Меню

Страницы

Статья

БАБАДАН ЖЕТКЕН ӘДЕП

 

Халқымыздың өнегелі өмірі мен ілкімді істері, тұтастай шежіресі мен тарихи деректері ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Қилы замандарда тарихтың сын-қатеріне төтеп беріп, атажұртын, Ұлы даласын сақтап, кейінгі ұрпағына аманаттаған бабаларымыздың мұралары бізді рухани кемелденуге шақырады. Күнделікті тіршілікте ұстанып, қадірлеп, қастер тұтар халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, жоралғылары түп қалпында сақталып, өсиеттері мен ой ұшқындары жас ұрпақтың бойына рухани азық береді.

Президент Жарлығымен мем­ле­кеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бекітіліп, адал ниеттілік, адал­дық, әділдік, ашықтық, сыпайы­лық, тұты­ну­шыға бағдарлану сынды мем­ле­кеттік қызметтің әдептік қағи­дат­тары ай­қын­далды.

Байыптап қарасақ, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі мен бабалар өсиеті арасында өзара үн­дестік көп. Ұлылар өсиеті мен әдеп нормалары – өткеннен өнеге алып, ұлағатты жолдан айнымай, өрке­ниет көшіне қадам басуға үндеп, мем­ле­кет­тік қызметшілерді әлеу­меттің әлеуетін арттыруға жұмылдырады.

Мемлекеттік қызметшілердің те­­­­мір­­қазығы саналатын Әдеп ко­дексі­нің қағидаларын халқымыздың өсие­тімен сабақтастырып көрелік. Кодексте адал ниеттілік деп қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет етуді айқындайды. Соны­мен қатар өз міндеттеріне шы­найы көз­­қараспен қарап, жеке және заң­ды тұл­ға­лардың, қоғамдық топтар мен ұйым­дардың ықпалына қа­рамастан, заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік се­бе­бінен адамдарды кемсітуге жол бермеу кодекстің негізгі қағидалары саналады.

Адал ниеттілік, әділдік пен адал­дық­ты тарихи тұлғаларымыздың афо­ризм­­дерімен танысқанда көптеп кез­дес­тіреміз. Атап айтсақ, Шығыс Түркі қағандығының негізін қалау­шылардың бірі Тоныкөк: «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды ағыздым, қара терімді төктім, Түркі халқы үшін!» десе, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, қазаққа қыз­мет қылмай қоймаймын» деп, ұлтқа адал ниетпен, адалдық әрі әділ­дікпен қызмет етуге үндеген.

Жыраулар поэзиясының өкілі Асан қайғы Сәбитұлының «Әділдіктің белгісі», Досбол бидің «Жақсы деген немене?!» толғаулары адалдық пен әділдік турасындағы көп жұмбақтың шешуін шешсе, Әбу Насыр әл-Фараби бақыттың кілтін парасаттылықтан іздейді. Абай мен Мағжан адам болуға баулыса, Әлихан мен Бауыржан отансүйгіштікке және туған жерге аянбай еңбек етуге шақырады.

Мәселен, Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса,  халық мақсаты орындалады» деп, аза­­маттың алдына жа­уапты міндет қойған. Ал Әбу Насыр әл-Фараби «Әре­кетіміз дұрыс болуы үшін соған баратын жолымыздың қандайлығы маңызды» деп, өсиет қалдырған.

Тұрғындардың мұң-мұқтажын тың­дай білу жұртшылықтың мемлекет­тік органға деген көзқарасын қалып­тас­тырады. Ашық­тық пен шынайылық, турашылдық пен батырлықты ту еткен Бауыржан Момышұлы: «Халықтың мұң-мұқтажына құ­лақ аспаған адам – азамат емес. Ол – ха­лықтың бірінші жауы» деп, баға­ла­ған.

Даналыққа қатысты өткен мен бүгін­нің сабақтастығын саралай келе, өзі­мізге қажетті құндылықтарды әлеу­мет­­тік желілердегі жеңіл ойынға, әзіл­ге жығып бермей, ата-бабамыз­дың өсиетін рухани жан дү­ние­міз­ді байы­туымыз, жұмсауымыз керек. Сонда ғана Абай айтқан «толық адам» болып қа­лып­тасамыз.

 

Біржан ӘШІР,

Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі.

 

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаланың сілтемесі - https://egemen.kz/article/358307-babadan-dgetken-adep

 

Дата публикации
16 февраля 2024
Дата обновления
16 февраля 2024
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Ақпарат
24 октября 2026
МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТТАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР ЖӘНЕ ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР ТІЗБЕСІ
Ақпарат
15 октября 2026
«Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы аясында қазақстандықтарға 76,11 млн АҚШ доллары аударылды
Ақпарат
15 октября 2026
01.09.2026ж. жағдай бойынша отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының көлемі 28,47 трлн теңгеден асты

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы