Егер сіз бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматқа күтім жасап отырған болсаңыз, онда жәрдемақы рәсімдеуге толық құқылысыз. Біз бүгінгі #oqy&toqy айдарымызда бұл жәрдемақыны ХҚО арқылы рәсімдеу жолын көрсетпекпіз.
Тіркелген жеріңіз бойынша ХҚО-ға кезекті алдын-ала брондаңыз;
Тіркеу бөліміне белгіленген уақыттан 20 минутқа ерте келіп, броныңызды растап, жеңілдік терезесіне талон алыңыз;
Операторға келесі құжаттарды тапсыру арқылы қызметке өтініш қалдырыңыз:
Қызмет алушы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтың жеке куәліктері;
Егер мүмкіндігі шектеулі азамат іске қабілетсіз болып танылған болса, онда оның заңды қамқоршысының құжаттары;
Егер сенімді өкілі жүгінсе, оның нотариалды расталған сенімхаты;
Егер оралман мәртебесі бар болса, онда оны растайтын құжат;
Қызмет алушының бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке қамқоршы ретінде белгіленгенін растайтын құжат;
Мүмкіндігі шектеулі азаматтың мүгедектігі туралы сараптама орталығының анықтамасы;
Жәрдемақы аударылатын есепшот жайлы банк анықтамасы;
Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Байқоңыр қаласының тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы;
ХҚО-ға қызметті рәсімдеу үшін, I топтағы мүгедек іске қабілетсіз болса, онда оның заңды өкілі немесе қамқоршысы келеді. Ал іске қабілетті болып табылған азамат өзі келуі қажет.
Қызмет көрсету уақыты – құжат тапсырған күнді есепке алмағанда 7 жұмыс күні
Ескерту, құжаттарды толықтыру немесе басқа да өзгерістерге байланысты жәрдемақы тағайындау уақыты 30 күнге дейін ұзартылуы мүмкін
Жәрдемақы мөлшері – 45736 теңге
Ескерту, бұл жәрдемақы, I топтағы мүгедектігі бар кәмелет жасына толған, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күтушілеріне тағайындалады.