Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының халықпен кездесуі Қарғалы ауыл округінде жалғасын тауып, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында ауыл округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау және абаттандыру салаларында жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды.
Ауыл шаруашылығы саласында 4780 гектар жерге егіс егілді. Сонымен қатар, Д.Алтынбеков каналының 10,7 шақырымын бетонмен қаптау жұмыстары басталып, бұл жоба аяқталған жағдайда ауылдағы ағын су мәселесін шешуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Мал шаруашылығында да өсім байқалып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 11 отбасы жеңілдетілген несие алып, ауылға 116 бас ірі қара әкелінген.
Инфрақұрылым бағытында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры Т.Ибрагимовтің туған жері Отырар ауылынан жаңа саябақ салынып, батырдың бюсті орнатылды. Былтыр жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілсе, Қарғалы ауылында тұрғындардың сұранысына сәйкес «Актив» байланыс стансасы іске қосылды.
Кездесуде аудан әкімі алдағы уақытта ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан басшысы көтерілген мәселелер назарға алынып, заң аясында шешілетінін атап өтті.
Кездесуден кейін аудан әкімі жасы 90-нан асқан зейнеткер Алтын Исаеваның үйіне барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Батыр ананың иығына кестелі орамал жауып, құрмет көрсетті. Еңбекке ерте араласып жас ұрпаққа саналы тәрбие беруде өнегелі өмір жолын үлі еткен қарт ана көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.