөз қозғады. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды.
Республика күні – еліміздің егемендігін айқындаған тарихи шешімнің маңызын дәріптейтін, ұлттық бірлік пен отансүйгіштік құндылықтарды ұлықтайтын мемлекеттік мереке. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке бастар тарихи жолындағы маңызды қадам болды.
Мерекелік жиын патриоттық әндер мен концерттік бағдарламаларға ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ел бірлігі мен ынтымағын нығайтып, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруды мақсат еткен шара мерекелік рухта қорытындыланды.
24 октября 2026
МЫРЗАХМЕТ ТЕМІРБЕКҰЛЫ «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
25 қазан – Республика күніне орай мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков «Құрмет» орденімен марапатталды.
Мырзахмет Темірбеков ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және ел мүддесіне қызмет етуге өз үлесін қосты. Оның өмір жолы мен еңбек тәжірибесі – кейінгі буынға үлгі.
Мемлекет тарапынан көрсетілген бұл құрмет – ардагердің ел алдындағы еңбегіне берілген жоғары баға.
Мырзахмет Темірбекұлын жоғары марапатымен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
22 октября 2026
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке  көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.

Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.

QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.

Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.

Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.

 

Ауыл шаруашылығы
12 октября 2026
«AQ-DALA – 2026»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТАШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан облысында дүниежүзілік мақта күніне орай «AQ-DALA – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округіндегі «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мақта алқабында өткен іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, өңір тұрғындары мен еңбек адамдары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда адал еңбек пен еңбек адамының мәртебесін арттырудың маңызын үнемі айтып келеді. Бүгінгі шара «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына сүйене отырып, құндылықтардың сабақтастығын айқындайды.
Салтанатты шарада облыс басшысы Нұралхан Көшеров көпшілікті мерекемен құттықтап, ауыл шарушылығы саласындағы жетістіктерге тоқталды.
– Бүгін біз Отырардың ақ даласында жиналып, ақ алтын өсірген азаматтардың еңбегіне құрмет көрсетіп отырмыз. Бұл мерекенің басты кейіпкерлері – дән өсіретін диқандар, өнім жинайтын механизаторлар, су жеткізетін мамандар мен мақтаны өңдейтін еңбеккерлер. Түркістан облысы үшін мақта – негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі. Оны өсіру, жинау және өңдеу мыңдаған тұрғынның еңбегімен байланысты. Сондықтан ақ алтынның қадірі, ең алдымен, оны өсірген адамның еңбегімен өлшенеді. Биыл облыста мақта 173,6 мың гектарға егілді. Қазір алқаптарда жиын-терім жұмыстары жүргізілуде. Маусым қорытындысымен 556 мың тонна мақта жинау көзделуде (32 ц/га). Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығында озық технологияларды кеңінен енгізіп, су үнемдеуге батыл көшу жөнінде нақты тапсырма берді. Су тапшылығы сезілетін біздің өңір үшін бұл – күнделікті жұмыстың басты бағыты. Бүгінде мақта алқабының 91 мың гектарында су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Жекелеген алқаптарда гектарына 60 центнерге дейін өнім алынуы суды ұқыпты пайдалану мен жаңа тәсілдердің нәтижесін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – мақтаны өсірумен шектелмей, одан түсетін табыстың көбірек бөлігін өз өңірімізде қалыптастыру. Осы бағытта мақта өсіруден бастап өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық тізбекті қамтитын елімізде теңдесі жоқ кластер қалыптасып келеді. Бүгін сіздер осы кластерлік жобалардың алғашқысы – «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның жобасымен танысып