ОТЫРАРДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ОТЫРАРДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Қашан да баласын қайырымдылыққа, имандылыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеп, ынтымақпен, бірлікпен іс қылғанда ғана жетістікке жете алатынын ұқтырған халқымыз елге қызмет ету қоғамға қызмет етуден басталатынын ертеректе айтып кеткен. Халқымыздың осынау өнегеге толы ұлағатты сөзі күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймай, жастарды жақсы істерге ұйыстырып келеді.

Сондай игілікті істің бірі Отырар ауданы, Көкмардан ауылында жүзеге асып отыр. Ауыл жастары бірлесіп қоғамдық қор құрып, қорға жиналған қаржыны қайырымдылыққа жұмсап келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған жеті баланың анасы өз жағдайын айтып, ауыл азаматтарынан көмек сұраған еді. Енді міне араға бірер уақыт салып аталған отбасына жаңа баспана салып беріп, шаңырақты шаттыққа бөледі. Бір қызығы тұрғын үйдің қазығын қағып, іргетасын қалап жатқанда бұл отбасының жеті перзенті болған еді. Жаңа ғимарат біткенде көпбалалы отбасына тағы бір жан қосылып, қуанышты еселеп отыр. Ауыл азаматтары қос қуаныштың қатар келуін жақсылыққа балап, жақсы істер жалғасын табады деген ниетте. Осылайша бір отбасыны қуанышқа бөлеген ауыл жастары бүгін көпбалалы отбасына тұрғын үйдің кілтін табыстап, жаңа ғимаратта ас беріп Құран оқытты. Жағымды жаңалықты бөлісуге келген ауыл қариялары ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындарына ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.