Бүгін Отырар ауданы әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Жансұлтан Сейтжанов жас кәсіпкер Азамат Әсілхановты қабылдап, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жоспарларымен танысты. Әңгімелесу барысында аймақтағы инвестициялық жобалардың іске асу барысы мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Жас кәсіпкер ауданда «Bala Time» балалар ойын-сауық орталығын ашып, қосымша азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Кешенде балалар ойын алаңшасынан бөлек, ата-аналарға арналған күту орны мен келушілерге жағдай қарастырылған. Жылдың 4 мезгілінде балаларға қолайлы қызмет көрсететін кешен аудандағы жалғыз бірегей орталық болып табылады.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Әділжанұлы ауданда жаңа кәсіпкерлік нысандарының ашылуы кәсіпкерлердің бәсекелестігін арттырып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететінін, кәсіп ашамын деген іскер азаматтардың осындай бастамаларын әрдайым қолдауға дайын екенін атап өтті