отырсыздар. Біз Түркістан мақтасын шикізат күйінде ғана өткізбей, оны терең өңдеп, дайын өнімге айналдыратын заманауи өндіріс жүйесін қалыптастыруды көздейміз. Жалпы аграрлық салаға шетелдік инвесторларды тартып, олардың озық технологиялары мен өндірістік тәжірибесін өңірімізге әкеліп жатырмыз. Ендігі міндет – осы тәжірибені өзіміз толық меңгеру. Инвестицияның нәтижесін біз тұрақты жұмыс орындарынан ғана емес, өзімізде қалыптасқан білікті кадрлар мен бәсекеге қабілетті дайын өнімнен де көретеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз – бір күннің емес, жылдар бойғы адал еңбектің нәтижесі. Ақ алтынды өсіріп, туған жердің берекесін арттырып жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Егін бітік шығып, әр маусым қуаныш пен молшылық әкелсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Сондай-ақ іс-шара барысында облыс әкімі бір топ озат еңбеккерге ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісін табыстап, үздіктерді «Құрмет» грамотасы және Түркістан облысы әкімінің мақта шаруашылығының үздігі дипломымен марапаттады.
Түркістан облысы – еліміздегі мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. Өңірде мақтаны өсіруден бастап оны өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасып келеді. 2030 жылға дейін облыста жалпы құны 212,6 млрд теңгені құрайтын 5 кластер іске асырылады. Нәтижесінде жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Бүгінгі күннің өзінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС озық технологияларды пайдаланып, 52 мың гектарға мақта егіп отыр. Жалпы қуаты 180 мың тонна болатын 2 мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасы мен ПВХ құбырларын өндіретін зауыттар, сондай-ақ жіп иіру фабрикасы іске қосылды. Нәтижесінде 1200 жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, тағы 2 мақта өңдеу зауытын және жылына 5 мың тонна мақта тұқымын өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жылына 45 млн шаршы метр тоқыма емес материал шығаратын зауыт, 45 млн шаршы метр мата бояйтын зауыт іске қосылады. Сондай-ақ мұнда жылына 7 млн жиынтыққа дейін тоқыма бұйымдары мен киім өндіретін тігін фабрикасы және джинс маталарын өндіретін кәсіпорын іске қосылмақ.
Облыста мол өнімді қабылдауға және өңдеуге қуатты инфрақұрылым бар. Өңірдегі 29 мақта өңдеу зауыты мен 169 қабылдау бекеті жылына 1 млн тоннадан астам шитті мақтаны қабылдап, өңдеуге мүмкіндік береді. Мақта шаруашылығындағы 25 мыңға жуық агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді.
2025 жыл – мақташылардың рекордтық жетістік жылы болды. Облыста 466 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналып, орташа түсімділік гектарына 32 центнерге жетті. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғары нәтиже.
Мерекелік іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологиялар, жергілікті өндірушілердің өнімдері мен азық-түлік тауарларының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
«AQ-DALA – 2026» шарасы – мақта шаруашылығының жетістігін ғана емес, еңбек адамының еңбегін, жаңа технологияны меңгерген мамандарды және ауылдағы жаңа мүмкіндіктерді дәріптейтін маңызды алаң.
Білім
09 октября 2026
БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Отырар ауданында «Бала қауіпсіздігі және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында ата-аналар жиыны өтті.
Аудандық мәдениет сарайында ұйымдастырылған жиынға білім беру саласының өкілдері, ата-аналар, мектеп педагогтері, медицина және отбасыны қолдау саласының мамандары қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отбасы, мектеп және қоғамның өзара байланысын нығайту, балаларға психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды саралау болды.
Іс-шараның шымылдығы Т. Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектептің педагогтері мен оқушылары дайындаған тәрбиелік мәні зор көрініспен ашылды. Көріністе бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі, отбасындағы қарым-қатынас пен балаға көңіл бөлудің маңызы көрініс тапты.
Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтіп, балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
Кездесуде отбасыларды қолдау, қиын жағдайға тап болған жанұяларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету мәселелері де кеңінен сөз болды. Осы бағытта отбасыны қолдау орталығының маманы ата-аналарға отбасындағы өзара түсіністік пен сенімнің маңыздылығы жөнінде түсіндірме берді.
Медицина мамандары өз кезегінде балалардың психологиялық және физикалық саулығына назар аударып, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, тиісті мамандардың көмегіне жүгінудің маңыздылығын атап өтті.
Жиынның ерекшелігі – ата-аналармен ашық пікір алмасу форматында өтуі. Қатысушыларға баланың зорлық-зомбылық туралы айтуға қорқуы, отбасындағы сөзбен кемсіту мен салыстырудың бала психологиясына әсері, интернет пен телефонға тәуелділік, сондай-ақ балаға күнделікті көңіл бөлу мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.
Ата-аналар өз ой-пікірлерін ортаға салып, бала тәрбиесінде жиі кездесетін мәселелермен бөлісті. Сонымен қатар жиын барысында әр отбасы мен білім беру ұйымы алдағы уақытта бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай нақты қадамдар жасай алатыны жөнінде пікір алмасты.
Жиында айтылғандай, бала қауіпсіздігі – тек мектептің немесе белгілі бір мекеменің міндеті емес. Бұл – ата-ана, ұстаз, маман және тұтас қоғам болып атқаратын ортақ жауапкершілік.
Баланың жан дүниесіне үңілу, оны тыңдай білу, қиындыққа тап болған сәтінде қолдау көрсету және сенімді қарым-қатынас орнату – жасөспірімдер арасында түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.
Жиын соңында қатысушылар бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды нығайту және жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
09 октября 2026
ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ!
Отырар ауданында шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, өмірге жол сілтейтін ұлғатты ұстаздардың төл мерекесіне арналған ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік кеште «Отырар өнер және саз мектебінің» оркестрі жиналған көпшілікті күмбірлеген күймен қарсы алды. Аудандағы білім беру ұйымдары дайындаған арнайы көрме жұмыстары ұсынылып, келген қонақтар ұстаздардың шығармашылық жетістіктерімен танысты.
Салтанатты жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы ашып, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Ұстаздық жолдың ауыр да абыройлы жүгін арқалаған ардақты жандардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Әкім мен төраға өңіріміздегі білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар мен марапаттарды табыстады.
Сонымен қатар, мерекелік жиынға арнайы қатысқан Түркістан облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Өсербаев Амантай Оразалыұлы білім саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген бір топ ұлағатты ұстаздарға басқарма басшысының Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.
Іс шарада ардагер ұстаздарға сый-сыйапат жасалып, одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төріне шыққан «Сегіз сері» тобының орындауындағы «Бипыл» мен «Ұстазым» әндері көпшіліктің көңілін көтерсе, жас өнерпаз Теміршаева Аяулымның орындауындағы «Ұстазым» әні жүректерге жылу ұялатты. Сондай-ақ Адиля Алмазқызы мен Сұлухан Рашидқызының «Ұстазға тағзым», «Аяла» тобының «Ұстазым ұнайды», Айгерім Ахауова мен Адиля Алмазқызының «Ардақты ұстазым» әндері кештің сәнін кіргізді. Салтанат Жиренбай мен «Сегіз сері» тобының орындауындағы «Ананың тілі» әні де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер қазақ баласы үшін қашанда қасиетті ұғым екені белгілі. Осы бір қағиданың астарына терең үңілдірген мерекелік кеш ұстаз мәртебесін бір саты жоғары көтеріп, қатысушыларға ұмытылмас рухани әсер сыйлады.
"Отырар-Жылу" МКК
09 октября 2026
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелерін талқылау мәжілісі өтеді

                         Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары!

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңына және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдау жүргізу туралы қағидалар кестесіне сәйкес,"Отырар-Жылу" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 2026 жылы 17 тамыз бен 28 қыркүйек аралығында ішкі талдау жұмыстары жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелерін талқылау мәжілісі 10.09.2026 жылы сағат 10/00де «Отырар Жылу» МКК кеңсесінде өтеді.

Сізде аталған сала қызметіне қатысты ұсыныс-пікірлеріңіз болса, жоғарыдағы көрсетілген мекен-жай мен байланыс құралдары арқылы хабарласуға мүмкіндігіңіз бар екенін хабарлаймыз.

 

Мекен-жайы:

Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Жібек-жолы №14

Байланыс: +7 777 188 05 06

Эл.почта: ozhylu@mail.ru

 

Ішкі саясат
Мәдениет және тілдерді дамыту
Экономика және қаржы
Дене шынықтыру және спорт
Кәсіпкерлік және туризм
Құрылыс және сәулет
Білім
Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, транспорт
Ауыл шаруашылығы
Жер қатынастары
08 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ОТЫРАР ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, АУДАННЫҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫН АЙҚЫНДАДЫ
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Жиында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Өңір басшысы көтерілген мәселелерді тыңдап, тиісті жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар кездесуге келген тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жеке тыңдап, қабылдау өткізді.
– Бүгін қазақ өркениетінің алтын діңгегі, киелі Арыстанбаб бабамыз мәңгілік тыныстап жатқан, талай тарихи оқиғаның куәсі болған Отырар өңірінің тұрғындарымен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын.
Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. 2026 жылдың 8 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 67,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,6 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,3 млрд теңгеге жетсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,6 млрд теңгені құрады.
Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 28,6 млрд теңгені, сауда көлемі 5,3 млрд теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 26,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 9,9 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 14,5 мың шаршы метрге жетті.
Ауданда биыл Темір ауылындағы Темір станциясын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Биыл Балтакөл, Маяқұм және Көксарай ауылдық округтеріндегі 7 елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстары басталды. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда, аудан бойынша газбен қамтылған елді мекендер саны 29-ға жетіп, қамту деңгейі 78,4 пайызды құрайды.
Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Бұдан бөлек, ауданда жол және инфрақұрылым мәселелерін шешуге басымдық берілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 58,5 шақырым болатын 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан бойынша автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 87 пайызға жеткізу көзделген.
Сонымен қатар 11 елді мекенде балалар ойын алаңдарын салу, 19 елді мекенде көшелерді жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар салу жұмыстары қолға алынған. Бір елді мекенде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Кездесуде Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауданның өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар білім беру, автомобиль жолдары, кәріз жүйесі, инженерлік инфрақұрылым, жер қатынастары және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді. Әрбір мәселе бойынша жауаптар беріліп, тиісті жұмыстарды жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Кездесуден кейін облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген азаматтардың өтініштері қаралып, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
05 октября 2026
ОТЫРАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ АҚҚҰМ АУЫЛ ОКРУГІНДЕ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының ауыл тұрғындарымен кездесуі Аққұм ауыл округінде қорытындыланды.
Кездесу барысында аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, ауыз су, жол және ирригациялық жүйелерді жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар, Аққұм ауыл округінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар кеңінен айтылды. Атап айтқанда, ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу, көшелерді жөндеу, каналдарды бетондау, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жобалардың маңыздылығы сөз болды.
Ауылда су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. «Жанбол LTD» ЖШС тарапынан тамшылатып суғару әдісімен 886 гектар жерге мақта дақылы егілсе, «Аққұм» ЖШС мен «Қазына-2030» ЖШС жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізген.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында Аққұм ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа ұңғымалар қазылған. Сондай-ақ, демеушілер есебінен «Жастар саябағының» құрылысы басталып, ел игілігіне берілген.
Көшелерді жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Өткен жылдың есепті кезеңінде Ж.Омаров және И.Байдәулетов көшелеріне асфальт төселсе, биыл бірнеше көшеге асфальт және тас төсеу жоспарланып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен іске асуда.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан ауылға кіреберіс автожолды кеңейту, ағын су мәселесі, интернет сапасын жақсарту және жаңа әкімшілік ғимаратын салу мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Кездесуден кейін аудан әкімі зейнеткер, 75 жастағы Асан Маханбет Шекерұлының үйіне арнайы барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Қария ел болашағына қатысты келелі әңгімелерін айтып, аймақтағы іске асып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді. Мереке қарсаңында көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы