GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
23 октября 2026
ЕЛДІК РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕ

⚜️Республика күніне орай өткен салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталып, ұлттық өнер мен рухани құндылықтар дәріптелді.
⚜️Ордабасы ауданында 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ұлттық мереке аясында бас қосқан жұртшылық елдіктің қадірін ұлықтап, туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетті.
⚜️Мерекелік жиын Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды. Тәуелсіздікті тұғырлы ету, бірлікті бекемдеу және ел игілігі жолындағы еңбекті бағалау – ортақ міндет екенін атап өтті.
⚜️Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятының өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Елдің дамуы күнделікті адал еңбекпен өлшенеді. Сондықтан туған жерге қызмет етіп жүрген жандарға көрсетілген құрмет мерекенің маңызын арттыра түсті.
⚜️Мерекелік алаңда суретшілер мен оқушылардың шығармашылық туындылары қойылып, кітапхана ұйымы әзірлеген көрме көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік концертте аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары, Амангелді атындағы жалпы орта мектептің оқушыларының әуезді әндері, «Шаттық» би ансамблінің мың бұралған билері, аудандық «Өнер» мектебінің халық аспаптар ансамблі мен филармония әншілері өнер көрсетті. Патриоттық әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер мен әсем билер көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
⚜️Кештің ерекше сәттерінің бірі – композитор Жарылқасын Дәулеттің орындауындағы «Ордабасым» әні болды. Құрманәлі Жылқыбайдың сөзіне жазылған туынды туған жерге деген сүйіспеншілікті әуенмен өріп, ордабасылықтардың жүрегіне жол тартты.
⚜️Республика күні – мемлекеттілігімізді айқындап, тәуелсіздігіміздің мәнін терең сезіндіретін маңызды мереке.
⚜️Ордабасыдағы мерекелік жиын елдік мұратты ұлықтап, еңбек адамдарына құрмет көрсеткен, ұлттық өнер мен руханиятты тоғыстырған тағылымды шара болды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

21 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЛЮМИНИЙ КОМПОЗИТТІК ПАНЕЛЬДЕР ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Ақбұлақ елді мекенінде құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған алюминий композиттік панельдер өндіретін зауыты ашылды. Заманауи технологияларға негізделген кәсіпорын отандық құрылыс материалдарының өндірісін дамытуға және ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады.
– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігімізді нығайта түсетін айрықша мереке. Осы ұлы мереке қарсаңында алюминий композиттік панельдер өндіретін заманауи зауыттың ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бүгін іске қосылып отырған жаңа кәсіпорын – осы тапсырманы жүзеге асырудың нақты нәтижесі. Жаңа өндіріс орны құрылыс саласына қажетті алюминий композиттік панельдерін отандық өндірісте шығарып, жылына 3 млн шаршы метр өнім шығарылатын болады. Бұл еліміздің құрылыс индустриясын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге бағытталған маңызды бастама. Алдағы уақытта кәсіпорынның өнімін Орталық Азия елдері мен Ресей нарығына экспорттау жоспарлануда. Осы сәтті пайдаланып, маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан «Nur Group» компаниясының басшылығы мен ұжымына және барша атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Бүгін іске қосылған зауыттың жұмысына табыс, тұрақты өндіріс, мол өнім және отандық өндірістің дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Салтанатты рәсім барысында ауыл ақсақалдары лента қиып, жаңа кәсіпорынның жұмысына ақ батасын берді.
Одан кейін облыс әкімі зауыттың өндірістік нысандарын аралап, технологиялық жабдықтардың жұмысымен танысты. Кәсіпорынның қызметі мен өндіріс барысын «Nur group» ЖШС директоры Абдулла Мухитдин таныстырды.
Жобаның инвестициялық құны – 2,9 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 3 млн шаршы метр алюминий композиттік панель өндіруге қауқарлы. Зауытта 50 адам жұмыспен қамтылады.
Жобаны жүзеге асыру үшін Ордабасы ауданының Ақбұлақ елді мекенінен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 3,9 гектар жер телімі берілді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған.
Алюминий композиттік панельдер құрылыс нысандарының қасбеттерін қаптауда және ғимараттардың сыртқы келбетін әрлеуде кеңінен қолданылады. Сондықтан жаңа кәсіпорынның іске қосылуы құрылыс материалдарын өндіру саласының дамуына серпін беріп, отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірге инвестиция тартуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

21 октября 2026
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 9 МЛРД ТЕҢГЕЛІК МАЛ СҮЙЕГІН ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыт іске қосылды. Ірі қара мал сүйегін кәдеге жаратып, одан қосылған құны жоғары өнім өндіретін жаңа кәсіпорынды іске қосуға «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС 9 млрд теңге қаржы бағыттаған.
Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі. Облыс басшысы өндіріс орындарының ашылуы өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында ірі қара мал сүйегінен май және пептон компоненттерін өңдейтін «Huating Biotechnology» зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуды тапсырған болатын. Заманауи технологияларды енгізе отырып, шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Түркістан облысы – мал шаруашылығы жақсы дамыған өңір болғанымен, біз оның әлеуетін толық пайдаланбай келеміз. Біздің міндетіміз – мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, оларды терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құндылық қалыптастыру. Бүгінгі бастама алдағы уақытта толыққанды өндіріс орнына айналып, осы жоба аясында тері өңдеу және желатин өндіру жоспарлануда. Бұл жоба өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосады деп сенемін. Осы сәтті пайдаланып, маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан арнайы Чжао Сюйдун мырзаға және «Huating Biotechnology» компаниясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін. Басталған іс сәтті жүзеге асып, кәсіпорын ұжымына табыс пен береке әкелсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«Tangshan Huating Porcelain Co., LTD» компаниясының бас директоры Чжао Сюйдун облыс әкімдігіне жобаны жүзеге асыруға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, өңірдегі өндірістік әлеуетті дамытуға бағытталған жоспарларымен бөлісті.
Кәсіпорынға Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 10 гектар жер учаскесі берілді. Жобаның бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Компания алғашқы кезеңде пептон компоненттерін өндіруді жоспарласа, алдағы уақытта желатин компоненттерін өндірмек.
Қазіргі таңда кәсіпорында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы – жылына 5 мың тонна өнім. Өндіріс орнының іске қосылуы нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Айта кетейік, пептон – биотехнология, микробиология және фармацевтика салаларында қолданылатын маңызды компонент. Оны өндіру ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға және өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістік бағытты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында лента қию рәсімі өтіп, қатысушылар кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралады. Зауыттың жұмыс барысымен компания басшысы таныстырып, өндірістің ерекшеліктері туралы мәлімет берді.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, ауыл шаруашылығы шикізатын ұтымды пайдалануға және инвестициялық ахуалды нығайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

19 октября 2026
ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫҢ ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ


19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Кездесуде аудан әкімі құтқарушы мамандығының қоғам үшін маңызына тоқталып, адам өмірін сақтап қалу жолындағы қызмет батылдықты, кәсіби біліктілікті және жоғары жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.
– Құтқарушы болу – жүректілік пен табандылықты, кәсіби шеберлік пен үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Қауіп-қатерге қарамастан, қиын сәтте көмекке келіп, адам өмірін арашалау – нағыз ерліктің белгісі. Сіздер төтенше жағдай кезінде бірінші болып көмекке ұмтылып, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. Еңбектеріңізге табыс, қызметтеріңізге сәттілік, өздеріңізге амандық тілеймін, – деді Азат Оралбаев.
Өз кезегінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жомарт Қоспанов мереке күні арнайы келіп, қызметкерлерге құрмет көрсеткені үшін аудан әкіміне алғысын білдірді. Сондай-ақ құтқарушылардың жауапты қызметіне тоқталып, әрбір кезекшіліктен аман оралудың олар үшін де, жақындары үшін де маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында аудан басшысы бірқатар қызметкерді Алғыс хаттармен марапаттап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Өзгенің өміріне араша түсіп, ел басына күн туған сәтте көмекке ұмтылатын құтқарушылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Құтқарушыларға қызметте сәттілік, отбасыларына амандық, елімізге тыныштық тілейміз!
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

15 октября 2026
ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ!

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өткен Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, күміс жүлдеге қол жеткізген жерлестеріміз – дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев пен ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлын арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Халықаралық додада жоғары шеберлік пен қайсарлық танытқан қос саңлағымыз Қазақстан қоржынына екі күміс медаль салып, туған жердің абыройын асқақтатты. Бұл жетістік – ел спортының мерейін өсірген айтулы жеңіс әрі барша Ордабасы жұртшылығы үшін зор мақтаныш.
Кездесу барысында аудан басшысы спортшыларды жарқын жетістіктерімен құттықтап, олардың қажырлы еңбегі мен табандылығы өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы халықаралық жарыстарда биік белестерді бағындырып, ел мерейін асқақтата берулеріне тілектестік білдірді.
Салтанатты қабылдауда қос спортшыға арнайы естелік сыйлықтар табысталып, ерекше құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, ел игілігі жолындағы игі бастамаларға қолдау білдіріп жүрген халық жанашыры Әбілда Аманбекұлы мен Қол күрестен төрт дүркін әлем чемпионы Қыдырғали Дүйсенбекұлы Оңғарбаевтың қолдауымен демеушілер есебінен спортшыларға қаржылай сыйақылар берілді.
Бұл – ел намысын қорғап, халықаралық аренада жоғары жетістікке жеткен азаматтарға көрсетілген шынайы құрмет пен туған жерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі.
Өз кезегінде спортшылар көрсетілген құрмет пен қолдау үшін аудан басшылығына, демеушілерге және барша жерлестеріне алғыстарын білдірді.
Ел абыройын асқақтатып, туған жердің мерейін үстем еткен қос саңлағымызға алдағы жарыстарда толағай табыс пен жаңа жеңістер тілейміз!
🇰🇿 ОРДАБАСЫ – ЧЕМПИОНДАР МЕКЕНІ!
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

14 октября 2026
ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП, ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРІСІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі – құс шаруашылығы дамып келеді. Соның ішінде Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылдық округіндегі «Абеке» шаруа қожалығы жұмыртқа өндіру ісін жолға қойып, өңірдің азық-түлік нарығын отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосуда.
2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың негізгі бағыты – тауық жұмыртқасын өндіру. Қожалық төрайымы Күлән Каленқызы Бектұрғанованың жетекшілігімен бүгінде мұнда 70 мың бас тауық өсіріліп, тәулігіне 45 мың дана жұмыртқа өндіріледі.
Шаруашылық өнімі «Шұбар құс» сауда маркасымен тұтынушыларға ұсынылады. Өндірілген жұмыртқалар Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы базарлар мен сауда нүктелеріне жеткізіліп, тұрғындардың күнделікті сұранысын өтеуге бағытталған.
Кәсіптің тағы бір маңызды нәтижесі – ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту. Қазіргі таңда шаруа қожалығында 15 адам тұрақты еңбек етеді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ҚР Президентінің Жарлығы
13 октября 2026
Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы

Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы

2026 жылғы 12 қазан

Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылсын.

2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауды тағайындау, оны дайындау мен өткізуді ұйымдастыру жөніндегі шараларды  қабылдасын.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана қаласының, облыстардың, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдасын.

4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

                Президенті                                                             Қ.Тоқаев

09 октября 2026
«ӘН – КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ» МӘДЕНИ КЕШІ ӨТТІ

Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы орталық алаңда Қараспан және Бөржар ауылдық округтері өнерпаздарының қатысуымен «Ән – көңілдің ажары» атты мәдени кеш өтті.
Ұлттық өнерді дәріптеп, ауыл өнерпаздарының шығармашылығын насихаттауға және аға буынға құрмет көрсетуге бағытталған шара мазмұнды мәдени бағдарламаға ұласты.
Мәдени кеш аясында екі ауылдық округтің қариялары Қажымұқан музейін аралап, тарихи жәдігерлермен танысты. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Ілияс Тұрниязбен дастархан басында жүздесіп, ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді талқылады.
Басқосуға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, ел ағалары мен ауыл ақсақалдары қатысты. Кездесу барысында қариялар елді мекендерді дамыту, тазалық пен абаттандыру және қоғамдық ортаға қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Кештің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Ілияс Тұрнияз жиналған қауымды мәдени шарамен құттықтап, ұлттық өнердің ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңызына тоқталды.
Кеш барысында Қараспан мен Бөржар ауылдық округтерінің өнерпаздары әсем ән шырқап, мың бұралған биімен көрерменнің ықыласына бөленді. Сахнаға шыққан ақ жаулықты аналар да әннен шашу шашып, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
«Ән – көңілдің ажары» мәдени кеші өнер арқылы ауылдар арасындағы ынтымақты нығайтып, аға буынға құрмет көрсету мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

09 октября 2026
ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

🔹Ордабасы ауданында мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының ұйымдастырылу барысы, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды. Жиынды аудан әкімінің аппарат басшысы Жуманалы Кадиев жүргізді.
🔹Жиынға аудан әкімінің кеңесшісі Әсел Баймаханова, ауылдық округтердің жауапты мамандары мен тиісті сала өкілдері қатысты.
🔹Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Бақдәулет Ташпулатов баяндама жасап, шақыру науқанының қазіргі жағдайы мен алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
🔹Талқылау барысында ауылдық округтер бойынша әскерге шақырылуға жататын азаматтардың саны, оларды медициналық тексеруден өткізу барысы және шақыру жұмыстарын үйлестіру мәселелері қаралды. Сондай-ақ жауапты мекемелер арасындағы байланысты күшейтіп, әрбір азамат бойынша мәліметтердің нақтылығын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
🔹Жиын қорытындысында жауапты мамандарға шақыру науқанын белгіленген талаптарға сай ұйымдастыру, медициналық тексеру жұмыстарын үйлестіру және жүктелген міндеттердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

06 октября 2026
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

⚜️ Ордабасы ауданында Ұстаздар күніне орай білім саласының қызметкерлері мен ардагер ұстаздарға арналған «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты салтанатты іс-шара өтті.
⚜️ Аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік кешке аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, аудан прокуроры Жасұлан, кәсіподақ төрағасы Бақыт Сейітжаппарұлы, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар, сондай-ақ білім беру саласының үздік қызметкерлері қатысты.
⚜️ Мерекелік шараның шымылдығы ұстаздарға арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Онда өңірдің білікті басшылары мен елге танымал тұлғалардың ұстаздар қауымына жолдаған ақжарма тілектері көрсетілді.
⚜️ Кеш барысында «Ұстаздар бейнесі» көрмесі ұйымдастырылып, өнер мектебінің домбырашылары күй орындады. Ұстаздардан құралған хор ұжымы да мерекелік ән шырқап, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
⚜️Салтанатты жиында аудан әкімі Азат Оралбаев білім саласының барша қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы айрықша орнына тоқталды.
— Ұстаз – ұлттың болашағын тәрбиелейтін ұлы мамандық иесі. Сіздер шәкіртке білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік пен еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді сіңіресіздер. Әр баланың жүрегіне жол тауып, оның болашағына бағыт-бағдар беру – үлкен жауапкершілік әрі зор еңбек. Сондықтан ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, ұрпаққа, елдің ертеңіне көрсетілген құрмет, — деді аудан әкімі.
Аудан басшысы білім саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың маңызына да тоқталды.
Бүгінде Ордабасы ауданында білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, мектептердің жағдайын жақсарту және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыстық бюджет есебінен үш жалпы орта мектеп пайдалануға беріліп, алты мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 450 млн теңге бөлінді.
Білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау, дабыл жүйелері орнатылып, тиісті қауіпсіздік жүйелері полицияның жедел басқару орталығымен интеграцияланды.
⚜️Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім мен тәрбие жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді. Өз кезегінде кәсіподақ төрағасы Бақыт Сейітжаппарұлы да ұстаздарға ізгі тілегін жеткізіп, бірқатар педагогтерді марапаттады.
⚜️Мерекелік шараның ең маңызды бөлігінің бірі – білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздарды марапаттау рәсімі болды. Бірқатар педагогтерге Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табысталды.
⚜️Ұстаздық жолды өмірінің мәніне айналдырған ардагерлер де назардан тыс қалмады. Ауданның Құрметті азаматы, білім саласының ардагері Замира Маханава ұстаздар қауымына ақжарма тілегін айтып, жас мамандарға өзінің жүрекжарды батасын берді.
— Ұстаздық – жүрекпен таңдалатын мамандық. Ұрпақ тәрбиесіне ғұмырыңызды арнаған әрбір ұстаздың еңбегі елдің ертеңіне қосылған үлес деп білемін. Баршаңызға шәкірттеріңіздің жетістігін көріп, еңбектеріңіздің жемісін көруге жазсын, — деді ардагер ұстаз.
⚜️ Туған жерден түлеген өнерпаздар ұстаздарға ізгі тілектерін арнап, әннен шашу шашты.
Сондай-ақ «Шаншар» театрының өнерпаздары ұстаздар қауымына арнап әзіл мен әуенді астастырған өнер көрсетіп, көрерменнің көңілін көтерді. Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы арнайы қойылым ұсынып, мерекелік кештің мазмұнын байыта түсті.
⚜️Мерекелік шара соңында ұстаздарға зор денсаулық, отбасыларына амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби табыс тілектері айтылып, кеш көтеріңкі көңіл күймен қорытындыланды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызме

Социальные сети
Ордабасы Ауданы
Ордабасы аудандық әкімдігі
Түркістан. Ордабасы ауданы
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы